23 Сәуір, 2011

Жұмыс істеп, өнім берген зауыттар неге тоқтап тұр?

646 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
БҰҒАН КІМ КІНӘЛІ? Өткен күнде белгі жоқ. Көрген бейнет, төккен тер тарихқа енгеннен кейін ұмытыла бастайды. Өйткені, бейнеттен кейін – зейнет, адамның жақсылыққа тез үйреніп, тез бауыр басатыны белгілі. Алайда, зер салып қарайтын болсақ, бүгінгі қол жеткен та­быс­тардың өзінен өзі келмегеніне, ол үшін қыруар еңбек, жі­гер-қайрат, тынымсыз ізденіс, нар тәуекел қажет болғанына көз жеткізер едік. Тоқырау заманы бiттi деп жүр­мiз. Жа­ңаша ойлану, жаңаша тол­ғану зама­нын­­дағы көзжұм­бай­лықты кiмге жабамыз? Өтпелi кезеңнiң қиындықтары алқымнан алған тұста өндірістің барлығы тоқырауға ұшырап, жа­былып қалды. Бүгiнде қайта қал­пына келiп, жұмыс iстеп тұрған өндіріс орындары саусақпен са­нар­лық. Сол жылдары бірнеше айлап, жылдап еңбекақы алмаған жұмысшы, қызметкерлерді ұстап тұру мүмкін болмағандықтан, олардың негізгі бөлігін босатып, жұмыссыздар санын арттырдық. Біз әлі күнге көрсек те, көр­меген болатын түйткілді мәсе­лелер жеткілікті. Соның бірі – тоқырауға тап болған кәсіп­орын­дар. Рас, олар кезінде табысты кә­сіпорындар болатын. Өзім Жам­был өңірінде қызмет істегендіктен, сол кездегі біраз жайдан ха­барым бар. Мысалы, Жамбыл был­ғары аяқ киім зауыты, «Ел ырысы» элеваторы, «БМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тәп-тәуір жұмыс атқарып жат­ты. Бұл кәсіпорын спирт, арақ-шарап өнімдері, алкогольсіз су­сындар, ұн, бидай клейковина, құр­ғақ мал азығы, консерві қақ­пақ­тары, шампунь, сұйық сабын, полиэтилен тауар­ларын өнді­ре­тін. Осы кәсіпорындар әрқай­сы­сы 3-4 млрд. теңгенің өнім­дерін өндіріп, салыққа миллиардтаған қаражат түсіріп отыратын. Қазір бұлар тоқтап тұр. Жұмыс істеп, өнім беріп жат­қан зауыттар неге тоқтап тұр? Бұ­ған кім кінәлі? «БМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Спирт зауыты мен «Алтын дән» элева­торларын бір ғана адам басқарып отырды. Кейін ол жасаған қыл­мысы үшін жауапқа тартылып, сот­талды. Дұрыс, жасаған қыл­мы­сы үшін жауапқа тартылсын. Ал енді ол үшін жұмыс істеп тұр­ған зауыттар құлауы керек пе? Бұл зауыттардың істемей тұрға­ны­на 3 жылдан асып барады. Қанша адам жұмыссыз қалды? Қан­шама ақша бюджетке түс­пе­ді? Соны кім ойлайды? Қай ми­нистрдің қабыр­ғасы қайысып жүр?! Елба­сы жыл са­йын елімізге қанша инвестиция тар­тып, жа­ңа жоба­лар­ды іске қосып жа­тыр. Жұ­мыс ор­нын тау­ып беріп отыр. Ал біз, керісінше, істеп тұрған зауыт­тарды тоқ­татып, мыңдап жұ­мыс ор­нын жоғал­тып жатыр­мыз. Зауыттарды сот шешімімен иелігіне өткен банк болсын, корпорация болсын немесе холдинг па, сол істеп тұрған зауытты жүр­гізуі керек еді. Қазір облыста қы­зылша өнімдерін арттыру мақ­сатында егіс кө­лемі ұлғайтылды. Шикізат қо­ры бар. Сол шикізаттан (патыка) арзан спирт өн­діріледі. Ал рес­пуб­ли­ка­мыз­дың эко­номикасы үшін жаны ашып жатқан Үкімет те, министр де, ірі кә­сіпорын да жоқ. Зауыт тұрса тұра берсін, жұмысшылар орын­дары жоғала берсін дегеннің кері. Сонда басшы кетсе, жұмыс жа­сап тұрған кәсіпорын да құ­рып кетуі керек пе? Соның ар­тынан орындаушы директор қой­ып, құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс жасауға болар еді ғой. Қойған қарауылдарына қара­май, қымбат элек­тронды жаб­дық­тар талан-таражға түсіп жатыр. Енді ол зауытты кім алса да, ол 3-4 жыл тағы да жұмыс істемейді. Міне, біздің жауап­сыз­ды­ғы­мыз. Республикамыздың эко­но­мика­сын бір жағынан көтеру, бір жағынан құрту. Екінші зауыт – «Ел ырысы». Оған директорын отырғызды, зауыт соттың шешімімен астық кор­порациясына берілді. Енді олар да алмай отыр. Зауытты жүргізген жоқ. Олар алма­ған­дық­тан, зауыт талан-таражға түсті. Міне, біздің істеп тұрған өнді­ріске теріс қарау. Жұмысшы жұ­мыс­сыз қалды, бюджетке қомақ­ты қаржы түспейді. Сөйтіп, ме­нің түсінбейтінім, бастығы сот­талды деп зауытты құрту керек пе? Оны бүгін «ҚазАгро» ұлт­тық холдингі» акционерлік қо­ғамы қайта жұмыс істетуі керек. Олай етпесек, бидай сақтайтын элеватор салу қажет болады. Облыста осындай жағдайда тұрған зауыттар баршылық. Жамбыл был­ғары аяқ киім зауытында қой­ылған ита­лия­лық жаңа жабдықтар қазір жоқ. Зау­ыт қаңырап бос тұр. Қос­алқы бөл­шек­тер зауыты да осындай жағдайда. Осы өндіріс­терді жүр­гізіп, тоқтатпау керектігін біле тұра, неге біздің Үкімет, министрлер, жергілікті бас­қару орган­дары арнайы қаулы қабыл­дамай­ды. Қаншама миллиард­та­ған шы­ғын, қанша қаражат өн­ді­ріп ала алмай отырмыз? Осыған кім жауап береді? Зауыттың бастығы құрыды деп істеп тұрған зауытты жоюды қою керек. Уақытында зауытты жүргізбей, қабылдап алған банк мекемесі, ұлттық холдингтер, фирмалар жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген аталы сөз бар. Біздің Үкімет осы сөзді қаперінен шы­ға­рып алып отыр. Онымен қоса, аймақтардағы әкімдер де, министрлер де жоғары жаққа тек жа­ғымды ақпарат беріп, жағымсыз жағдайларды жасырып қалуға тырысып бағады. Ал күні ертең жалған ақпар берушілік жарға жықпасына кім кепіл?! Яғни, «бар­лығы жақсы» деп елді де, Елбасын да алдағаннан ештеңе ұтпасымыз айдан анық. «Өтірік­тің құйрығы бір-ақ тұтам» деген қағиданы ескеретін болсақ, бү­гінгі өтірігімізге ертең бармақ шайнамас үшін әрекет етуіміз керек. Яғни, тоқыраған өндіріс орын­дарының тамырына қан жү­гірту қажет. Өйткені, олардың әр­қай­сысының артында жұмыссыз қалған қарапайым адамдардың тағдыры тұр. Үкімет тек шетелдіктерге жалпақше­шейлік таны­та бермей, экономи­кадағы «ауру­лар­ға» да көзін ашып қарағаны абзал. Аманкелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты.