Мәселен, Қазақстан үшін негізгі міндеттердің бірі – экономиканы әртараптандыру. Ал экономиканы әртараптандыру жаңа әрі әлеуетті кәсіпорындардың ашылуына мүмкіндіктер береді. Ол бұрынғыға қарағанда көптеген жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде экономикалық өсім алып келеді.
Қазақстан іскер топтарға барынша жағдай жасауға баса назар аударуда. Қазақстан соңғы бірнеше жылда іскер топтарды көтермелеу, оларға жағымды орта қалыптастырып беру ісі бойынша көптеген шараларды жүзеге асырып, соның нәтижесінде әлемдік Doing Business рейтингінде 35-ші орынға жайғасты. Бұл Қазақстан үшін өте жоғары көрсеткіш. Осы салада Қазақстанның жақсы нәтижелерден көрінуі Президенттің үнемі қолдау білдіруімен тікелей байланысты деп ойлаймын.
Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру барлық сала бойынша жақсы көрсеткіштерге жетуге жол ашады. Әсіресе, көрші елдермен сауда-саттық жасауда өз тиімділігін көрсетеді. Менің ойымша, экономиканы әртараптандыру ауыл шаруашылығын дамытуға, қызмет көрсету салаларын жетілдіруге тың серпін береді. Бұл орайда іскер топтарға оңтайлы климат қалыптастыруға, сондай-ақ, технологиялық жаңғыртуға баса көңіл аударған жөн.
Жолдауда макроэкономикалық тұрақтылық мәселесі атап көрсетілген. Шын мәнінде, макроэкономикалық тұрақтылық өте маңызды. Өйткені, ол ұзақ мерзімді өсімнің әлеуетін нығайтады. Қазақстанның орнықты макроэкономикалық фокторға ие болуы оның өзгелермен әріптестік әлеуетін күшейте түседі. Сондай-ақ, инвесторлардың Қазақстанға деген сенімі артады. Бұл Қазақстан экономикасында өсімнің ұзақ уақыт бойы сақталып тұруына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Жолдауда білім беру саласына айрықша көңіл бөлінген. Дүниежүзілік банк Қазақстанның білім саласына қатысты бағдарламаларына үнемі қолдау білдіруде. Дәл осы сала бойынша біз бірнеше жыл бойы Қазақстан Үкіметімен бірлесе жұмыс істеп келеміз.
Тағы бір айта кетер жайт, Қазақстанда ауыл шаруашылығының келешегі зор. Мен үнемі «Ауыл шаруашылығы саласы – ескіліктің қалдығы емес. Оған біздің болашағымыз тікелей байланысты. Мәселен, қазіргі таңда әлемдегі жұмыс берушілердің ең ірілері азық-түлік өнімдерін өндірушілерге тиесілі», – деп айтып жүремін. Басқаны былай қойғанда, Қазақстанмен көрші мемлекеттердің азық-түлік тауарларына деген сұранысы артып келеді. Қазақстанның бұл сұраныстарға лайықты жауап беруіне мүмкіндігі мол. Осы орайда, елдің географиялық орналасуы, құнарлы егістік жерлердің көптігі Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы басымдықтары болып табылады.
Сирил МУЛЛЕР,
Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті