Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарының барысы қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, биылғы жылы ауылшаруашылық дақылдарының егістігі 21,3 миллион гектар алқапты құрамақ. Соның ішінде 18,6 миллион гектар жерге жазғы бидай егілмек.
Аталған жұмыстарды жүргізу үшін «ҚазАгро» холдингі 88,2 миллиард теңге қаржы бағыттайтын болады. Мұның 78 миллиард теңгесі – бюджет қаржысы.
Министрдің айтуынша, жасақталып отырған жаңа бағдарламаның негізінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы шағын және ұсақ шаруашылықтарға көмектесу мақсатында қаржы бағытталады. Ал мемлекеттік субсидияның көлемі 30,5 миллиард теңгені құрайды.
Көктемгі егіс науқанын жүргізу үшін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 106,2 мың тонна арзандатылған жанар-жағар-май жөнелтілген. Бұл – жоспарланған көлемнің 50 пайызы.
Техникалардың әзірлік деңгейі – 93 пайыз. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан басқа өңірлердің барлығы тиісті тұқым көлемімен қамтамасыз етілген. Ал аталған облыстарға мемлекеттік ресурстар есебінен 50 мың тонна тұқым беріледі. Сөйтіп, бұл мәселе де толық шешімін таппақ.
Аталған отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы көктемгі егіс кезінде аграрлық шаруашылықтарды несиелендірудің жаңа жүйесін ұсынды. Бұл жүйе бойынша «ҚазАгро» холдингі есебінен осы холдинг құрамындағы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ арқылы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар кепілдігімен 12 миллиард теңгенің бюджеттік қаражаты бағытталатын болады. Осы несиені өтеу үшін шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары күздік өнім есебінен өсірген астықтарын тапсыра алады немесе ақша күйінде де есеп айырыса алады. Таңдау шаруашылықтардың өздеріне беріледі.
Асылжан Мамытбековтің айтуы бойынша, тіпті құрғақшылық орнаған жағдайдың өзінде несие есебінде берілетін бұл қаржының қайтарымдылығына кепілдік бар. Өйткені, шаруашылықтар бұл қаржыны әр гектардан 3-4 центнерден өнім алғанның өзінде де қайтара алатын болады. Әрбір гектар жерге бөлінетін несиенің көлемі 6 мың теңгеден есептеледі.
Шаруашылықтар несиені күздік өнім есебінен астық тапсыру арқылы қайтарған жағдайда ол астықтың бағасы да күзде белгіленетін болады. Егер шаруашылықтардың барлығы алған несиелерін астық бойынша тапсырды дегеннің өзінде 400 мың тонна астық жиналуы қажет екен. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының биылғы жылы астық өсірушілерді қолдау мақсатында 1 миллион тоннаның астығын сатып алуды жоспарлап отырғандығын еске алаты? ??????, ???н болсақ, мемлекет үшін шаруашылықтарға берген несиені астық есебінде қайтарып алудың да ешбір зияны жоқ.
Аталған мәселені қорытындылай келе, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов азық-түлік бағасының көтерілмей қалыпты деңгейде ұсталуына ерекше мән берді. Премьер-Министрдің айтуы бойынша, алдағы уақытта мұнай бағасы қайта құлдырауы да ғажап емес. Оның экономиканың барлық салаларына, соның ішінде астық бағасына да әсер етуі мүмкін. Осыған орай Кәрім Мәсімов Экономикалық даму және сауда министрлігіне тәуекелді басқарудың дұрыс жүйесін жасақтап, қалыптастыруды тапсырды.
Отырыс барысында Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысындағы тасқын судың зардаптарын жою жұмыстарының барысымен танысты. Премьер-Министрге бұл жайында Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлімдеді. Олардың айтуынша, қазіргі күні тасыған өзендер арнасы қайта қалпына келе бастаған. Бірақ қауіп әлі толық сейілген жоқ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.