Қазақстан • 28 Наурыз, 2017

Экономикалық дипломатия күшейтіледі

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Жиынның күн тәртібіне сәйкес экономикалық дипломатияның тиімділігін арттыру және күшейту, сондай-ақ, сыртқы саясат ведомствосының кадр саясатын жандандыру мәселелері талқыланды.

Экономикалық дипломатия күшейтіледі

Алқа отырысына Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламенттің өкілдері, басқа да мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты. Жиынның басында сөз алған Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Елбасының биылғы Жолдауында алға қойылған міндеттерді және Бес институттық реформаны жүзеге асырудың маңызы мен өзектілігін атап өтті. 

– Экономикалық дипломатияны күшейту – Сыртқы істер министрлігінің және оның шетелдердегі мекемелерінің барлық жүйесінің аса маңызды міндеті. Осыған қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Мақсатты елдер, тауар айқындамасының тізімі, қазақстандық өнімдерді шетелдерде ұсынуға байланыс­ты жұмыстар бекітілген қазақстандық өнімдер экспортын ілгерілету» жөніндегі бірлескен жобаға қол қойылды. Жақын арада инвестиция тартуға байланысты тағы бір маңызды құжатқа қол қойылуға тиіс. Қазір Сыртқы істер министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында Бірлескен жоба іске асырылуда, – деп атап өтті ол.

Қ.Әбдірахманов экономикалық дипломатияны одан әрі дамыту үшін министрліктің жұмысын қайта құру барысында Елбасы тапсырған міндеттерді жедел жүзеге асыру қажеттілігіне назар аударды. Мақсат – шетелдік инвестицияларды тарту, отандық тауарларды экспорттау, кадр әлеуетін нығайту, халықаралық аренада Қазақстанның мүддесін қорғау бойынша белсенді жұмыс жүргізу.

Алқа отырысында министрліктің өткен жылы экономикалық дипло­матия­ның басым бағыттары бойынша атқарған жұмыстары қорытын­ды­ланды. Жалпы, өткен жылы Сырт­қы істер министрлігі мен оның шетел­дер­дегі мекемелерінің тікелей атсалы­суымен сауда-экономикалық және инвестициялық салада 300-ден ас­там іс-шара өткізіліпті. Қазақстан­ға 600-ге тарта шетелдік делегация­ның сапарлары, қазақстандық делегацияның шетелдерге сапарлары ұйымдастырылған.

2016 жылдың 9 айында тікелей шетел инвестициясының жалпы көлемі 27,3%-ға өсіп, 14,5 млрд АҚШ долларын құрады. Ал 2005 жылдан бергі аралықта елімізге 236 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетел инвестициясы тартылыпты.

– Экономиканы әртараптандыру мен индустрияландыру бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан тауарларын экспорттау географиясын кеңейтіп, шетелдік инвестициялардың тұрақты түрде құйылуын қамтамасыз ету керек. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі оған зор мүмкіндіктер береді, – деді Қ.Әбдірахманов.

Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған 1-ші институттық реформаны іске асыру бойынша алқа мәжілісінде кадр саясатын меритокра­тия қағидаты негізінде жандандыру, қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру, тиісті заңнамалар мен мемле­кеттік қызметкерлердің Этикалық ко­дексін мүлтіксіз сақтау мәселелеріне баса назар аударылды. Министр­дің айтуынша, Сыртқы істер министр­лі­гінің 400-ге жуық қызметкері шетел­дік жоғары оқу орындарын бітірген. 55 қызметкер – «Болашақ» бағдар­ла­ма­сының стипендиаты болып табылады.

Отырыс қорытындысы бойынша Сыртқы істер министрлігі алқасының қаулысы қабылданды.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»



Соңғы жаңалықтар