– Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті сынды ірі, беделді ұйым басшылығының құрамында бүгінде көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері бар... ҰОК командасы туралы айтып өтсеңіз, негізгі бағыттарға кімдер басшылық етіп отыр?
– Біздің командамызда белгілі саяси және қоғам қайраткерлері бар екені рас. Өзінің орынбасарларының қабылдауына алдын ала жазылатын жалғыз басшы мен шығармын. Ол кісілер, сонымен қатар, белгілі спорт функционерлері, нағыз спорт жанкүйерлері. Бірнеше мысал келтіріп өтейін.
Қазақстан футболының жетістіктері ҰОК жазғы спорт түрлері бойынша вице-президенті Әділбек Жақсыбековтің есімімен тығыз байланысты. Жақында ол еліміздің Жеңіл атлетика федерациясының басшылығына келді. Астанада жаңа жеңіл атлетика кешенін салу жоспары қазірдің өзінде белгілі болып отыр, ол кейін ел құрамасын даярлайтын негізгі жаттығу базасына айналады. Әділбек Рыскелдіұлы өзі де тамаша спортшы: бәрімізге үлгі болып, 42 шақырымдық марафон қашықтығын толығымен жүгіріп өтеді, велосипед тебеді.
Ұлттық Олимпиада комитетінің қысқы спорт түрлері бойынша вице-президенті Асқар Мамин де спортқа баяғыдан-ақ етене жақын. Ол елімізде шайбалы хоккейді дамытуға серпін берген «Барыс» хоккей клубының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Асқар Ұзақбайұлы өзі де уақыт тауып, хоккей ойнап тұрады.
ҰОК паралимпиялық спорт түрлерін дамыту жөніндегі вице-президенті Қайрат Боранбаев – елімізде жемісті жұмыстар жүргізіп отырған спорт басшыларының бірі. Ол құрамында балалар футбол академиясы мен заманауи спорттық базасы бар «Қайрат» футбол клубын жасақтады.
ҰОК халықаралық мәселелер жөніндегі вице-президенті Андрей Крюков халықаралық Олимпиада қауымдастығына 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы Алматы қаласында өткізу туралы ұсынысымен таныс. Алматының қысқы спорт түрлері бойынша болашағы зор қала ретінде халықаралық деңгейде мойындалуы осы адамның басқарушылық дарынымен байланысты. Бұған қоса, Су спорты түрлері ұлттық федерациясының бас хатшысы ретінде осы саланы дамытуға көп еңбек сіңіріп келеді. Ол Қазақстан су спортын күтпеген жерден олимпиадалық деңгейге көтерген Дмитрий Баландиннің «өкіл әкесі» деуге болады.
ҰОК Бас хатшысы Данияр Абулгазиннің басқарушылық мол тәжірибесі бар. Ол Қазақстанның Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясын басқарады. Бокс, күрес, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика және қазақ күресі бойынша ұлттық федерацияларды біріктірген ұйымның құрылымы да, басқару әдісі де бірегей.
– Көптеген оқырмандарымыз Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы спортқа қалай келгенін білгісі келетіні анық?
– Спортпен мен ерте жасымнан айналыстым. Тенниспен, жүзумен шұғылдандым. 7-ші сыныпқа дейін жаттығудан қалған емеспін. Ал жетінші сыныптан бастап республикалық физика-математика мектебіне ауыстым да, не спортты, не оқуды таңдауға тура келді. Мен екіншісін таңдадым. Дегенмен, спортшы мен бапкердің қаншалықты тер төгетінін сол кезден-ақ білемін.
– Бүгінгі қазақ боксының дамуын сіздің атыңызбен байланыстырады. Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Менің спорттың бұл түріне деген құмарлығымды елімізге белгілі боксшы, кезінде Одақ көлеміндегі жарыстарда өнер көрсеткен әкем Асқар Алтынбекұлы оятты. Ол кісі маған өмірде де, спортта да үлгі болды. Спорт тәртіпке үйретіп, мінезді шыңдап, рухты жанитынын бала кезімізден біліп өстік. Әкемнің жолын қуып, бокс саласына келдім (А.А. Құлыбаев Қазақстан Бокс федерациясының құрметті президенті болған. – авт.). Федерацияда тәртіп орнатып, өңір спортын дамытуға, мамандар даярлауға ден қойдық, спорттық инфрақұрылымды нығайтып, ел құрамасындағы бәсекелестікті арттырдық. Ұстанған бағытымыздың дұрыс болғанын нәтижелер көрсетіп отыр.
Одан кейін бірнеше федерацияны тиімді басқарудың үлгісі болған Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы құрылды. Ұлттық Олимпиада комитетінің бұрынғы президенті Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов 2015 жылы осы комитетті басқаруды ұсынып, Атқарушы комитеттегі әріптестеріміз қолдады. Бұл үлкен жауапкершілік, дегенмен әрі қарай қай бағытта даму қажеттігі айқын. Бұрын да, қазір де ең алдымен спортшыларымыздың мүддесін қорғау – негізгі мақсат.
– Спортты дамыту бойынша алға қойып отырған мақсаттарыңыз қандай?
– Әрине, спортты дамыту «бұқарадан – шеберлікке» қағидасы бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Елбасы да жыл сайынғы Жолдауларында әрдайым осы мәселеге назар аударады. Елімізде жеті мыңнан астам мектеп бар және солардың бестен бірінде спорттық инфрақұрылымдар жоқ. Бұл жерде, ең алдымен, мектептерді спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, спорттық инфрақұрылымын жақсарту қажет. Біз секциялық жұмыстар жүргізген дене шынықтыру мұғалімдеріне үстеме ақы төленуін ұсынамыз. Бұл мәселеде бізді облыстық әкімдіктер қолдайды деп үміттенеміз.
Спорт саласында кәсіби мамандар даярлау жайына келсек, ҰОК бастамасымен, «Болашақ» халықаралық стипендиясын беру басымдығындағы мамандықтар тізіміне биыл «Спорттық менеджмент» және «Спорттық маркетинг» мамандықтары тұңғыш рет енгізіліп отыр. Сонымен қатар, спорт колледждерін де дамытуымыз керек. Қазір елімізде сондай бес-ақ колледж бар. Әр облыстан кемінде бір спорт колледжінен ашып, олар әрі жаттықтырушылар мен дене шынықтыру мұғалімдерін даярлайтын орталыққа айналуы тиіс. Сондай-ақ, Алматыдағы Туризм және спорт академиясын нығайтып, Астанада ҰОК қамқорлығымен заманауи Дене шынықтыру және спорт университетін ашамыз.
Қазақстанның колледждері мен жоғары оқу орындарында 1 миллионнан астам адам білім алуда. Елімізде 2014 жылдан бері Ұлттық Студенттер Лигасы жұмыс істейді. Студенттер спортын дамытып, жоғары оқу орындарының спорттық инфрақұрылымын нығайтып, жарыстар бағдарламасын кеңейтуге күш салатын боламыз.
Спортшыларға медициналық қызмет көрсету мәселесі де аса маңызды. Қазіргі уақытта командаларға ғылыми тұрғыдан қолдау көрсетпейінше жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл әсіресе допингке қарсы жаһандық үдерісте зор маңызға ие және мұны Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті де қолдайды.
– Расында да, допинг қазіргі уақытта спорттағы ең бір даулы мәселеге айналып отыр. Әсіресе былтыр көп айқай-шу шықты. Ең бір жағымсыз дау Риодағы Олимпия ойындарының қарсаңында орын алды. Еліміздің спорт қауымдастығы сол жанжалдың салдарынан зардап шеккен жоқ па?
– Кез келген жанкүйер сияқты, еліміздің спорт тарихындағы осынша үлкен допинг дауы бізді де сергелдеңге салды. Дағдарған күйден арылу үшін жедел шара қолдану қажет болды. Қалыптан тыс, дегенмен, жалғыз дұрыс қадамға баруымызға тура келді. Мен Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бахқа біздің барлық 104 спортшымызды қосымша допинг-тексеруден өткізіп, Рио Олимпиадасына қатысуына рұқсат беруін сұрап хат жолдадым. Тағы да ши шықпасын деп, сынамаларды талдау жасалуы үшін Дрездендегі допингке қарсы тәуелсіз зертханаға жібердік. Барлық спортшыларымыз бұл допинг-тестілеуден ойдағыдай өтті. Ауыр атлеттер командасы негізінен екінші құраммен өнер көрсетсе де, олар Қазақстан ауыр атлетика мектебінің мықтылығын дәлелдей білді. Десек те, допинг дауының салдарымен әлі де біраз жұмыстар жүргізуіміз керек.
– Ұлттық Олимпиада комитеті допинг қолдануға үзілді-кесілді қарсы екенін үнемі мәлімдеп келеді. Осы орайда іс жүзінде қандай шаралар атқарылды?
– Былтыр Мәдениет және спорт министрлігімен, Ұлттық Антидопинг Орталығымен бірлесіп, Қазақстанның допингке қарсы жүйесін жетілдіру бойынша өзара әрекет пен шаралар кешенінің жоспарын жасадық. Бүкіләлемдік антидопинг агенттігімен (WADA – авт.) бірлесіп, қазір орындалып жатқан Жол картасын бекіттік. ҰОК-тың бастамасымен, сонымен қатар, WADA-мен жұмыс жасайтын тәуелсіз антидопинг комиссиясы құрылды. Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарының қорытындылары бойынша антидопинг зертханасының басшылығына қатысты қажетті шешімдер қабылданды. Қазіргі уақытта Ұлттық Антидопинг Орталығын қайта тіркеу аяқталды, WADA бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қосымша штат жинақталуда, допингке қарсы ережелер халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкестендірілуде, әлемнің жетекші антидопинг зертханаларымен келісімдер жасалды.
Сонымен қатар, спортшылардың биологиялық паспорттарын сараптау басталды, тұрақты комиссиялар реформаланды, Алматыдағы антидопинг зертханасының қызметін реформалау мен жетілдіру шаралары жүргізіліп, оның жұмысына WADA ұсынған халықаралық беделді сарапшылар қатысуда. Біздің негізгі мақсатымыз – допингпен қай деңгейде болсын күресуге қауқарлы, сонымен қатар, «таза» спортшыларды қорғай алатын тиімді жүйе құру. Допинг қолданатындарға біздің қатарымызда орын жоқ. Ондайлар анықталған жағдайда біз оларды бұрынғы марапаттары мен атақ-дәрежесінің бәрінен айырамыз.
– Допингке қарсы саясатты жүзеге асыру барысында ҰОК пен Мәдениет және спорт министрлігінің бірлесе жұмыс істеуі артты. Қазір спорт туралы заңға өзгертулер енгізу мәселесі қызу талқылануда, оның ішінде спортты басқарудың жаңа жүйесі де қарастырылуда. Осы орайда салалық ведомствомен әріптестік қалай жалғаспақ?
– Жасыратыны жоқ, кезінде Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына келген мәдениет саласының өкілі Арыстанбек Мұхамедиұлына спорт қауымдастығы күмәнмен қарағаны рас. Алайда, министр салғаннан-ақ спортқа деген қызығушылығын танытып, жанкүйерлік табиғатын көрсетті. Оған Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарында куә болдық. Мәдениет және спорт министрлігімен өзара жақсы тіл табысып отырмыз. Алға қойған мақсат-міндетіміз ортақ – ел спортын дамыту.
Қазіргі уақытта дене шынықтыру және спорт туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Жобада спортты басқару мен қаржыландыру жүйесі жетілдіріліп, Ұлттық Олимпиада комитеті мен спорттық федерацияларға айрықша маңыз берілген. ҰОК олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бойынша жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын. Соған байланысты, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелеріне заң жобасы бойынша көрсетіп жатқан қолдаулары үшін барша спорт қауымдастығының атынан ризашылығымды білдіремін. Осы заң жобасын қолдаған Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулинге ерекше рахмет. Айтқандай, Нұрлан Зайроллаұлы Қазақстан спортының үлкен жанкүйері, өзі де бокс құрамасының базасында жаттығып тұрады.
– Мәжіліс депутаттарының қатары жақында тағы бір спортшымен, Олимпиада чемпионымен толықты ғой...
– Серік Сәпиев лайықты депутат болатынына сенімдімін. Ол депутаттар корпусындағы алғашқы Олимпиада жеңімпазы емес. Атақты жеңіл атлет Ольга Шишигина да Парламентте. Кезінде Темірхан Досмұхамбетов, Серік Қонақбаев, Юрий Цхай, Дәулет Тұрлыханов және басқа да атақты спортшылар мен бапкерлер де Парламент депутаты болған.
– Тимур Асқарұлы, әңгімемізді қорыта отырып, Қазақстан спортының келешегі туралы ойыңызбен бөліссеңіз...
– Еліміз тәуелсіздігін алған 25 жылдың ішінде спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Қазақстан әлемнің ең мықты 30 спорт державасының қатарына кірген. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының әлемнің неғұрлым дамыған елдерінің санатына кіру туралы тапсырмасын спорт саласында жүзеге асырып жатырмыз.
Жаңа биіктерді бағындыру үшін елімізде барлық жағдай бар. Отандық спортшыларды даярлауға заманауи спорттық инфрақұрылым жасалған. Қазақстанда 11 мыңнан астам спорт нысаны бар. Оған елімізде өткен Азия ойындары мен Универсиададан қалған бірегей спорт ареналарын қосыңыз. Олар құрама командаларды даярлау базасы қызметін атқарады. Еліміз бірнеше рет әлем чемпионаттарын, Әлем кубогының кезеңдерін, жазғы және қысқы спорт түрлерінен құрлықтық біріншіліктер өткізді. Қазақстан халықаралық Олимпиада қозғалысының ең белсенді мүшелерінің біріне айналды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ел спортын дамытуға үнемі көңіл аударып, қамқорлық жасап отырғаны үшін спорт қауымдастығының атынан алғысымды білдіргім келеді. Жеңіс тұғырларынан көрінген спортшыларымыз жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондықтан, олар қазақстандықтарды жаңа жеңістерімен қуанта береріне біз әрдайым сенімдіміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»