Үкіметте бұл жоспарды жүзеге асыру мақсатында жобалар да жасалды. Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін өте тартымды болғандықтан, Оңтүстік Қазақстан облысында жазғы туризмді дамыту керектігі де күн тәртібіне шығарылған еді. Бес жыл бұрын көтерілген мәселені еске салып отыруымыздың себебі де жоқ емес.
Түркістанға түркиялық туристер ағылады
Биылдан бастап 45 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алатын болды. Олардың қатарында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Еуропалық одақтың мүшелері, сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Сингапур сияқты елдер бар. Сондай-ақ, жазда өтетін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесіне келуші шетелдік қонақтардың арасында Түркістандағы тарихи нысандармен танысып, Шардараға шомылғысы, Сарыағаш шипажайларында ем алып, тау бөктері табиғатын тамашалап, Шымкентте демалғысы келетіндердің аз болмайтыны анық. Сол қонақтардың сұранысын қанағаттандыруға дайындығымыз қандай?
Туризм әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметіне сүйенсек, қазіргі әлемдік туризм өнеркәсібінен түскен табыс мұнай экспорты мен мұнай өнімдері және автокөлік табысынан кейінгі 3-орында тұр екен. Осы саланы дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын көптеп ашып, ұлттық табысын молайтып отырған елдер көп. Алайда, пайдасы көл-көсір туризм өнеркәсібі елімізде, оның ішінде оңтүстікте қарқынды дамып отыр деп айта алмаймыз. Десек те, соңғы жылдары туризм саласын дамытуға деген талпыныс күшейіп келеді. Табиғи әдемілігімен, бірегей тарихи және археологиялық мұрасымен, туризмі қарқынды дамып келе жатқан инфрақұрылымымен танымал Түркияның тыныс-тіршілігін жақсы білетін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев тың бастамалар көтеріп, тиімді жобаларды қолға алуда. Байқағанымыз, талай оң бастамалардың жүзеге асуына түрткі бола бастаған Түймебаевтың негізгі бір «көзірі» туризм болғалы тұр. Оңтүстікте «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» кластерін дамыту ісі айрықша назарға алынып, Түркістан қаласы, Отырар мен Сарыағаш аудандары, Ақсу-Жабағылы және Қаратау қорықтары мен «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туристік нысандары енгізілген. Аймақтың танымалдығын арттыру мақсатында «Ontustik» туризм бренді әзірленді. Өңірде 3 және 5 күндік туристік маршрут жасалды. «Recommended by EXPO» белгісі беріліп, «Шымтур», «Саэль тур» және «Мирас тревел» туристік ұйымдарымен меморандумға қол қойылды.
Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысының туристік әлеуеті жоғары. Өңірімізде саяхатшыларды қызықтыратын нысандар көп. Мысалы, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран қалашығы, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар қалашығы, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Төле би және Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.
Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының мәліметіне жүгінсек, бүгінгі таңда облыс көлемінде 1278 тарихи және мәдени ескерткіш саяхатшылар үшін қызмет етеді. Түркістан, Отырар, Сайрам бағытында мінажат ету – мәдени-танымдық туризмі, Ақсу-Жабағылы, Қаратау мемлекеттік табиғи қорықтары мен Сайрам-Өгем мемлекеттік табиғи ұлттық паркі аумағында экологиялық туризм және Сарыағаш, Манкент шипажайларында емдеу-сауықтыру туризмі даму үстінде. Өңірде туристерге арналған 36 демалыс аймағы, 100-ге тарта қонақүй, 6 демалыс үйі жұмыс істейді. Облыс аумағында 837 археологиялық ескерткіш бар. Оның 155-і құрылыс және сәулет нысаны болса, бесеуі тарихи, жетеуі монументалды қолөнерге жатады. Жыл сайын киелі орындарға зиярат етушілер саны артып келеді, бірақ оларға қызмет көрсету сапасы әлі де тиісті деңгейде емес. Сондай-ақ, мамандар ескі қалашықтар орнын қоспағанда, ел аузында әулие, киелі саналатын 300-ге жуық тарихи-мәдени орын ішкі туризмді дамытуда толық пайдаланылмай отырғанын, Отырар ауданында 100-ге тарта, Түркістан қаласының төңірегінде 40-тан аса ескі қала орындарының көбі үйінді күйінде жатқанын айтуда. Осы олқылықты ескерген жергілікті билік тарихи қалалардың орнын реттеп, қалпына келтіру жұмысын іске асырмақ ниетте.
Биыл Түркістан қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып бекітілгені мәлім. Осы орайда қалада алыс-жақын елдерден келген қонақтарға барынша қолайлы жағдай жасау бағытында көптеген жұмыс атқарылуда. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі екенін, жылына 1 миллионнан астам турист келетін аймаққа алдағы жылдары 1 миллионға жуық түркиялық туристің келуге дайын екенін айтқан болатын. Соған сай сервистік қызметтердің сапасын да жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс шара жоспарын бекітуді тиісті мекемелерге тапсырды.
Қасқасу – Шымбұлаққа, Сарыағаш Бурабайға бәсекелес бола ала ма?
Оңтүстікте туризмнің түтінін түзу ұшыратын оң бастаманың бірі һәм бірегейі – Іле Алатауының көркем етегіндегі шатқалда теңіз деңгейінен 2260 метр биіктікте орналасқан «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайына Қасқасу экологиялық аймағындағы тау-шаңғы курортының құрылысы басты бәсекелес болады деп күтілуде. Жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы курорты аумағында қонақ үй, мейрамхана, арқан жолы, бассейн және тағы басқа да нысандар салу ісі жоспарланып отыр. Жоба толық іске асырылған жағдайда алғашқы жылдары 120 мыңға жуық қонақ қабылдай алатын Қасқасу шаңғы трассасының биіктігі 1880-3155 метр, ұзындығы 33,4 шақырым болмақ. Қазір мұнда электр энергиясы бағаналары орнатылып, автомобиль жолын дайындау жұмысы, кәріз тазалау ғимараттарының орны әзірленіп қойыпты. Жалпы, Төле би ауданында туристер демалатын 12 табиғи орын бар. Сондай-ақ, 8 зиярат ету, 1 сауықтыру, 4 жоғары сервистік қызмет көрсететін, 44 көпшілікке арналған демалыс орны тағы бар. Ал «Тау самалы» демалыс аймағында 200 орынды қонақ үй құрылысы мен 800 метрлік шаңғы жолы салынбақшы екен. Бұл жобаның жалпы құны 700 млн теңге. Қаражат жеке кәсіпкердің есебінен жұмсалмақ. Сондай-ақ, ауданда саумалмен емдеу орталықтары салынуда. Биыл Төле би ауданында 160 орынды саумалмен емдейтін 3 бірдей орын іске қосылмақшы. Жеке кәсіпкер Рәшкүл Оспанәлиева басқаратын компания «Тау самалы» демалыс аймағынан этноауылдар құрылысын жүргізуде. Мұнда 7 киіз үй мен ұлттық қолөнер бұйымдары орналасатын үйдің құрылысы келешекте пайдалануға берілмек. Бұл жобалар ойдағыдай іске асса, Төле би ауданында туристік сервистік қызмет жақсарып, демалушылар саны арта түспек.
Ал Сарыағаш еліміздегі курорттардың брендіне айналып, ем алу мен дем алудың, тынығудың барлық талаптарына сай орталық ретінде дамып келеді. Бүгінде бұл демалыс аймағы бүкіл ТМД елдеріне белгілі. Алдағы уақытта Сарыағашта дем алу және ем алу сапасын халықаралық деңгейге жеткiзу мақсатында жаңа жоба әзiрленген. Яғни, 600 гектар аумаққа 1500 орынды жаңа курорттық қалашық салынады. Бүгiнгi таңда 22 емхана-шипажай жұмыс iстейтiн Көктерек ауылы денсаулығын түзеткiсi және демалғысы келетiндер үшiн курортты мекен болмақ. Туризм саласының мамандары бұл жобаның курортқа келушiлер санының алты есе өсуiне мүмкiндiк беретiнiн айтып отыр, яғни жоба іске асырылған жағдайда бастапқыда жылына 284 400-ге жуық демалушы қабылдау жоспарлануда. Сондай-ақ, Сарыағашта казинолар салынып, еліміздің Щучье, Қапшағай қалаларындағы секілді ойын бизнесі дамымақ. Жалпы, бұл жобаларды жүзеге асыру қыруар қаржыны қажет ететіні мәлім. Сондықтан Қасқасу – Шымбұлаққа, Сарыағаш Щучье мен Қапшағайға бәсекелес болар-болмасын уақыт көрсетеді.
Тағы бір еуропалық үлгідегі қалашық Ақсу-Жабағылы қорығында салынбақ. Ал Шардара су қоймасы жанынан жағажай туризмін дамыту қолға алынатын болады. Шардарада жағажай бойында қонақ үйлер, жағажай спорттық алаңдары, мейрамхана, саябақ сынды нысандарды салу жоспарланып отыр. Жағажай туризмін дамытуға 255,3 гектар жер телімі анықталып, оны елді мекен санатына ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Шардара әуежайын қалпына келтіру жоспарланған. Алайда, Шардарада әуе қатынасы болатынына күмәнмен қараушылар көп. Мемлекеттен қаржы бөлініп, қосылған күннің өзінде шығыннан көзін ашпайтын жоба болатынын айтушылар да аз емес. Мамандардың пікірінше, әуежайдың инфрақұрылымын салуға миллиардтаған қаржы қажет, ұшақтардың қызметіне белгілі көлемде мемлекет дотация беруі керек. Әуежайды күтіп, талапқа сай етіп ұстау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаншама қызметтер қажет болады. Күніне 5-6 ұшақ келіп қонуы тиіс. Сондықтан, бұл өзін-өзі ақтамайтын, тиімсіз жоба деп санайтындар баршылық. Қалай болғанда да, Шардарада жағажай туризмін дамыту мақсатындағы жоба іске асырылған жағдайда алғашқыда жылына 135 мыңға жуық демалушы келеді деп жоспарлануда.
Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының мәліметіне жүгінсек, Оңтүстікке жылына 1 миллион 300 мыңнан астам турист келеді екен. Олардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия азаматтары. Бұл мемлекеттер қатарын биыл ЭКСПО қонақтары ұлғайта түседі деген болжам бар. Шетелдіктерден бөлек өзіміздің Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер көп. Демек, туризм Оңтүстік үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы