Бұл басқосулар босқа қаражат шашудың көзіне айналмай, өзін-өзі ақтап жүр ме? Бұған еліміздің батыс өңірлерінің мысалынан тек оң жауаптар қайтаруға болады. Айталық, осыдан 4-5 жыл бұрын осы аймақта өткізілген бизнес-форумдардың бірінде инвесторлардың қызығушылығын туғызған бір мәселеден кейін көп кешікпей электр қуатын өндіретін зауыт құрылысы басталып кеткен-ді. Мұндай мысалдар аз емес.
Ал таяуда Ақтөбеде аяқталған Қазақстан-Израиль бизнес-форумының қорытындылары жөнінде не деуге болады? Біріншіден, оның өзара тең әріптестік тұрғыда өткендігі әрі екі жаққа да тиімділік пен пайда әкеле алатын құнды ұсыныс-пікірлердің жеріне жеткізе айтылғаны – басты жетістік.
Еліміздегі жетекші индустриялық-аграрлық аймақтардың қатарынан ойып тұрып орын алатын Ақтөбенің қазба байлықтарға өте бай екені, мұндағы жердің қойнауында Менделеев кестесіне кіретін элементтердің түгелге дерлік бар екені бір ғана құм мен тастан тұратын ел өкілдері – израилдіктердің назарын аударғаны анық.
Бір сөзбен айтқанда, өңірдің өте бай ресурсы, соның ішінде энергетикалық ресурстардың молдығы өңірдің инвестициялық тартымдылығын тереңдете түспек. Алтын көмбенің үстінде отырсаң да, оның игілігін көре алмасаң, одан не үміт, не қайыр. Бұл ретте ауызды қу шөппен сүртудің ешқандай жөні жоқ. Өңірде газ бен суды және электр қуатын тұтыну бағалары еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда біршама төмен. Ақтөбенің географиялық тұрғыдан өте ұтымды орналасуы, әуе, темір жол және автомобиль көліктері қарым-қатынасы да оң жолға қойылғаны бизнес-ортаны тартымды ете түсудің тағы бір жағымды факторы. Форумда сөз алған Израильдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаэль Бродский ауыл шаруашылығы саласы мен медицинаны дамыту және өзара қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде ортақ нәтижеге үміт арта алатыны жөнінде айтып берді. Біріншіден, израильдік «Нетафим» және «МАD» секілді компаниялар аймақта агротехнологиялық шараларды жүргізуге, соның ішінде тамшылатып суару, құс өсіру және жылыжайлар тұрғызу ісіне инвестициялық қаражаттар бөліп жатса екі жаққа да тиімді болмақ. Өңірде өндірілетін ауылшаруашылық өнімдері жеткілікті. Өнімді өндіру бар да, өңдеу бар. Қазіргі күні облыста кейінгі айтылған мәселеде түйткілдер жоқ емес. Әсіресе форум үстінде айтылғандай, агломерациялық даму үрдісіне бет бұрған аймақта әсіресе сүт өнімдерін өңдеу ісінде іркілістер бар. Осы олқылықтың орнын толтыруға Израильдің жоғары технологиясы тартылса, бұдан ешкім де ұтылмайды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, кез келген технология, кез келген инвестициялық жоба жергілікті жерге икемді болуға тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері тек осындай байыпты көзқарас жағдайында ғана жоғары мәнге ие бола алады.
Оның ойынша, құс етін өндіру жөнінде негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінің қажетін өтеуге лайықталған жобалар батыс аймаққа дәлме-дәл келмеуі кәдік. Жалпы, облыс құс етімен өзін өзі елу пайыз қамтып отыр. Әрі мұның өзі мүмкіндік пен әлеуеттің шегі емес. Сондықтан бұл арада туындаған мәселеге біржақты қарауға болмайды.
Израиль – әлемдегі медицина саласы ең жақсы дамыған елдердің қатарына кіреді. Осы орайда елімізде ешқандай баламасы жоқ медициналық кластер құру ісін қолға алған өңірге израильдік мамандардың көмегі қажет екені анық. Бүгінгі күні ақтөбелік оташы-мамандар бүйрек алмастыру отасын жетік меңгеріп үлгерді десек, артық айтқандық болмайды. Форум кезінде израильдік «МВІ» медициналық орталығының өкілдері ақтөбелік денсаулық сақтау саласының мамандарын жетілдіруге, оларды кәсіби қайта оқыту курстарынан, сондай-ақ, барлық ғылыми және хирургиялық салалар бойынша шеберлік-сыныптар өткізуге әзір екендіктерін мәлімдеді.
Әрине Қазақстан-Израиль бизнес-форумы кезінде тараптар тарапынан айтылған соңғы әрі өте қажетті де өзекті мәселе – қауіпсіздік мәселесі болды. Өйткені, өндіріс пен адамдар қауіпсіздігі алдын ала әрі жан-жақты ойластырылмаған жағдайда өкінішті жағдайлар орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары бұл мәселеде қоян-қолтық қызмет атқарып келе жатқаны да белгілі. Дегенмен, қауіпсіздік мәселесін сақтау ісі одан әрі жүйелі түрде жалғасын таба білсе игі. Осындай түйінге Қазақстан-Израиль бизнес-қоғамдастығының өкілдері де қол қояды деген ойдамыз.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ