Қайталанбас суреттерін кітап қылып шығарып беремін деген демеушілерден, уәдесі көп әкім-қаралардан көңілі қалды ма, соңғы уақытта байырғы қызылордалық фототілші өзінің сирек фотоларын әлеуметтік желілерде жариялаумен шектеліп жүр. Әрқайсысы бір қаралық кадрлардың ішінен көзге оттай басылатын сәттер жарқ етіп шыға келеді.
Сол жылдары өнер майталмандары деп айтуға келмейтін өндірдей жас Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтің қосақтасып отырған кезін фототілші қалай тарихқа айналдырды екен?!
– 1969 жылы Алматыға оқуға құжат тапсыруға бардым. Бір жағынан «Қазақ әдебиеті» мен «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттеріне фотоэтюдтарым бұрқырап күнде шығып жатқан кез. Сол жылдардағы «Социалистік Қазақстанның» фототілшісі Сиез Бәсібековке жолығып, оқуға түсуге келгенімді айтсам. Ол кісі: «Саған оқудың керегі де жоқ. Сен дайын тұрған фототілшісің. Елге қайт!» дегені.
Жоғарыдағыдай әңгімеден кейін оқуға тапсыруға көңіл соқпады. Содан ауылдасым – «Қоғалыкөлден» шыққан жерлес ағам Сұлтан Қожықовқа сәлем беріп кетейін деп «Қазақфильм» киностудиясына келдім. Сұлтан ағам сол жылы «Қыз Жібекті» түсіріп жүрген кезі екен.
Сұлтан ағамыздың жұмысы көп болып, ақыры ол кісіге жолыға алмадым. Сөйтіп, киностудияда жүрсем, бір бұрышта ажарлы қыз бен жігіт өте жарасып отыр. Дереу екі рет фотоға шыртылдатып түсіріп үлгердім. Бірінші кадрда Меруерт көзін жұмып қалыпты. Екінші кадрдағы осы сурет. Мен ол кезде екеуінің Жібек пен Төлегенді ойнайтынын да, Меруерт пен Құман екенін де білген жоқпын, – дейді фототілші.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсіргенБолат ОМАРӘЛИЕВ
АЛМАТЫ