Театр • 27 Наурыз, 2017

Көмбе нанның дәмі көрерменімен қауышты

1500 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алм­атыдағы Мұхтар Әуезов атын­да­ғы Қазақ мемлекеттік ака­де­мия­лық драма театрдың қоры «Көмбе нан­ның дәмі» деп аталатын жаңа қойы­лыммен толықты. Қойылым Ха­диша Бөкееваға арналған биыл­ғы «Театр көктемі – 2017» фес­ти­валінің аясында көрерменге жол тартты. Жаңа туындының тұсау­ке­се­ріне жиналған жұрттың қарасы қа­лың болды.

Көмбе нанның дәмі көрерменімен қауышты

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Алма Кәкішеваның ре­жи­с­серл­і­гімен көрермендерімен қауышқан жаңа қойылым өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Драманың авторы – Мәдина Омарова. Аталған спектакль Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қалған халықтың басындағы ауыр халді суреттейді. Алапат майдан елдегі ер-азаматты түгел сыпырып алып кеткенде, барлық қиямет-қиыншылық ауылда қалған шал-кемпір, бала-шаға мен әйелдердің мойнына қыл шылбыр болып ілінді. Сол бір кез тағы бір сұмдығымен тарихта қалды. Ол – кеңес өкіметінің сая­сатына қайшы болып көрінген ұлттарды туған жерінен айырып, басқа мекенге депортациялау болатын. Қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт өкілдері қазақ ауылдарына келді. 

Қойылымға арқау болған негізгі та­қырып осы. Ел мен елдің, ұлт пен ұлт­тың бау­ырласу процесі, ұлтымыздың қо­нақ­жай­лылығы кең мазмұнда көрініс тап­қан. Туындыда қазақтың өзі қайғыдан қан жұтып, аш-жалаңаш отырса да, пана іздеп келген жұртты сыртқа теппей, ая­лы алақанын қалай ұсынғаны баяндалады. Соғыс жылдары халықтың басына түс­кен нәубет, күштінің әлсізге көрсеткен өк­темдігі, қарапайым ауыл адамдарының тір­шілігі, бүкпесіз де боямасыз қалпында берілген.

Спектакльдегі негізгі кейіпкерлерді Бау­ыржан Қаптағай, Омар Қиқымов, Данагүл Темірсұлтанова, Бақтияр Қожа, Гүлнәр Жақыпова, Ғайникамал Байқошқарова және тағы да басқа театрдың танымал әртістері сомдады. Театр сыншылары қойылымға жақсы деген баға берді «Төрт бірдей ұлынан айырылған Ағираның «Қаралы қағаз маған бала бола ма?» деген сөзі соғыс кезіндегі аналардың бейнесін көз алдыма әкелді. Қойылымдағы ауылбасының әйелі болып ойнаған Нұржан Бексұлтанованы ерекше атап кеткім келеді. Халықты жылата да, күлдіре де білді», дейді театрдың тұрақты көрермені Жасұлан Наурызалиев.

Өнер десе ішер асын жерге қоятын көрермен қауымды тәнті еткен жаңа қойылым халықтың ілтипатына бөлене береді деген сенімдеміз.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен қазақстан»

АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар