Аймақтар • 24 Наурыз, 2017

Наурыздың ақшақары

560 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мейрам күні таңертең Ақтөбе аспанында бір шөкім бұлт жоқ, күн шәйдай ашық болатын. Әйтсе де ауада кәдімгідей салқындық пен ызғырық жел бар еді. Ауа райы өзгерейін десе қиын емес екен.

Наурыздың ақшақары

Түс ауа аспанды бұлт тұтастай торлады да бір кезде күтпеген жерден ұшқындап қар жауды. Сәлден соң ұсақ қар түйіршіктері іріленіп жапалақтап жауа бастады. Осы сәтте таңертеңгілік адамдарды дірдектетіп жіберген ызғырық жел де бәсеңдеп төңіректің бәрі жылынып сала бергендей көрінді.

Әлбетте мұның өзі наурыздың ақшақары еді. «Қардың басын қар алар» демеуші ме еді мұндайда дана халқымыз. Сондай-ақ Наурыз күні жауған қар – тазалық пен пәктіктің, жақсылық пен құт-берекенің хабаршысындай көрінетіні де бар. Сонымен бірге, наурыздың ақшақары әдемілік пен табиғаттың ерекше әрі келісті көрінісі де бола алады. Бұл жөнінде халық ауыз әдебиетінде небір таптырмас тамаша теңеулер мен эпитеттер де бар екені белгілі. Айталық, Қыз Жібек эпосының бір қайырмасы былай деп келмеуші ме еді: «Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақшақарындай. Ақ бетінің қызылы ақ тауықтың қанындай».

Наурыздың ақшақары жоғарыда айтыл­ғандай алдағы құт-берекенің басы болса игі.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ


Соңғы жаңалықтар