Бізде жыл қорытындысы әдетте Жаңа жыл қарсаңында жасалып, үздіктер марапатталып жатады. Өкінішке қарай, қазақтың Жаңа жылы саналатын Әз-Наурызда мұндай шаралар сирек ұйымдастырылады. Алайда, соңғы жылдары маңызды шараларды ұлық мереке қарсаңында өткізуді дәстүрге айналдырып келе жатқан аудандар да бар. Мәселен, Жарма ауданында биыл Наурыз мейрамын тойлау барысында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, қаржы, құқық қорғау органдары, мемлекеттік қызмет саласының үздіктері жыл қорытындысы бойынша «Жыл үздігі» төсбелгілеріне ие болып, құрметке бөленді. Аудан әкімі Нұрлан Сыдықов жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтап, марапаттарды табыс етті. Бұл күні орталық алаңда 15 киіз үй тігіліп, оның іші ЭКСПО-2017 көрмесіне орай қазақ халқының тұрмыс-салтын бейнелейтін жәдігерлермен безендірілді.
Мәдениет үйінің өнерпаздары жұртшылық назарына мерекелік қойылымдар мен театрландырылған көріністер ұсынды. Қазақ халқының ежелден жалғасып келе жатқан ойын-сауық түрі «Алтыбақан» басындағы жастардың ән-думаны мерекенің ажарын ашып, сәнін келтіре түсті. Алаңға жиналғандар арқан тарту, қол күресі және гір тасын көтеруден сайысып, мерекенің көрігін қыздырды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы