Семейде оның осы қылмысты әрекетіне қатысты үкім шығарған №2 соттың судьясы Гүлнар Биназарованың айтуынша, ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатса да, өз тәжірибесінде мұндай жағдайды бұрын-соңды кезіктірмепті. Судья сот залында анықтап айтқандай, 58 жастағы алаяқ әскери техникаларды сатып аламын деп қызығушылық танытқандарға, қағаздағы өзі жасап алған прайс үлгіден ауыр және жеңіл көлік түрлерін суретімен көрсетіп, аукцион жүріп жатыр деп алдаған. Әскери техниканың бағасына сай, «ГАЗ-53» көлігін 170 мың теңгеге, «Урал» көлігі прайс-қағаз бойынша 280 мың теңгеге, «КамАЗ» (2004 жылы шығарылған) 810 мың теңгеге, ал МТЗ тракторын 410 мың теңгеге сатып алуға болады депті. Қорғаныс министрлігі сіздерге өте арзанға беріп отыр деп түсіндіріпті» ол қармағына іліккендерге. Сөйтіп, ол сатып алушыларға ақшаны есепшотқа аударыңыз дегенді айтады. Сатып алушылар болса, арзан техниканың суретін көрісімен 170 мың теңгеден 1 млн-ға дейін ақшаларын алаяқтың есеп-шотына ойланбастан аударып жіберген. Сөйтіп, ол үш жыл ішінде 5 млн теңге ақша тауып үлгерген.
Бірақ ақша жібергендер ешқандай техника қолдарына тимей, сан соғып қалады. Өйткені, алаяқтың қолында ешқандай да әскери техника болмапты. Осылайша ол өз кәсібін жалғастыра бермек еді, тек өткен жылдың қараша айында ұсталып қалды. Тергеу мен сот істері бірнеше айға созылды. Осы аралықта алаяқ басына іс түскенін байқап, жапа шегіп, алданып қалғандардың барлығына түгелдей ақшаларын қайтарып беруді көздейді. Сөйтіп, ол сот шешімі шыққан күнге дейін барлық ақшаны қайтарып үлгереді.
– Жапа шеккендер ақшаларын толық қайтарып алды, – дейді №2 соттың судьясы Гүлнар Биназарова. – Тек осындай адамға сеніп, өзгеден қарыз алса да әскери техникаларды ойланбай сатып алмақ болғандардың әрекеті түсініксіз. Ақшаларын берген соң ғана ешқандай да техниканың жоқ екендігіне, қапыда сан соғып қалғандықтарына көздері жеткен.
Ал сот әлгі азаматтың бұрын сотты болмағанын, кінәсін толық мойындағанын, өкініш білдіргенін, жағымды мінезделетінін, сотталушының тәрбиесінде 1 кәмелетке толмаған баласы барын ескеріпті. Осылайша алаяқ амнистия арқасында бостандыққа шықты. Ол тек 2 жыл 11 айға ғана шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист
СЕМЕЙ