Медицина • 30 Наурыз, 2017

Қоршаған ортаны қалай қорғаймыз?

2128 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының ұйымдастыруымен «Қазіргі экологиялық ахуал: әлемдік үрдістер мен ұлттық ерекшеліктер» атты халықаралық конгресс өтті. Жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және шет елдер мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар қатысты.

Қоршаған ортаны  қалай қорғаймыз?

Бүгінде қоршаған ортаны қорғау қадамдары адамзаттың табиғатпен үй­ле­сімді өмір сүруі тұрғысынан қарала бастады. Осы орайда, конгресс аясында өткен көрмеде экологиялық тұрғыдан қауіпсіз отандық өнімдер таныстырылды.

Мәселен, астаналық «Биопакет» кә­сіпорны шығаратын экопакеттер картоп және жүгері крахмалы мен қант құ­ра­ғынан жасалады. Бұл пакеттердің полиэтиленнен ерекшелігі – пайдаланып болғаннан кейін үш ай мен бір жыл аралығында шіріп кететіндігінде. Яғни, қоршаған ортаға қауіпсіз. Компания өкілі Уәлихан Жұмановтың айтуынша, қазіргі кезде алғашқы биопакеттер елордалық сауда дүкендеріне түсе бас­тады. Кәсіпорын келешекте осы іс­петті тез ыдырайтын биоыдыс жасау­ды жоспарлап отыр. Ал «Нұр Қайнар» ин­но­вациялық кластері» ЖШС табиғи ши­кізатты қайта өңдеу технологиясы ар­қылы қылқан концентраты өндірісін жолға қойған. Бұл адамға күш-қуат беріп, иммундық жүйесін нығайтатын және көптеген ауруларға шипа болатын концентрат саналады. Сондай-ақ,  қа­ланы қар мен мұздан тазартып қана қой­май, оны су күйіне айналдырып, ар­найы қоймада техникалық су ретінде сақтайтын жоба да еліміздің қар көп түсетін өңірлерін қызықтыруы тиіс.  

Басқосуда көрнекті ақын, Қазақстан­ның Еңбек Ері, «Байтақ болашақ» ха­лықаралық альянсының құрметті президенті Олжас Сүлейменов біз өмір сүріп отырған химия мен уран заманында ең өзекті тақырыптың бірі экология екенін, табиғатты қорғау болашақты, өмір­ді қорғау болып табылатынын, бү­гінде қазақстандықтар мұны кеңінен тү­сіне бастағанын атап өтті.

–  Бұл тақырып неге біздің жанымызға жақын? Қай елде атом сынағы қырық жыл тоқтамай жүргізілді? Қай елде осын­­шама темір, мұнай, көмір жер қой­на­у­ынан алынды? Қазір жерімізде  24 мил­лиард тонна өндірістік, 100 миллион тонна тұрмыстық қалдық бар. Бұл қал­дықтар жерді, суды және ауаны улап жа­тыр. Соның барлығы денсаулыққа ке­рі әсер етеді. Қазақстан халқының көбеюіне де тежеу салып отырған осы құбылыс. Мәселен, көршіміз Өзбек­стан­мен салыстыра қарайық. ХХ ғасыр екі бауырлас ұлт үшін қалай өтті? 1926 жылы жүргізілген санақ бой­ынша қазақтың саны 6 миллион 200 мың адамды құрады. Сондай-ақ, бар­лық құжаттарда қазақтар ірі түркі ха­лықтарының бірі ретінде жазылып жүрді. Ал сол жылдары өзбектің са­ны 4 миллион еді. Арада 90 жыл өт­кен­­де олар 31 миллионға жетті. Яғни, қа­­­зақ халқынан үш есе алға озып кет­ті. Бұл отызыншы жылдары өте сау­ат­­сыз әрі қылмыспен жүргізілген ұжым­дас­­ты­ру науқанының нәтижесі ға­на емес, бұл біздің экологиялық про­б­ле­ма­­­ла­ры­мыз­д­ың да нәтижесі. Біздің жас­та­ры­мыз­дың бір бөлігі балалы бола ал­май жүр. Бұл – нағыз апаттық ахуал, – деді Олжас Сүлейменов.

Ол осы ретте елді өндірістік жә­не тұрмыстық қалдықтардан тазалап, эко­ло­гиялық мәселені Үкімет мү­ше­ле­рінің мой­нына ғана артып қоймай, қо­ғам бо­л­ып шешуге жұмылудың уа­қы­ты әлдеқашан жеткенін атап өтті.

Қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Азаматхан Әміртайдың айтуынша, қа­зіргі кезде экологиялық сана қа­лып­тас­тыру мақсатында аталған альян­с­тың қол­дауымен «Таза ел» ат­ты қоғ­ам­дық га­зет шы­ға бастады. Со­ны­мен қа­тар, бай­тақ бо­л­ашақтықтар би­ылғы көк­темде қа­зақ­стан­дық әр аза­мат­тың жас өскін егіп, 18 миллион отан­дасымыздың 18 миллион тал егуге қа­тысуын ұйымдастыруды қол­ға алып отыр.

– Қоршаған орта – адамзаттың алтын бесігі. Біздің мақсатымыз – эколог ғалымдармен біріге отырып, өзекті проблемалардың шешу жолдарын табу. Өйт­кені, елімізде өндіріс көлемі аса ұл­­ғаймаса да экология мәселесі өзекті күй­­ін­де қалуда. Түрлі себептермен су­да да, жерде де жануарлар дүниесінің қы­рыл­уы белең алуда. Адам ауруы арта тү­суде. Бұл экологтарды ғана емес, қа­ра­­пайым азаматтарды да ойландырады. Әлемде ең алғаш ядролық полигонды жапқан, Арал теңізі тартылуының зардабын тартқан, киіктей киелі аңның азайып кетуіне жауапкер халық ретінде біз осы қозғалысты бастадық, − деді Азаматхан Әміртаев.

Табиғат пен адамның үйлесімін дамыту, жасыл экономика мен орнықты экоорта құру мәселелеріне тоқталған конгресс барысында Оңтүстік Кореядан келген Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг Қазақстанға Бірік­кен Араб Әмірліктерінің үлгісінде то­лы­ғымен баламалы қуат көздерінің есе­бі­нен өмір сүретін қала құру жөнінде ұсы­ныс білдірді. АҚШ-тың Колумбия уни­вер­ситетінің профессоры Рафис Абазов экологиялық саясатты тиімді жүргізуде төртінші индустриялық төңкерістің маңызды орын алатынын жеткізді. Америкалық профессор заманауи тех­но­логияның соңғы үлгілері арқылы қор­шаған ортаны қорғау мүмкіндіктерін са­ралады. Мәселен, әлеуметтік инно­ва­ция тұжырымдамасы арқылы қо­ғам­ды ортақ мақсатқа жұмылдыру, жас­тардың экологиялық саясатқа қа­ты­суын түрлі платформалар негізінде ны­ғайту жөніндегі ойларымен бөлісті. Ал Парламент Мәжілісінің депутаттары Ирина Унжакова, Айгүл Соловьева, Марат Бопазов экологиялық талаптар­ды қатаң сақтаудағы заңнаманың рө­лін күшейту шаралары туралы әң­гі­мелесе, Амангелді Айталы, Тоқтар Әубәкіров, Мэлс Елеусізов және тағы бас­қа көптеген елімізге белгілі тұлғалар өз­дерінің ой-ұсыныстарымен бөлісті.

Енді аталған конгресс жыл сайын өтіп тұрмақ. Алғашқы конгресс қа­ра­рында Қазақстанда 2018 жылды эко­ло­гияға арнау туралы ұсыныс жасалды. Биыл көрші Ресейде аталып өтіп жат­қан экология жылы келесі жылы елі­міз­де жалғасса, одан әрі көрші елдерде қол­дау тапса, аймақтың экологиялық аху­­алында жүйелі ілгерілеушілік болар еді, дейді қатысушылар. Сондай-ақ, Үкіметке балабақшадан жоғары оқу орын­дарына дейінгі білім беру жүйе­­сін­де экологиялық мәдениетті оқы­ту жөнінде де ұсыныс жолданатын болады.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»