Өтпелі кезеңнен еліміз аман өтті. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына толайым табыстармен жетіп отыр. Елбасы биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында ауыл шаруашылығына аса терең мән берді. Әсіресе, мал шаруашылығын дамытуға, ет өндіруді арттыру тапсырмасы алға қойылды. Осыған орай Үкімет арнайы «Сыбаға» бағдарламасын қолға алды. Экспортқа ет шығарамыз. Сөйтіп, алыс-жақын елдерді етпен қамтамасыз етеміз. Бұл құр қиял емес. Мемлекеттің алдына қойылған талап.
Қызылорда – Сырдың бойына егін салып, қырға мал жайған аймақ. Шаруаға қолайлы, егінге ыңғайлы жер. Бір ғана күрішінің өзімен аты алты құрлыққа жайылған облыстың бүгінгі күйі де жаман емес. Облыс шеңберінде ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан шаруашылықтар бас қосты. Сөйтіп агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің слеті өтті. Оған көрші облыстардан арнайы қонақтар келді. Сондай-ақ ғалымдар да қатысты. Жиын барысында ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер қозғалып, жеткен жетістіктер сараланып, алдағы асулар айқындалды.
Сырдың жұрты республика бойынша жиналатын күріштің 90 пайызын өндіріп отыр. Артық айтты демеңіз, Қызылорда облысы елімізді тұтастай күрішпен қамтуда. Былтыр облыс соңғы жиырма жылда қол жеткізбеген өнімді жинаған. Бұл аймақта күріш өндірісі күн санап қарқын алып келе жатыр деген сөз. Ал оның дамуына мемлекеттің көрсетіп отырған көмегі көл-көсір. Мәселен, 2003 жылы облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттен 142,8 миллион теңге бөлінген екен. Былтыр бұл көмек 2,3 миллиард теңгеге жеткен. Осыған сәйкес ауылшаруашылық өнімдерінің өндіріс көлемі де өсіп келеді. Мысал үшін айтар болсақ, 2000 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 8,6 миллиард теңгені құрапты. Енді 2010 жылдың деректеріне көз жүгіртіңіз. Былтыр ауылшаруашылық өнімдерінен 44,2 миллиард теңге пайда түскен. Сандар осылай сөйлейді.
Мал шаруашылығында да алға жылжу байқалады. Нақты деректер келтірейік. 2000 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 55,1, қой мен ешкі – 44,2, жылқы – 35,1, түйе 56,8 пайызға артқан. Келтірілген санға қарап сүйсінуге болады. Бірақ облыстағы мал басының 96 пайызы жеке қолда. Мемлекеттің қарауындағы малдың саны өте аз. Дегенмен бұл олқылықтың орнын елімізде жұмыс істей бастаған «Сыбаға» бағдарламасы толтырады деген үміт бар.
Слеттің негізгі міндеті не? Ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен ғалымдарды тонның ішкі бауындай араластырып, тәжірибе мен теорияны ұштастырып, ауыл шаруашылығын дамыту болып табылады. Жиын өз міндетін толықтай ақтады деуге болады.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.