Парламент • 29 Наурыз, 2017

Тоқаев: Терроризмді түбірінен жою стратегиясына көшу керек

213 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақ­стан­ның парламенттік делегациясы Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық құрылымдардың жұмысына қатыс­ты, деп хабарлады Жоғарғы палатаның баспасөз қызметі.

Тоқаев: Терроризмді түбірінен жою стратегиясына көшу керек

ТМД Парламентаралық Ассам­блеясының 25 жылдығына арнал­ған ТМД ПАА Кеңесінің сал­та­натты отырысында Қ.То­қаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мерей­тойға арналған Үндеуін оқып берді.

Н.Назарбаевтың ТМД заң шығару органдарының өкіл­деріне арнаған үндеуінде «Ассам­блея бүгінгі таңда ТМД заң шы­ғару органдарының өзара іс-қимылы мен ынтымақ­тас­тығының ерекше тұғырнамасы болып отыр әрі әлемдік парламентаризм жүйесінде көрнекті орын алады»,  деп атап өтілген.

Мемлекет басшысы ау­қымды саяси және экономи­калық ынтымақтастық жо­лын­да Достастықтың әлеуеті зор екеніне нық сенім білдір­ді. Қазақстан басшысы ТМД пар­ламентшілерін осынау беймаза кезеңде біздің халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің игілігі үшін бұдан былай да белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Қ.Тоқаев өз сөзінде Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың Үндеуінде Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелеріне орай Қазақстанның көзқарасы нақты әрі жан-жақты сипат­тал­ғанын, парламенттік өлшемнің ерекше маңызы айқындалғанын атап өтті.

Сенат Төрағасы Қазақ­стан­ның парламентаралық үнқаты­судан айнымайтынын айта келіп, Ассамблеяның жұмысына қолайлы жағдай жасағаны үшін Ресей Федерациясына ризашылығын білдірді. «ТМД ПАА-ның штаб-пәтері – Тав­рия сарайының Қазақстан үшін де тарихи маңызы зор, өйт­кені, ХХ ғасырдың басында осын­да Мемлекеттік Думада қазақ халқының даңқты өкіл­дері Әлихан Бөкейханов, Мұха­мед­жан Тынышпаев, Бақытжан Қаратаев және басқалар жұмыс істеді», – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Парламенті Жо­ғарғы палатасының басшы­сы ұлт­тық заңнамаларды дамы­­ту­дағы және Достас­тық аясын­дағы жан-жақты ын­тымақ­тас­тық­ты тереңдетудегі ТМД ПАА-ның рөліне жоғары баға берді.

Қ.Тоқаев парламенттік дипломатия мейлінше икемді, кейде тіпті халықтар арасында теңдесі жоқ арнаға айналған жағдайда ТМД ПАА әлеуетін одан әрі нығайтудың маңызы зор деп санайды.

Қазақстан делегация­сы ТМД ПАА отырысына қа­тыс­ты. ТМД ПАА Кеңесінің мүше­лері Парламентаризмнің халықаралық күнін белгілеу туралы бастаманы талқылады. Қыр­ғызстанда өткен референ­думға жүргізілген мониторинг нәтижелерін және Достастық елдер­індегі 2017 жылы өтетін сай­лау науқандарын байқауды ұйымдастыру мәселелерін  қарады, сондай-ақ ТМД Пар­ламент­аралық Ассамблеясының 2016 жылғы қызметін қорытын­дылады.

Отырыс аясында Ресей Федерация Кеңесінің Төрайымы Ва­лентина Матвиенко Пре­зи­дент В.Путиннің атынан Қа­зақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевқа Құрмет орденін табыс етті.

Отырыс барысында ТМД Парламентаралық Ассам­блея­сының 25 жылдығына арналған пошта маркасын естелікке тапсыру салтанаты болды.

Қазақстан делегациясының басшысы Армения Ұлттық Жиналысынан Ресей империясы Мемлекеттік Думасының депутаты болған М.Пападжановтың бюстін ТМД ПАА-ға беру салтанатына қатысты.

Сол күні ТМД ПАА-ның 46-оты­рысы болды, онда Ассам­блеяның тұрақты комиссиялары ұсынған бірқатар үлгі заңдар мен ұсынымдар мақұлданды.

Қазақстан Парламенті Сена­тының Төрағасы Қасым-Жо­март Тоқаев, сондай-ақ, Санкт-Петер­бургте Халық­аралық терро­ризммен күрес жөніндегі пар­ламенттік конференцияда сөз сөйледі.  

ТМД-ға қатысушы мемле­кет­тердің Парламентаралық Ас­сам­­блеясы мен ЕҚЫҰ Пар­­ла­менттік Ассамблеясы ұйым­­дастырған форумның күн тәр­тібіне қауіпсіздік және терро­ризм­ге қарсы іс-қимыл сала­сындағы халықаралық ынты­мақ­тастық, террористік әрекет­ке қарсы қызметтің гумани­тар­лық мәселелері, халықаралық қауіпсіздік жүйесінің эконо­ми­калық және әлеуметтік негіздері енген болатын.

Қ.Тоқаев өз сөзінде терро­ризм­ді тек бірлескен күш-жігер арқасында ғана түбірінен жою­ға болатынына нық сенім білдіре келіп, Президент Н.Назарбаев­тың БҰҰ аясындағы Жаһандық анти­террористік желі құру тура­лы бастамасының маңыз­ды­лығына форумға қатысу­шылардың назарын аударды.

Конференцияға қаты­сушы­ларға арнаған сөзінде Қ.Тоқаев халықаралық құқықтағы «терроризм» ұғымының заңды және саяси қисынды анықтамасын беру қажеттігі туралы айтты. Төр­­аға ең күрделі мәселелерді же­дел шешуге ықпал ететін сая­си үде­рістерге асығыс әрі ағат ба­­ға­лаудан шектелуге шақыр­ды.

«Мұндай қадамдардың нәти­желі болатынын Сириядағы қа­рулы қақтығыстардың басы­нан бері оқ атуды тоқтату тетіктерін құруға алғаш рет мүмкіндік берген Астана келіссөздері паш етіп отыр», − деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев бірде-бір ел қау­пінен қорғалмаған кибертерроризм мәселелері туралы да айтты: «Адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің маңыздылығын толық түсінген жағ­дайда қауіпсіздікті қамтама­сыз ету үшін интернетті реттеу мәселелері бойынша ойланудың мәні зор. Басты мақсат – экстремизм идеясын насихаттауға және жастарды террористік ұйымдардың қатарына алдап-арбап тартуға кедергі жасау болып отыр», − деді ол.

Баяндамада кедейлік, сауат­сыздық, сыбайлас жемқорлық, аза­маттардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу се­кілді терроризмнің бастапқы се­бептерін жоюдағы заң шығару ор­гандарының әлеуетіне ерекше назар аударылды. Қ.То­қаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясы сессияларының бірінде Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ұйым­ның Үйлестіру орталығын құру туралы мәселені қарауды ұсынды.

Қазақстан Парламенті Жо­ғарғы палатасының басшысы радикализм қатерлеріне қар­сы идеологиялық іс-қимылда Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­­басшылары съезінің де маңыз­дылығын атап өтті, сон­дай-ақ, Астанада 2016 жылы 31 мамыр­да өткен, жоғары мәртебелі діни қайраткерлер, бірқатар ел­дердің парламентшілері мен ғалымдар қатысқан «Дін­дер тер­роризмге қарсы» халық­ара­лық конференцияның қоры­тын­дылары туралы форумға қаты­сушыларды хабардар етті.

Қ.Тоқаев қазіргі замандағы реформалар мен халықпен ашық үнқатысуды терроризмге қарсы пәрменді шаралар ретінде атап өтті. Бұл тұрғыда мемлекеттік басқаруды жетілдіру және би­лік тармақтары арасындағы өкі­лет­­тіктерді қайта бөлу арқы­лы заң үстемдігін нығай­­туға бағыт­талған Қазақ­стан­дағы конс­титуциялық рефор­ма­лардың маңыздылығы айтылды. Төр­аға: «Терроризмге қарсы іс-қимыл­ға қатысты айтқанда, Консти­туцияға террористік әрекетке қатысқаны үшін Қазақстан азаматтығынан айыру туралы жаңалық енгізілді», − деді.  

Сенат Төрағасы сөзінің соңында терроризмді оқшаулау тәжірибесінен оны жаппай түбірінен жою стратегиясына көшу  жіті назар аударуды, үнқа­тысу мен өзара іс-қимылды талап ететін күрделі әрі жауапты жұмыс екенін атап өтті.

Қ.Тоқаев Еуропа Кеңесі Пар­ламенттік Ассамблеясының Төрағасы Педро Аграмунтпен әңгімелесті. Төраға Қазақ­стан­ның ЕКПА-мен ынтымақ­тас­тығының сындарлы сипатына тоқталды. Еліміз Еуропа Кеңесінің бірқатар маңызды конфенцияларына қатысушы Еу­ропаның Демократия жо­лын­дағы құқықтық комиссиясының (Венеция комиссиясы) толық мүшесі. Қазақстан Парламенті мен ЕКПА ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстандық депутаттар Страс­бургте өтетін ЕКПА сессияларына тұрақты түрде қатысады. Қ.Тоқаев демократияны дамыту, гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздіктің жаңа қатер­леріне қарсы іс-қимыл үшін үнқатысу мен нәтижелі ынты­мақ­тастықты жалғастыра беру керек деп санайды.

Сенат Төрағасы ЕКПА бас­шысын Президенттің өкілет­тіктерін Парламент пен Үкіметке беру жөніндегі Қазақстандағы конституциялық реформалар туралы хабардар етті.


Соңғы жаңалықтар