Қоғам • Бүгін, 15:38

Жалдамалы жұмысшының жағдайын кім ойлайды?

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеріп, әл-ауқатын арттыруға барынша күш салып жатыр. Соған қарамастан бүгінде ауыл шаруашылығы, құрылыс саласында жалданып қара жұмыс істеп жүрген азаматтардың біразы міндетті әлеуметтік кепілдік шараларынан тыс қалып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Жалдамалы жұмысшының жағдайын кім ойлайды?

Жаздың ыстығына, қыстың суығына қарамастан ауыр жұмыс атқарып, жақсы табыс тауып жүрген бұл азаматтар ертең егде тартқан шағында мұқтаждық көріп қалмасына кім кепіл? Өйткені міндетті зейнетақы қорының санатында жоқ, сырқаттанып қалса да ақылы емханаға жүгінеді. Мысалы, құрылыс қарқынды жүріп жатқан Қостанайда жылына кем дегенде 30 шақты көпқабатты тұрғын үй салынады. Осы ғимараттардың біразын Торғай, Науырзым өңірінен келген жігіттер көтереді. Үй көтеру оңай емес, мысалы, 9 қабат үйге кем дегенде 5 млн кірпіш қаланады. 5 млн кірпішті 50 адамға бөлгеннің өзінде, бір құрылысшыға 100 мың кірпіштен келеді. Қазір құрылыс қысы-жазы қызу жүріп жатыр. Ауа райының ыстық-суығында тас ғимараттың іші-сыртында жүріп тас қалаған адамның денсаулығы кейін қалай болатынын аңдау қиын емес.

Ақмола облысындағы сүт зауытында жарылыс болды: 2 жұмысшы зардап шекті

Нұрлан есімді құрылысшы азаматпен жақсы таныспын. Қолынан келмейтіні жоқ. Бүгінде қырықтың қырқасына шыққан бесаспап жігіт бертінге дейін ауылда тұрды. Көп жыл жергілікті шағын шаруашылықта еңбек етті. Алайда шаруа қожалығында ауызша келісіммен жұмыс істегендіктен, жинаған зейнетақы қоры жоқ, медициналық сақтандыру қорына да бір тиын ақша аударылмаған. Бертінде қалаға қоныс аударған танысым екі-үш жылдан бері құрылыста жүр. Қыстың суығында, жаздың аптап ыстығында жүріп тас қалайды. Табысы жақсы, бірақ əлеуметтік кепілдік жоқ. Нұрлан бастаған алты жігіт – бір бригада. Фирмаға барып дербес жұмыс тобы ретінде тікелей тіркелуге жеке кəсіп ашу керек. Алты жігіт амалсыз заңды түрде жеке кəсіпкерлігі бар делдалдарға барып жалданады.

«Құрылыс компанияларына тұрақты түрде жұмысқа кірейік десек, табысымыз азайып қалады. Сондықтан тапсырыс алып, жалданып жұмыс істеп жүрміз. Қазір қала сыртындағы көпқабатты үйдің аралық қабырғаларын қалап жатырмыз. Төртеуіміз тас қалаймыз, екі жігіт – көмекші. Төрт адамның əрқайсы күніне үш текшеден кірпіш қалайды. Бізді жалдап отырған делдал қаланған əр текше метрге тапсырыс берушіден 25 мың теңге алады да, оның 15 мыңын бізге береді. Он мыңы өз қалтасында қалады. Яғни əрқайсымыз өзіміз қалаған үш текше метрдің біреуін делдалға беріп отырмыз. Сонда біз күніне отыз мың тапсақ, делдал жай отырып əр адамнан 15 мың теңге табады. Фирмадан тікелей тапсырыс алайық десек, оған жеке кəсіпкерлік керек деп жолатпайды. Осылайша, табысымыздың тең жартысын екі аралықта жүрген пысықайларға беруге мəжбүрміз. Мысалы, фирмамен келісімшартқа отырған делдал бір шаршы метр қабырға қалатқанына 5 мың теңге алады. Оның 2 мың теңгесін өзіне алып қалады да, бізге үш мыңын береді. Мен күніне 8 шаршы метр кірпіш қалаймын. Сонда делдал бір адамнан күніне 16 мың теңге табыс тауып отыр», дейді тас қалаушы.

Еңбек инспекторлары мыңнан астам жұмысшының жалақысы төленбегенін анықтады

Құрылыс саласында жүрген мамандардың сөзінше, қазір құрылыс фирмалары 30 адамды ресми тіркейді де, оның сыртында Нұрлан сияқты тағы 30 адамды бейресми жұмысқа алады. Жеке кəсіпкерлігі бар, өзі біраз жылдан бері құрылыс саласында тапсырыс алып, кəсіп етіп жүрген Жасұлан есімді азаматпен сөйлесіп көріп едік, құрылыс маңында болып жатқан біраз жайттың ұшығын шығарды. Мəселен, ғимарат салуға жауапты кейбір бас мердігер көбіне жеке кəсіпкерлігі бар адамды қосалқы мердігер етіп алады да, оның адамдарын ең төменгі жалақымен өзіне тіркейді. Осылайша, құны 100 млн шарттың 20 пайызын өзіне алып қалады да, жұмысшылардың атына əлеуметтік кепілдік ретінде аударып отырады. Бұл жағдайда құрылысшысы жоқ серіктестіктің көрсеткішін жеке кəсіпкер көтереді.

«Мысалы, бір ЖШС-ға қосымша мердігер болатын болсам, бас мердігер 10 адамымды нысан құрылысы аяқталғанша өзіне уақытша тіркейді де, қаражатымның есебінен міндетті əлеуметтік сақтандыру кепілдіктерін, салығын төлеп отырады. Ол ЖШС-да директор, есепші, тағы бір маман, менің 10 адамым бар. Мен өз жұмысымды атқарамын, ЖШС бəрімізге есеп беріп отырады. Заң жүзінде бəрі дұрыс, сондықтан ешкім тиісе алмайды. Штатта 20-25 адам ұстап отырған үлкен фирмалар бар. Бірақ олардың көбі кеңседе жұмыс істейтін адамдар. Қара жұмысты қосымша мердігердің адамдары атқарады. Бұл жерде əлеуметтік сақтандыру кепілдігінен қағылып жүрген құрылысшыларда да кінə бар. Тас қалаушылар ертең қартаямыз, зейнетақы қоры керек деген мəселені шындап ойласа, қаланған бір кірпішке берілетін 250 теңгенің орнына 200 теңге бер деп, зейнетақы қорыма, медсақтандыруға жарна аударып отыр дер еді. Бұлай деп ешкім айтпайды, айтайын десе, алатын ақшасы қысқарып қалады», дейді кəсіпкер.

«Ажал аяқ астында»: Қос жұмысшы құдықта көз жұмды

Осылайша, жалдамалы құрылысшыға келешекке салынатын қордан гөрі, қолма-қол алып кететін ақша маңызды болып тұр. Сондықтан бұл мəселені бір жақты қарап, жұмыс берушіні ғана қаралай беруге болмайды. Бас мердігерге де жұмыс істеу керек, тұрақты жалақы төлеп жұмысқа алғысы келгенімен, оған құрылысшы көнбейді. Қалтаға түскелі тұрған ақшаның, аз-кем бөлігін салыққа, зейнетақы мен медицина қорына қимай, атқарған жұмыс ақысын толық беруді талап етеді. Кəсіпкердің айтуынша, қазір мемлекет тарапынан жұмыс берушіге де бақылау күшейген. Құрылыс саласында қара жұмыс істеп жүргендердің дені – отбасымды асырап, несиемді жапсам болды деумен жүрген қазақ жігіттері. Көбі 30-40 жас аралығында. Арасында елуді еңсеріп, алпысты алқымдап қалғандар да баршылық. Бəрі қолма-қол ақшаға қызығады, аванс алғысы келеді. Оның үстіне, жұмыс беруші мен жұмысты атқарушының арасында сенім жоқ. Қазір нарық құбылмалы, нысан құрылысы аяқталған соң, бас мердігер құрылысшылардың ақшасын бере алмай қалатын жағдайлар кездеседі. Тапсырыс беруші – мемлекеттік орган мен бас мердігердің арасында кикілжің туатын жағдайлар да аз емес. Мұндайда таяқтың бір ұшы қарапайым құрылысшыға келіп тиеді.

«Мəселен, он шақты жігіттен тұратын құрылыс бригадасы қосымша мердігерге барып, еңбек шартына отырайық, біздің əлеуметтік кепілдіктерімізді уақтылы аударып отырыңыз десе, жұмыс беруші оған қуана келіседі. Өйткені жұмыс берушінің құзырлы орындарға есеп беруі керек. Бірақ құрылыс фирмасына 30 адамды бірдей тіркеп қою қиын. Өйткені ертең құрылыс маусымы аяқталған соң жұмыс беруші қиналып қалады. Желтоқсаннан бастап наурызға дейін жұмысшының жалақысын да, əлеуметтік кепілдігін де төлей алмайды. Сондықтан жүктеменің бір бөлігін өзіне алып қалып, келесі құрылыс маусымы басталғанға дейін ең төменгі мөлшердегі жалақысы мен əлеуметтік төлемін аударып отыра алатындай болу керек», дейді кəсіпкер.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, құрылыс нысандарында қара жұмыс атқарып жүрген жалдамалылардың еңбек жағдайын заңға сəйкес реттеу мəселесі қолға алынуы қажет. Ол үшін жұмыс беруші мен жұмыс атқарушының арасындағы еңбек қатынасының ашықтығын қамтамасыз ететін заң тетіктерін əлі де болса жетілдіре түскен жөн. Құзырлы орындар жағдайды жіті бақылауға алып, заңның орындалуын қос тараптан бірдей талап еткен абзал.

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар