Алаш арысының 100 жылдығы сонау 1992 жылы кіндік қаны тамған Таран ауданының Белинский ауылында облыстық деңгейде аталып өткен еді. Сол шарадан бес жыл өткеннен кейін ауылдағы орта мектепке Елдес Омаровтың есімі беріледі. Тәуелсіздік жолында құрбан болған арыстың есімін ұлықтаған шаралар мұнан кейін сап тыйылғандай болған. Расын айтқанда, туған жерінде Елдес Омаровтың есімі көңілдегідей атала бермейді. Кеш қонақтарының бірі, белгілі ақын Ақылбек Шаяхметтің айтуынша, осыдан бес жыл бұрын Қостанай қаласындағы көшелердің біріне Елдес Омаровтың есімін беру туралы ұсыныс та аяқсыз қалған. Ең бастысы, Елдестің атын кейінгі ұрпаққа насихаттау жағы кемшін.
Елдес Омаровтың туысы болып келетін Ақылбек Шаяхмет кешке қатысушыларға Елдес Омаров туралы тағылымды әңгіме айтып берді.
− Бізде Абайды «қазақтың Пушкині», Мұқағалиді «қазақтың Есенині» деп салыстырып айтып жатады. Мен осындай салыстыруға қарсымын, әркімнің өз орны бар. Дегенмен, Елдес Омаровты да уақытында замандастары «қазақтың Ломоносовы» деп атаған. Өйткені, ол жан-жақты білімдар адам, ғалым адам болған. Математика, физика ғылымдары, геометрия, тригонометрия туралы жазғандары күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Жаратылыстану пәндеріндегі терминдерді алғаш қазақша сөйлеткен Елдес болатын, – деді Ақылбек Қожаұлы.
Ақылбек Шаяхмет 30 жылдан бері Елдес Омаровтың өмірі мен шығармаларын зерттеп келеді. Ол туралы «Тайбағар» атты деректі хикая да жазды. Сонымен қатар, техника ғылымдарының докторы Марат Шуақаевпен бірігіп, «Елім деп өткен Елдес» атты кітапша шығарды. Өткен жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің баспаханасынан осы екі автордың құрастыруымен «Елдес Омаровтың шығармалары» атты қазақ және орыс тілдерінде шағын кітап жарық көрді.
− Әрине, бұл кітаптың таралымы өте аз. Биыл Білім және ғылым министрлігіне Елдес Омаров шығармаларын басып шығару туралы ұсыныс жасағанбыз, егер өндірістік жоспарға кірсе, жарық көріп қалады. Елдес Омаров ұсталғанда оның 72 қолжазбасы тәркіленген екен. Олардың барлығын тауып, құрастыру, оқырманға ұсыну үлкен еңбек болар еді. Негізі Елдес туралы осы уақытқа дейін жазылған толымды еңбектер жоқтың қасы, – дейді Ақылбек Қожаұлы.
Еліміз тәуелсіздігіне, халқымыздың рухани дүниесіне қызмет еткен тұлғалардың қайсысын болса да насихаттап, айтып отырмаса, жас ұрпақ одан хабарсыз қалары сөзсіз. Қостанай гуманитарлық колледжінде Елдес Омаровқа арналған кештен жастар көп мағлұмат алды, тұщымды әңгіме тыңдады. Елдес атамызға арналған кешке Алаш арысының жиені Қарапа Жәкенова апай да қатысып, атасы туралы көзкөргендерден естігенін, жадына түйгенін ортаға салды. Студенттер Елдес Омаровқа арналған кешті ән мен жырға бөледі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ