Сонымен қатар, энергетикалық компанияларды кең ауқымды геологиялық барлаумен айналысуға бағыттау мақсатында ынталандырушы қаржылық режімді қамтамасыз етті. Мысалы, Каспий жобалары үшін салық саясатындағы жеңілдіктер экспорттық баждардың нөлге теңестірілуі мен мұнай өндірісінің алғашқы жеті жылы үшін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың төмендетілуін қамтыды. Нәтижесінде Ресейдің «Газпром», «Роснефть» сияқты жетекші мұнай-газ компаниялары да Каспий теңізінің ресурстары үшін жалғасып жатқан жарысқа қосылды.
Алайда, климаттық жағдайларға, теңіз жағалауынан тысқары қондырғыларды салу және жұмыс істету үшін білікті мамандардың, арнайы жабдықтардың тапшылығы тәрізді мәселелер кеніштерді игеру ісінде көптеген қиындық тудырды. Соған қарамастан, «Лукойл» Каспий қайраңындағы көмірсутектерді игеру жобаларын жүзеге асыруда көшбасшылық орнын сақтап отыр.
Каспий теңізінің ресейлік секторында жүргізілген мұнай барлау жұмыстарындағы алғашқы нәтижеге «Лукойл» компаниясы 2000 жылы қол жеткізді. Жаңадан ашылған Ю.Корчагин атындағы мұнай кенішінің қатары 2001 жылы Ракушечное және 170-ші шақырым, 2002 жылы Хвалынское және Сарматское (2012 жылы Кувыкин болып өзгертілді), 2005 жылы В.Филановский, 2008 жылы Морское және Центральное кеніштерімен толықты. Осы кеніштер мен тағы 16 перспективалы ресурстардың жиынтығы 4,7 млрд баррель мұнайдан асады деп болжануда.
«Лукойл» компаниясы бұрғылау және мұнай өндірісі үшін LSP-1 мұзға төзімді стационарлық платформа, LSP-2 тұрғын үй платформасы және мұнай өндірудің, сақтау мен тиеудің жүзбелі жүйесі мен танкерлерді арқандаудың мұнара жүйесінен тұратын теңіз-көлік кешенінен мұнай жөнелту үшін 58 шақырымдық су асты құбырын жасап, 2009 жылы 1,4 млрд долларлық Юрий Корчагин атындағы кеніш жобасын аяқтады. Ю.Корчагин кенішіндегі барлау жұмыстарының бірінші кезеңінде 6-12 мың тонналық танкерлерді пайдаланып, мұнайды Махачкала портының құрлықтағы нысандарына жөнелту және «Транснефть» құбыр жүйесі арқылы айдау шешімі қабылданды. Астраханьнан 180 шақырым қашықтықта және 11-13 метр тереңдікте орналасқан Корчагин мұнай кенішінің мұнай қоры 120 млн баррельге тең деп бағаланады. 2016 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша, кен орнында 26 мұнай өндіру ұңғымасының 23-і пайдалануға берілді.
Кеніштегі алғашқы өнеркәсіптік мұнай 2010 жылдың сәуір айында өндірілді және мұнай тиелген бірінші танкер 2016 жылдың қазан айында Махачкала портына жетті. Ұзындығы 5 шақырымнан асатын көлденең ұңғымаларды бұрғылау үшін бірегей (Ресей үшін) инженерлік және технологиялық шешім іске асырылғаннан кейін кеніште мұнай өндірісі 2012 жылғы 0,793 млн тоннадан 2013 жылы 1,372 млн тоннаға дейін, ал 2014 және 2015 жылдары сәйкесінше 1,460 млн және 1,662 млн тоннаға дейін арттырылды. 2016 жылдың желтоқсан айының соңында «Лукойл» 2010 жылы Корчагин кеніші пайдалануға берілгеннен бері өндірілген мұнайдың көлемі 7 млн тоннаға жетті деп хабарлады. Бұл кеніштегі мұнай және газ конденсаты өндірісінің көлемі жылына 2,5 млн тонна мұнай, 1,2 млрд текше метр газға жетеді деп күтілуде.
Қазіргі уақытта компания кенішті игерудің 2-ші кезеңін бастау жұмыстарымен айналысуда. Бұл кезең өндірілген мұнайды жаңа платформадан LSP-1-ге жөнелту, ал өндірілген газды LSP-1-ден жаңа платформаға тасымалдау үшін жеті өндіру ұңғымасы мен 9 шақырымдық екі құбырдан тұратын өткізгіш платформаның құрылысын қамтиды. 2-ші кезеңнің жалпы құны 118 млн долларды құрап, өткізгіш платформа 2018 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
2016 жылы қазанда В.Филановский атындағы мұнай кен орнында коммерциялық мұнай өндірісінің іске қосылуы «Лукойлға» Каспий мұнайын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалдауға жол ашты. Шын мәнінде «Лукойл» В.Филановский және Ю.Корчагин кеніштерін байланыстыратын 40 шақырымдық су асты мұнай және газ құбырымен қатар, Филановский кенішін Қалмақияда орналасқан құрлықтағы сақтау терминалымен байланыстыратын 330 шақырымдық су асты құбырлары мен 350 шақырым құрлықтық құбырлар желісін қалыптастырды. Нәтижесінде, Филановский және Корчагин теңіз кен орындарынан Каспий құбыр консорциумына мұнай жеткізілімі 2016 жылы 1 қазанда басталды. 2017 жылы ақпандағы жағдай бойынша, КҚК Солтүстік Каспийде өндірілген 1 млн тонна мұнайды Қалмақиядағы Комсомольск сорғы стансасында қабылдады. 2017 жылы осы кен орындарынан мұнай жеткізілімінің жалпы көлемі 5,5 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр.
Түптеп келгенде, 2,37 млрд долларға бағаланған В.Филановский мұнай кеніші Ресейде соңғы 20-25 жылда табылған ең ірі мұнай кені саналады. Оның мұнай қоры 290 млн баррель шамасында бағаланып отыр. Кен орнын игерудің бірінші сатысында «Лукойл» ISP-1 мұзға төзімді стационарлық платформаны, LQP-1 тұрғын үй алаңын, орталық өңдеу платформасын (CTP) және көтеруші блокты салды. Кен орнын игерудің екінші кезеңінде ISP-2 және LQP-2 салынады деп жоспарлануда. 2017 жылы наурыз айында «Лукойл» Филановский кеніштегі төртінші ұңғыманы бұрғылауды аяқтады. Қазіргі таңда кен орнындағы жалпы мұнай өндірісі тәулігіне шамамен 9 000 тоннаны құрайды. Сондай-ақ, өткен қаңтар айындағы жағдай бойынша бұл кеніште алғашқы 1 млн тонна мұнай өндірілді. «Лукойл» мұнда жыл аяғына дейін 4,4 млн тонна мұнай өндіреді, ал 2019 жылға қарай оның көлемін жылына 6 млн тоннаға жеткізеді деп күтілуде.
Осы көрсеткіштерді бағамдай келе, Ресейдің Солтүстік Каспий теңізінің жағалауынан тысқары кеніштерді игеру ісінде ілгері басып бара жатқанын анық көруге болады. Бұл ретте, тағы да сол «Лукойл» 2015 жылы 2016-2018 жылдарға арналған Солтүстік Каспий кеніштері үшін интеграцияланған кен орны инфрақұрылымын дамыту жоспарын бекітті. Бұл жоспарға сәйкес, қосымша 25 платформа, 1000 шақырымдық су асты құбырлар желісі және 550 шақырымнан асатын құрлықтағы құбырлар желісін салу жоспарланып отыр. Осы орайда жасалған инвестициялардың жалпы көлемі 5,5 млрд доллардан асатын болады. Сонымен қатар, компания 2022 және 2026 жылдары Каспий теңізінде тағы екі мұнай және газ кеніші, атап айтқанда, Ракушечное және Сарматское/Кувыкин кен орындары пайдалануға берілетінін жариялады. Компанияның Солтүстік Каспий суларына арналған ұзақ мерзімді бағдарламасы аймақта көмірсутек өндірісі деңгейін жылына 20 млн тоннаға дейін арттыруды көздеуде. Осы ретте, Корчагин кенішінің айналасында 1,9 млрд баррель мұнай бар екені болжанып отырғанын айту ләзім. Демек, Ресей болашақта Солтүстік Каспийдегі мұнай-газ өндірісін елеулі дәрежеде арттыруы мүмкін.
Лидия Пархомчик,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері
Алматы