Осы мәреге жеткен тұста да лауазымдысы, белдісі, бекемдісі, басқасы бар кейбір мекемелерде мемлекеттік тілдің тағдыры аудармашылардың құзырында қалғанын жұрт білсе керек. Қазақ тілді басылымнан едік деп, мәлімет сұрасаң ондағылар аудармашыға сілтейді. Кейде өзге тілде мақала жіберіп, «Бір ретін келтірсеңдер жөн болар еді, аудармашымыз болмай тұр, не сырқаттанып қалды», деген уәждерін алға тартады. Басқалардың ондай тілектеріне түсіністікпен қарауға болады. Өз қандасың шүлдірлеп тұрса, шарасыз күй кешесің.
Кеңес дәуірінде, 1989 жылдың 21 қыркүйекте «Тіл туралы» тұңғыш заң қабылданып,онда қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Ол жұртымыздың елдік жолындағы күресінің бір жеңісі деп білдік. Одан бері де 30 жылға таяу уақыт өткені, тіл мерекесі тойланып келе жатқаны белгілі. Тәңір жарылқап, тәуелсіздіктің таңы атқанда тіліміздің мәртебесі Ата Заңнан ойып тұрып орын алды. Сөйтіп, «Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тәуелсіздіктің басты идеясының бірі – тіл тәуелсіздігіне қол жеткізіп едік. 1997 жылы Президенттің бекітуімен «Тіл туралы» егемен ел заңы қабылданды. 1998 жылы Үкімет мемлекеттік тілге басымдық беру жайын жан-жақты қарастыра келіп, арнайы қаулы қабылдап онда: «мемлекеттік органдарда іс қағаздарын кезең-кезеңмен қазақ тіліне көшуіне байланысты іс-шаралар жоспарын жасап, жүзеге асырсын» деп тапсырды. Сонымен бірге, әрқайсысы он жыл ішінде атқарылатын жұмысты айқындаған екі мемлекеттік бағдарлама жасақталды.
Осы арада ұлт асылы Сәкен Сейфуллин ойға оралып отыр. Қазақ АКСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы кезінде «Қазақты қазақ дейік, тарихи қатені түзейік», деп қорланған ұлтының атын қайтарып, іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу жөнінде декрет қабылдатты. Осының басында жүріп батылдық танытқан алаш арысы «Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге: «Біреу ұлтшыл деп айтады...» деп бой тартады. Бірақ бұл – қулық, бұл коммунистік қылық емес, ол – жарамсақтық, жағымпаздық... «Жақсы коммунист екен» деп айтсын дегендерді» қатты сынға алады. Тағы бір алаш арысы М.Дулатовтың: «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болды» деп, артынан сол мемлекеттік тілдің мәртебесін орындамай жүргендерге реніш танытатыны осы тұс еді.
Әрине, аудармашы керек. Бірақ, заң талабына сай мемлекеттік тіл өз дәрежесінде атқарылуы тиіс емес пе? Оны аудармашыға жүктеп қоюдан арылатын кез баяғыда келген. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кітабында, «Тіл дамуы үшін тілдік орта қажет. Бұл – ең бірінші шарт. Сосын тілге деген қажеттілік керек. үшінші шарт, ана тіліңді ардақтайтын ұлттық намыс керек» деп тайға таңба басқандай айтқаны мәлім. Осыны мүлтіксіз орындауға келгенде енжарлық танытып жүрміз. Егер әлгі мәртебелі мекемелер Президент айтқан қажеттілікті қалыптастырып, намыстарын оятса, тіл жайлы әңгіме тыйылып, өркениетті елдердегідей өріс ала берері сөзсіз.
Осы күні үлкенді-кішілі мекемеге телефон соғып шаруаңды айтсаң, аудармашыға, болмаса баспасөз хатшысына хабарласу керектігін жеткізеді. Ақиқатына келсе, баспасөз хатшысының міндеті үлкен. Оны өзіміз үлгі ететін мемлекеттерден көріп отырмыз. Әйтсе де, сол баспасөз хатшылары барлық жерде талапқа сай жұмыс істеп отыр ма деген бір сұрақ көкейден кетпейді. Олар көбінде бастығының «жазбаларын» әзірлеумен айналысады. Оны төрт аяғынан тең тұрғызса сөз басқа. Сол баспасөз хатшыларының кейбірінің мамандықтары жұмысына да сәйкес келе бермейтіні және бар. Еліміз егемендік алған жылдардағы баспасөз хатшылары шетінен мықты еді. Екі тілге жетік болатын. Қазір олай деп айта алмасақ керек. Біразының мемлекеттік тілден хабары шамалы...
Кейбір компания мен банктердегі мемлекеттік тілдің жағдайы шала-жансар десек қателесе қоймаспыз. Ендеше, есеп-қисабы әдемі, қаржы жағынан бақуатты іргелі мекемелердегі аудармашы мен баспасөз хатшысының мәртебесін көтеріп, ұлт тілінің ұйтқысы дәрежесіне жеткізсек ұтылмас едік. Бұл азат ел тілінің өресі биіктей беретініне септігін тигізері сөзсіз. Ол үшін көптің қатарындағы ғана емес, күн сайын жұрт алдында жүретін, ой-өлшемі биік, рухы мықты, өз жұмысының ғана иесі емес, киелі ана тілінің де тілекшісі болатын намысты, көзі алысты шалатын жастарды алда айтқан екі мамандыққа табан тіретсек, кеткен есе қайтып, ана тілінің еңсесі биіктей беретініне иманымыз кәміл.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»