Саясат • 24 Наурыз, 2017

«Қазақстан – АҚШ-тың өңірдегі сенімді серіктесі» - Кролл

243 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж КРОЛЛМЕН әңгіме

«Қазақстан – АҚШ-тың өңірдегі сенімді серіктесі» - Кролл

– Елші мырза, Тәуел­сіз Қазақстан­да ең бірінші елшілігін ашқан ел – АҚШ. Екі ел арасындағы дипло­ма­тиялық қатынастардың орнағанына 25 жылдан асты. Осы жылдар ішіндегі саяси-экономикалық қарым-қаты­настардың даму деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Өзіңіз айтып өткендей, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп уақыт өтпей Америка Құрама Штаттары дип­ломатиялық қарым-қатынас орна­тып, Алматыда елшілігін ашқан алғашқы елдердің бірі болды. Сол кезден бері Құрама Штаттар Қазақстанның стра­те­гиялық серіктесі және адал достары қатарында. Осы уақыт ішінде Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Рес­публикасы экономиканың түрлі ба­ғыт­тары бойынша байланыс орнатып, сауда-саттық көлемін арттыру және халықаралық қоғамдастықпен қоян-қолтықтаса отырып, жаһандық және ай­мақ­тық ең өзекті мәселелерді шешу­­де бірлесіп жұмыс жасап келе­ді. Ал бірлескен іс-қимылдар қата­рын­­­да ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, жаппай қырып-жою қарулары таралуы­ның алдын алу, жасыл техно­ло­гиялар­ды дамыту мен адамның ғылым мен технологиядағы білімін көтеру секілді басымдықтар бар.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы мен Сирия жөніндегі жина­лыстарды ұйымдастыруы Астананың халық­аралық аренада өсіп келе жатқан көшбасшылық рөлі мен беделін айғақ­тайды. Сондай-ақ, АҚШ-тың дип­лома­тиялық миссиясы Қазақстан тара­пымен бірлесіп, білім беру бағдар­л­а­малары мен мәдени көрмелер ұйым­дас­тыруды жүзеге асырып келеді. Ондай бағдарламалық іс-шаралар АҚШ өнерпаздары мен Қазақстанды таныстыратын спикерлердің қатысуы­мен өтіп жүр. Білім алмасу бағдар­лама­лары арқылы Қазақстанның көптеген мамандары мен студенттері АҚШ-та оқып, кәсіби біліктіліктерін шыңдау мүмкіндіктеріне ие болуда.

– Екі елдің байланыстарында қай саланың табыстары мол, керісінше, қай бағыттар кенже қалып тұр деп ойлайсыз? Сіз өз жұмысыңызда қай бағыттарға басымдық бергенді жөн санайсыз?

– Бастапқыда біздің елдеріміздің ынтымақтастығы ядролық қаруды таратпау және энергия салалары­нан басталған еді, ал қазір ынтымақтас­тығымыз жоғары технология, білім беру, қауіпсіздік және құқық қорғау салаларын да қамтиды.

Осы кездері біз қазақстандық серік­тес­терімізбен бірге ЖИТС/АИТВ-пен күрес, кәсіпкерлікті қолдау және аймақ­тық сауданың көлемін ұлғайтуды қоса алғанда, біраз елең еткізер жобалар бойынша жұмыстарда қарым-қатынас жасаймыз. Ауыл шаруашылығы сала­сындағы байланыстарымыздың ны­ға­юы­ның арқасында қазір біз Қа­зақ­станға бидайдың өнімділігін арт­тыруға орай кеңес беріп отырамыз. Қазақ­стан көптеген бағытта бәсеке­лік артықшылықтарға ие бола алады, оның ішінде: тамақ өнер­кәсібі, мұнай химиясы, металлургия және ауыл­шаруашылық саласы.

Америкалық инвестициялардың ша­мамен 70%-ы мұнай барлау мен өн­діру сияқты кен игеру өнеркәсі­біне, соным­ен қатар, коммерциялық қыз­мет­тер, қонақ үй және темір жол мате­риалдарын жасау салаларына тартылып отыр.

– Президент Дональд Трамптың билік басына келуімен АҚШ-тың Орталық Азияға және Қазақстанға қатысты ұстанымында өзгерістер болуы мүмкін бе?

– Мен біздің Президентіміздің Орта­лық Азияға, оның ішінде, әсіресе, Қазақ­станға келуі айтарлықтай маңы­зы бар оқиға болар еді деп ойлаймын. АҚШ Президентінің сапары Қазақ­стан­ның және осы аймақтың Құрама Штаттар үшін маңыздылығын біл­діріп қана қоймай, соңғы 25 жылдағы серіктестіктің мызғымастығының кепі­лі де болып табылар еді. Өзінің уақы­­ты мен сапарлар кестесінің ты­ғыз­­­дығына қара­мастан, АҚШ Пре­зи­денті өзі бас­шылық ететін мер­зімде Орталық Азия секілді маңызды ай­мақ­қа келу жолын қарастырады ғой деп үміттенемін.

– Сіз елші болғандық­тан, елі­міздің қоғамдық-саяси өмірін­дегі бар­лық іс-қимылдар мен жаңа­лық­тарды саралап отырасыз. Осы орайда, өзіңіз білесіз, Қазақстан Рес­публикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев конс­ти­туция­лық реформалардың жаңа легін ұсынып, ол ел халқы тара­пы­нан қолдау тапты. АҚШ-тағы саяси орта бұл реформаларды қалай қа­был­дап жатыр? Өзіңіздің де пікі­рі­ңізді айта кетсеңіз. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің биыл­­­ғы Жолдауында сіз назар аудар­­ған маңызды мәселелер болды ма?

– Америка Құрама Штаттары соңғы 200 жылда өзінің Конституциясына 27 рет өзгеріс енгізген болатын. Сондықтан америкалықтар жаңа сынақтар мен сын-тегеуріндер жағдайында Қазақстан Республикасының Конституциясы­на өзгерістер енгізу қажеттілігін, мұ­ның заман талабынан туындап отыр­ғанын түсінеді.  

Ал сұрағыңыздың екінші бөлігіне келсек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларын трансформацияға жеткізетін кешенді реформаларды атап айтты. Осы реформалар толықтай жүзеге ас­қан жағдайда олардың нәтижесі Қазақ­стан экономикасы өсуінің жедел­деуі­не, инфрақұрылымдардың жаң­ғы­руы­на, сауда-саттықтың артуына және жоспарланғанындай, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуы­на жол ашатыны анық. Сыбайлас жемқор­лықпен күрес реформаларды жүзеге асырудың негізгі тетігі болып табы­лады, себебі, қай елді алып қарасақ та сыбайлас жемқорлықтың дамуға кедергі келтіріп, қоғам мен ин­весторлардың сеніміне селкеу түсі­ретіні күмәнсіз.

– Сіздің қазақша үйреніп жүр­геніңізді білеміз және мұны халқы­мызға деген құрметіңіз деп баға­лай­мыз. Тіл білу – шынайы ақпарат алу­дың мүмкіндігі. Сіз Қазақстан­­ның ты­ныс-тіршілігі туралы ақпарат­ты қан­д­ай ресурстардан аласыз? Елшілік қазақ газеттерін жаздырып ала ма?

– Мен қазақ тілін үйренуге мүмкін­дігінше қолымнан келгеннің бәрін жасап жүрмін. Жалпы, елшілер өздері қызмет атқарып жүрген елінің тілімен, тарихымен және мәдениетімен таныс болуы тиіс деп ойлаймын. Осы себеп­ті мен Қазақстанға келген алғаш­қы күн­дерімде-ақ қазақтың дәстүрлі киіз үйін резиденциямның ауласына орнатуды жөн көрдім және өзім оны мақтан тұта­мын, себебі, іс-шаралар кезінде қонақ­тарды күтуге киіз үй өте жайлы әрі қолайлы және келушілерге де ұнайды.

Бұған қосарым, мен қазақ тағам­дарын да жақсы білемін, оның ішінде өзіме ерекше ұнайтыны – шұбат.

Қазақ тіліндегі басылымдар­дан мен 5-6 газетке жазылғанмын. Ара­сында, әрине, сіздердің «Егемен Қазақстан» да бар. Қазақ басылымдарын оқу, сөз жоқ, менің қазақша үйрен­сем деген ұм­тылысыма оң септігін тигізіп отыр­ғаны анық.

– Әңгімеңізге рахмет, елші мырза.

Әңгімелескен Арнұр Асқар, «Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар