Айталық теріс не оң жүрсе де үнемі жолы болғыш адам өзін бақыттымын деп сезінеді. Енді біреу аста-төк байлықты бақыт санайды. Немесе тамағы тоқ, көйлегі көк қоңырқай өмір сүрсе де барына ризашылықпен қарап, өзін бақытты сезінеді.
Осынау ойға зер салсақ, мына түсініктердің бәрінің де екінші арғы жағы бар. Мәселен, «аса байлық не керек, ден сау болса болмай ма» деп санаған атам қазақ аса байлықты бір жуғанда кетіп қалар қолдың кірі деп есептесе, жолы болғыш адам адал ниетпен жүрмесе, бір күн болмаса, бір күні тұсалатыны сөзсіз. Ал барға қанағат тұтып, жайымен еңбегінің жемісін жеп, ешкімнің ала жібін аттамай тыныш өмір сүрген адам, сол қанағатының рахымын көре алады деп ойлаймын.
Осы ойымызға өмір жолы мен тындырған істері толық дәлел бола алатындай жандар арамызда аз емес. Солардың бірі ретінде есімі Атырау мен Маңғыстау облысына ғана емес, өзі жүріп өткен, еңбек еткен қалалар мен өңірлерге кеңінен танымал мұнай өндіру ісінің майталманы Нәсіпқали Марабаевтың өмірлік жары Ләйлә Оқанқызы Марабаева дер едім.
Соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде (50-жылдарда) ел-жұрт енді-енді ес жия бастаған шақта Семей қаласында техникумды үздік бітіріп, Мәскеудегі технологиялық институтқа жолдама алған талдырмаш денелі жас қыз Ләйлә Оқанқызының алдында тоқсан толғау, толған арман тұрды.
Жас та болса саналы қыз ең алдымен еліме де, өзіме де пайдалы мамандықтың иесі болып, еселі еңбек етіп көзге түссем, өз қатарымның алды болсам, сөйтіп анамды кешіп жүрген қиындықтардан құтқарсам, соңымнан ерген бауыр-сіңлілеріме қамқорлық жасап, оларды да оқытсам деп те толғанады. Бірақ қол қысқа. Асқар таудай әкесі дүние салған. Анасының табысы отбасының қажетіне жетер-жетпес. Ләйлә осы жолы Мәскеуге оқуға бара алмаймын деп мұңайып жүргенде қайран қамқоршы ана шәлісін, тағы басқа киім-кешегін сатып, қаражат тауып, жол азығын да дайындап, қызын Мәскеуге аттандырады. Ол кезде пойыз 5-6 қаладан өтіп бір апта жүріп баратын еді. Талантты қыз жол азабын тартса да оқитын жерін тапты-ау әйтеуір. Кеңестік дәуірдің сол кезде жастарға білім берудегі жасаған қамқорлығының бірі – студенттер асханасында нан мен шәй ғана тегін берілетін, ашқұрсақ, артынан келер көмегі жоқ студенттерге бұл үлкен көмек еді. Бар зейінін оқуға аударған Ләйлә үздік оқып, жоғары оқу ақысына (стипендия) қол жеткізді, тіпті 2-3 курста факультеттің мақтанышына айналды.
Туған жерден алыста ата-анасын, туыс-бауырларын сағынған қазақ жастары әлдеқалай қаракөз қандастарын кездестіре қалса, танысып, білісіп, араласып жүретін. Бұл әдет күні-бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі кезде де Англия, Шотландия, Швейцария, Америкада оқитын қазақ жастары Наурыз, Ораза айт, Құрбан айт және басқа еліміздің айтулы мерекелерінде бас қосып тойлайтынын естіп жүрміз, әуелі, наурыз көже, шелпек жасап, ата-баба дәстүрін жалғастыра алатыны, олардың жүрегінде ұлттық сезім мен сананың барына қуануға болады. Осы дәстүр сол 50-ші, одан арғы жылдардағы Мәскеуде оқитын жастардан бастау алмасына кім кепіл?
1957 жылы Мәскеудегі Губкин атындағы институтта Гурьевтен (Атыраудан) барып оқып жүрген жеті жігіт қазақ жастарын жинап кеш ұйымдастырады. Сол кешке технологиялық институттан Ләйлә Оқанқызы құрбылары Роза Шамсудинова және Хабиба Ақшолақовамен бірге қатысады. Жастар кештің барлық дайындығын өздері ұйымдастырады, атап айтқанда, ас мәзірінен бастап, ән мен күй, би, түрлі ойын-сауық дейсің бе, аянары жоқ, бар өнерлерін салады. Жігіттердің арасынан осы кештің асабасы, күйшісі Нәсіпқали Марабаев көзге түседі. Ләйлә болса тамақ әзірлеу жағынан мақтауға ие болады. Міне, осы кеш Нәсіпқали мен Ләйләнің таныстығына да, кейіннен табысуына да себепші болады. Бұлар 1958 жылы сол Мәскеуде студенттік той жасап, отбасын құрады. Екеуінің жалдаған қуықтай бөлмесінен достары үзілмейтін еді. Ләйлә екіқабат кезінде де, емтихан кезінде де қабақ шытпай достарын қабылдаудан жалықпайды. Тұңғыш ұлы Ермек Марабаев 1959 жылы желтоқсан айында Мәскеуде дүниеге келеді. Ләйләнің ақпейіл ниеті мен ашық қабағына риза болған достары Нәсіпқали бір жыл бұрын оқу бітіріп, бұрғылау инженері мамандығын алып, елге оралғанда жас баламен оқуын жалғастырып жүрген Ләйләға деген көмегі зор болғанын асқан ризашылықпен еске алады.
Ләйлә Оқанқызы да технолог-инженер мамандығы бойынша диплом қолына тиген соң Гурьев (Атырау) ет комбинатына жолдамамен оралады. Жас маманды бұған дейін бірде-бір жоғары білімді маман болмаған ет комбинаты шұжық цехының бастығы етіп қояды. Бірақ, алдынан шыққан бір қиындық – ыстау цехының аты бар да заты жоқ, яғни шұжық әзірлейтін жабдықтар жоқтың қасы. Екінші қиындық – қа-
йынатасы Әбуғали ақсақал бұған дейін үш адам сотталған бұл цехта келінінің жұмыс істеуіне қарсы болады. Бірақ, ол үлкен кісіге жағдайды түсіндіріп, алған бетінен қайтпады.
Ләйләға алдымен цехты жабдықтау және өңдеу ісімен айналысуға тура келді. Оған қажетті жабдықтарды қамтамасыз ету оңайға түскен жоқ. Алайда, жас маман барынша табандылық танытып дегеніне жетті. Көп ұзамай білімді маманның жолға қойылған ісінің нәтижесі сәтті шығып, қала халқы таңдайға татыған шұжыққа қарқ болды. Өзінің білімді маман екендігімен әрі іскер еңбекқорлығымен танылған Ләйлә Марабаева көп ұзамай комбинаттың бас технологі қызметіне жоғарылатылады. Бұл жұмыста ол осыған дейін комбинатта шешімі табылмаған біраз шаруалардың басын қайырды. Қашан да аянбай еткен еңбектің нәтижесі көрінбей қалмайды ғой, іскерлігімен көзге түскен Ләйлә қалалық кеңестің депутаттығына сайланды. Бұл міндет қоғамдық негізде болғанымен, жас маман әйелдер еңбегін қорғау комиссиясының төрайымы ретінде көп жұмыс атқарды. Соның бірі әйелдерді ауыр жұмыстан құтқарумен қатар, жұмыссыз әйелдерді еңбекке орналастыру ісінде біраз нәтижеге қол жеткізді.
Қызметте, қоғамдық жұмыста осыншалық табысқа жеткен Ләйләға келін ретіндегі сыннан өту де оңайға түспеді. Ол бір отбасындағы 16 адамды тамақтандыру, тазалыққа бас-көз болу, бәрінің көңілін табу сынынан да мүдірмей өткендей.
Ләйләдан бір жыл бұрын Губкин атындағы институтты үздік бітіріп, бұрғылау инженері мамандығымен елге оралған жұбайы Нәсіпқали Марабаев алғаш еңбек жолын Құлсарыда ұңғыларды күрделі жөндеу цехында бұрғышылықтан бастаған. Жер асты жабдықтары тез-тез істен шығып жатады. Оны қол күші, қайраты бар адамдар құбырды ұңғыдан көтеріп шығарып жөндеуі қажет. Осы істе өндіріс шебері Нәсіпқали аянбай еңбек етіп, іскерлігімен ауызға ілінді. Соның нәтижесінде бір жылдың ішінде Прорба кенішіне ауысып, аға инженерлікке қол жеткізді.
Ләйләға да жас баласымен Прорбадағы бұрғылау мекемесінің барлаушы ауылына баруына тура келді. Енді басқа да мұнайшылар сияқты жартысы жерден қазылған, жартысына тас, не қамыс қаланған, төбесі итарқаланып жабылған жертөледе (баракта) тұратын болды. Ортаға қойылған пешпен үй жылытайын десе, отын жоқ, жаңбыр жауса, төбеден тамшы сорғалайды, күніне мөлшермен берілетін екі шелек тасымалы су да күнделікті тұрмыс тірлігіне жеткіліксіз. Бірақ, отбасы жауапкершілігін арқалаған, сүйгенінің өмірімен өмір сүруді бақыт санаған Ләйлә осынау жертөленің өзін кең сарайдай санап, Нәсіпқали 70 шақырым жердегі бұрғылау базасынан келгенде ешбір қиындық сезбегендей қуана қарсы алып, жұбайының шаршағанын білдіртпей жіберетінін қайтерсіз.
Бірте-бірте Сарықамыстағы мұнайшылар ауылы да ұлғая түсті. Бұлар жертөледен екі бөлмелі жайлы үйге орналасты. Бұл кезде дүниеге екінші ұлы Жақып келген еді. Бала аздап есейіп, аяғын апыл-тапыл басқан кезде Ләйләның еңбекке араласқысы келді. Өзі сияқты балалары қолбайлау болып жұмыссыз қарап отырған әйелдер көп еді. Әйелдерге жұмыс істеймін десе, айналысатын шаруалар жетіп-артылады. Бұл жағдайдың бәрін ой елегінен өткізген Ләйлә Оқанқызы Құлсарыдағы басқарма бастығына барып, поселкеде балалар бақшасын ашып, әйелдерді жұмыспен қамту мәселесін қойды. Бастық бұл ойдың жақсы екенін, бірақ бақшаға лайықты үй жоғын алға тартты. Алайда, қолға алса, шешімін таппайтын іс жоғын жақсы білетін Ләйлә Оқанқызы тек үй тұрғызуға қажетті материал болса, қалғанын өзі ұйымдастыратынын айтып, келісімін алды. Бір жылдың айналасында бақша үйінің жоспарлауынан бастап, салынып біткенше басы-қасында ұйымдастырумен жүрді де. Жаңа оқу жылының басталу мерзіміне орай балабақша ашып, дегеніне жетті, өзі бақшаның меңгерушілігіне тағайындалды.
Ләйлә балабақшаның үйі біткенше қайта-қайта Құлсарыға барып, бақшаның тәрбие жұмыстарымен танысып, қажетті әдіскерлік әдебиеттерді қамтамасыз етіп, тәрбиешілер әзірлеп тыным таппады.
Ләйлә содан жұбайы Өзен бұрғылау жұмыстары бұрғылау басқармасының бастығы болып ауысқанға дейін мектепке дейінгі тәрбие саласын дамытуға еңбек етті, қалалық жаңа жобадағы екі балабақшаның тұсауын кесті.
Нәсіпқали Марабаевтың сонау 1958 жылдан алғашқы бұрғылау ұнғысының құбырын жөндеуден басталған мұнай өндіру саласындағы тер төге жүріп аға инженерліктен бас инженерлікке, одан мұнай-газ басқармасының бастығы болғанға дейінгі кезеңде ауыртпалықтар мен қиындықтарды бірге көтеріскен сенімді қамқоршысы болған Ләйлә Оқанқызының еңбегі зор.
Нәсіпқали Марабаевтың Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасын басқарған кездегі өте күрделі кен орнын игеруді ұйымдастырудан бастап, бұрғышылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға дейінгі алапат істері өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені, күні бүгінге дейінгі Нәсіпқали Марабаевтың біліктілігі мен іскерлігі ұйымдастыру шеберлігі жайында ел аузында «Мұнайшы болсаң Марабаевтай бол, бастық болсаң Нәсіпқалидай халыққа жақын бол», деген мақтаулы баға жатталып қалған.
Бір жағынан еңбек көрігінде шыңдалып қалыптасқан Нәсіпқали Марабаевтың тұрмыс-тіршілігіне еш алаңдамай, бала тәрбиесінде қиналмай алаңсыз жұмыс істеуіне көбіне Ләйлә Оқанқызының рөлі зор екені байқалады. Өмір бойы қызу еңбекпен атақ-даңққа бөленген, тіпті құрметті демалыс кезінде де облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мұнай өндірісінің майталман маманы, елдің, жердің жағдайын жақсы білетін ардагер азаматты өзіне ақылман етіп алып еді. Нәсіпқали Марабаев мұнай өлкесінің тарихын ел есінде сақтау мақсатымен энциклопедия шығару ісін ұйымдастырды, сондай-ақ мұнай қорын құрып, оның төрағасы болды.
Ләйлә Оқанқызының байсалды мінезі мен ақыл-парасаты отбасының береке-бірлігі мен бала тәрбиесінде анық байқалды. Ермек пен Жақып, одан кейінгі Света мен Сәуле де мектепті үздік бітіріп, әке жолын қуып, Мәскеудегі Губкин атындағы институттан мұнай саласының мамандығын алды. Өз білімдерін одан әрі Англия, Шотландия елдеріне барып толықтыра түсті.
Ермек пен Жақып Марабаевтар әкесінің бас инженер, басқарма бастығы болған жасында мұнай өндірісінің беделді маманы, үлкен басшылары болып, әке даңқын асырды. Ал Нәсіпқали Марабаевтың немерелері Ботакөз, Нұржан, Ләйлә шет елдерде білім алып, уақыт талабына сай еңбек етіп, Ләйлә Оқанқызын шөберемен қуантып жүр. Осыдан бірер жыл бұрын Ләйлә Оқанқызы бас болып, балалары қостап, Алатаудың баурайындағы жылқы клубы, орналасқан жерде үш, бес, жеті жасар үш шөбересінің сүндет тойын өткізді. Бұл қуаныштың бір ерекшелігі, сәбилердің бойына ұлттық дәстүр мен сананы бекем сіңіру мақсаты болар, жұртшылық қазақтың қыз қуу, теңге алу, атқа мінгізу, ат жарыс сияқты ойын-сауықтарды қызықтады. Осының өзі бұл отбасының бала тәрбиесіне ерекше мән беретінінің айғағындай.
Иә, өмір-өзен алға жылжи береді. Жайықта дүниеге келіп, білікті маман ретінде Үстіртте еңбек етіп, Маңғыстау облыстық атқару комитетінің төрағасы болып, облысты мұнайлы өңірде зор еңбек сіңірген, қазыналы түбек облысқа айналғанда басқаруға қатысқан атақты мұнайшы Нәсіпқали Марабаев 2007 жылы туған жерінде мәңгілік орын тепті. Бұл қаза сүйікті жары Ләйлә Оқанқызына да, асқар таудай әйгілі әкеден өнеге алған балалары мен немерелеріне, ол азаматты жақсы білетін жандарға оңай соққан жоқ. Есіл азаматты есте сақтау шаралары жүзеге асырылып, бақилық кезеңдегі екінші өмірі жалғасын тапты.
Ләйлә Оқанқызы жарты ғасырдан астам өзін жанындай жақсы көрген жұбайымен бақытты өмір сүрді. Елеулі еңбегімен сый-құрметке ие болды. Мақтаулы ұл-қызға ана болу бақытына бөленді. Алды жоғары білімді, тәрбиелі немерелерінің де, шүпірлеген шөберелердің де қызығына тоймай отырған бақытты әже. Осының бәрі жиналып келгенде Ләйлә Оқанқызы үшін көл-көсір әйелдік бақыт емес пе?
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Ләйлә Оқанқызы Марабаеваға осы бақытыңыз жалғасты болсын деген тілек білдіремін.
Күләш БЕЙСЕНБИЕВА,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері
АЛМАТЫ