Бұл күнде Қарағанды өңірі жерді пайдалану мен оны қорғау мақсатында қандай іс-шараларды жүзеге асыруда? Мемлекеттік бақылаудың Қарағанды облысы бойынша нәтижелері қандай? Кімнің жері өңделіп, кімнің жері шөл болып жатыр? Жуырда Қарағанды облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы «Облыста мемлекеттік жерлерді пайдаланылуы мен корғалуы» тақырыбында брифинг өткізді.
Басқарма басшысы Саяш Ахметовтің мәлімдеуінше, жеке және заңды тұлға, мемлекеттік органдар бойынша 2016 жылы 1894 өтініш, арыз және сұраныс хаттар қарастырылған. Есепті кезеңде 520 тексеру іс-шаралары 617,1 мың шаршы шақырым көлемінде жүргізілген.
Тексеру нәтижелері бойынша 563,1 шаршы шақырым жер көлемінде 435 заң бұзушылықтар анықталып, 180 заңды және жеке тұлғаларға қатысты 37,7 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.
Мемлекетті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды әрі тиімді пайдалану жағы алаңдатады. Саяш Ахметовтің баяндамасында айтылғандай, жер телімдерін түгендеу барысында облыс бойынша 260 ауылшаруашылық субъектілерінің жалпы алаңы 533,1 мың гектар жерінің пайдаланылмай жатқаны анықталған және тиімсіз пайдаланылған алқаптарға тексеріс жүргізілген. Қадағалап тексеру нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы алаңы 46,9 мың шаршы шақырым жердегі 11 субъекті жер заңын бұзуын тоқтатқан.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 88,5 мың шаршы шақырым болатын күтімсіз қалған тың жерлер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Ол облыстағы жалпы егістікке жарамды жерлердің 22,7 пайызын құрайтын көрінеді. Негізінен мұндай жағдайда құқықтық түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілгені дұрыс. Ол ретте басқарма тарапынан біршама нақты қадамдар жасалған. Былтырғы жылдың 28 қарашасы мен 2 желтоқсаны аралығында түсіндіру тобы Абай, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Ұлытау аудандарында осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырған.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ