Фельетон орнына
ЕСІК ТЕ, ТЕСІК ТЕ КӨП
Соғыстың қайнап жатқан кезі екен. Авраам үйде терең ойға кетіп отырған көрінеді: «Менде қазір екі жол бар: біріншісі – мені соғысқа алмайды, екіншісі – пәуеске жіберіп, мені соғысқа алып кетеді. Егер соғысқа алып кетсе, тағы да екі жол бар: біріншісі – аман қаламын, екіншісі – жау қолынан қаза табамын. Қаза тапсам, екі жол бар: біріншісі – тауып алып, мені жолдастарым жерлейді, екіншісі – далада қалып, аң-құсқа жем болам. Егер аң-құс жеп кетсе, онда менде бір-ақ жол қалады» деген ойға кетіпті.
Ал енді, бұрын да, қазір де қылмысқа бару – соғысқа барғанмен тең. Айырмашылығы сол – соғысқа кірген адам атой салып айғайлайтын болса, қылмысқа кіріскен адам сыбысын білдірмейді. Бірақ ой онда да болады.
Нендей ой болады дейсіз ғой? Мұныкі де тура Авраамның ойы: «Егер қылмыс жасасам ұсталамын не ұсталмаймын. Егер ұсталып қалсам, ұстаған адамға «сен жақсысың» деп құтылып кетем, не ол мені «сен жамансың» деп қамап тастайды. Қамалған соң іс қозғалып сотқа барамын. Ал соттан бір-ақ жол шығады, ол түрмеге апарады» деп ойлайды.
Мұндай ой дұрыс емес. «Ауру өле ме, сау өле ме, құдай біледі» дегендей, кімді соттайтынын сот өзі біледі. Қылмыс деген бетке жағылған қара дақ. Сол дағыңыз жағылған күннен бастап сотқа жеткеніңізше көмескі тартып қалуы мүмкін. Ал кейбір судьялардың ондайды «байқамай да» қалуы әбден ықтимал.
– Мүмкін емес!
– Әбден мүмкін. Мысалы, Жамбыл облысында жемқорлығы үшін үстінен іс қозғалған 83 шенеуніктің 10-ы ғана сот үкімімен артқы есіктен шығып түрмеге тартқан, қалғаны алдыңғы есіктен шығып, жеңіспен үйге оралған.
– Мұны кім айтты?
– Мұны айтқан анау да емес, мынау да емес, облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің бастығы.
Ал біздің «авраамдықтарға» айтарымыз, «ұсталсам – қамалам, қамалсам – айдалам» деген ойды тастаңдар. Сот қасқыр емес, оның тесігі де көп, есігі де көп.
Сағаділдә ӘЖІБАЕВ.
Алматы.
* * *
«БОЛАДЫ» МЕН «БОЛМАЙДЫ»
Қаламыздың «туғанына» –
190 жылдан асты,
Екі ғасырға аяқ басты.
Өткен жылғы тойда бір,
Бастықтар айтқан уәде –
Әлі күнге ойда жүр:
– Танымастай қаламыз
Түрленетін болады,
Су жүгіріп көшелер
Гүлденетін болады.
Қаңғыбас ит көшеде
Жүрмейтұғын болады,
Шабаланып адамға
Үрмейтұғын болады.
Саялы ағаш көгеріп,
Жайнайтұғын болады.
Арасында бұлбұлдар,
Сайрайтұғын болады.
Сасық иіс қолқаны
Атпайтұғын болады,
Жолымызда күл-қоқыс
Жатпайтұғын болады..
– Әкімдер осылай дегенде
Қуанып еді халық бір.
Тірлік бар-ау... бірақ та
Кей уәде із-түзсіз
Ұмытылып қалып тұр.
...Қаламыздың ортасынан өтетін,
Батыс пен Шығысқа кететін,
Шойын жолдың екі жағы
Қыл-қыбыр үйіліп жататын,
Қоқыс біткен құйылып жататын.
Содан сөйтіп... жүре бересіз,
Сойқан біткенді көре бересіз.
Өлген есектің қаңқасы,
Ағаштың жаңқасы,
Ит пен мысық терісі,
Күйген көрпенің мақтасы.
Соғымның сүйек-саяғы,
Жылқының серейген аяғы,
Доңыздың қиы мен
Сиырдың жаппасы,
Сасық иіс қолқаны ататын,
Қаңғыбас ит пен
Шыбын-шіркей рахатқа бататын,
Қысқасы, қан-жынның құсханасы.
Тағы бар масқарасы –
Жұрттың жуындысы да,
Машинаның майы да
Осы жерге төгіледі.
Темір-терсектің «мәйіті»
Осы жерде «көміледі».
Әне, анау комбайнның шанағы,
Бульдозердің қалағы,
Трактордың табаны –
Бәрі осында тасталған,
Маңай содан ласталған.
Тамашалап тұрғаныңда
Әлгі күйкі масқараны
Тағы бір сойқан басталады.
Әп-сәтте Сырдың желі құтырады,
Шаң борап, күн тұтылады.
Көзіңді аша алмайсың,
Аттап аяқ баса алмайсың.
Дауыл ысқырып жынданады,
Қолқаңды құм қабады.
Ауа жетпей демің бітеді,
Азаппен күнің өтеді.
* * *
Аузына май айтқаның,
Бола берсін демекпіз.
Құт-береке қалаға
Қона берсін демекпіз.
Бірақ осы енжарлық,
Баса берсе еңседен,
Жанашитын бастықтар
Шықпай тұрса кеңседен,
Араламай қаланы
Сірә, тірлік оңбайды.
Басына бармай жұмыстың
Болатын іс болмайды.
Өтеген ЖАППАРХАН.
Қызылорда.
* * *
ШОЛАҚ МЫЛТЫҚ
Күні бойы ішкен еркек түнде шөл қысып оянып, әйеліне:
– Жаным, су әкеліп берші, аузым кеуіп барады.
– У керек емес пе? Мен бе аузыңа арақ құйған?
Біраз уақыттан кейін күйеуі тағы да су сұрайды.
Бұған мүлде ашуланған әйел орнынан тұрып:
– Ұйқы бермедің ғой. Қазір оқтауды әкеп, басыңды жарам.
– Оқтауға бара жатсаң, қайтарыңда су ала келші, жаным...
* * *
Құдасы көрші ауылда тұратын құдасын көрген сайын «үйге келмедің, бір қойдың басын жемедің» деп айта берген екен. Содан бір күні шақырылған құда да қонаққа келеді. Арада бір апта өткенде, қонақ күтіп әбден шаршаған құдағи:
– Құдеке, ауылыңыз өртеніп жатыр деген суық хабар алдық, қайтпайсыз ба?
– Ондай жағдай болса, ол жақта жататын жер де жоқ шығар. Осында қала берейін.
– Құдеке, жай қалжыңдағаным ғой, бәрі аман-есен, қайта берсеңіз болады.
– Онда тіпті жақсы, енді алаңсыз жата берейін...
* * *
ТҮЙРЕГІШ ТҮЙІНДЕР
Ойлаудан қалған ғалым тұл.
* * *
Тұрлаусыздың тұғыры жоқ.
* * *
Сүлейге дүлей соқтыққандай.
* * *
Озбырдың бәрі ұрынғыш.
* * *
Қораштың қимылы оғаш.
* * *
Жалғаншы – жанжалшының атқосшысы.
* * *
Мүләйімсу
Іштей құдайымсу.
* * *
Өзінен өзгелердің бәрі – ақымақ.
Осылай ой түйеді кәрі ақымақ.
* * *
Киелі деп көпірткені – күйелі.
* * *
Әйелді ызаландырғың келсе,
Құрбысын мақтағайсың.
* * *
Мылжыңды тыңдағанның миы ашиды.
* * *
Топастың миы – қапас.
* * *
Әуесқой атансаң да,
Әбесқой атанба.
* * *
Ерігу,
Зерігу,
Еріну,
Жерігу –
Еңбектенуден жеріну.
* * *
Айғайшылдың айналасы – беймаза.
* * *
Езден, ессізден –
Үйренерің жоқ,
Жиренерің көп.
Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.
* * *
БҮК-ШІК МОНША
Анда-санда жолай үлкен үйге тұмсық сұғатын әдетіммен кірдім де, жеңгеме:
– Ағам біржаққа кетіп пе еді? – деп едім:
– Қайда болушы еді, демалыс болса бітті – моншасына түсіп «терлеп-тепшиді» емес пе! Арғы беттегі көршінің мүк басқан моншасында. Тілі күрмеліп, көзі қылиланбай тұрғанында барып алып кел! Көрші де көкезу біреу. Сирағы шыққан сидиған неме, – деді тыжырынып.
Келесі келгенімде жеңгем «ағам қайда?» дегізбеді.
– Түскен соң моншаның да тәуірлеуіне барған жөн бе деп қалдым. Ағаң өткенде бажасымен басқа бір тәуірлеу моншаға барып келіп еді, өзі де, сөзі де түзу. Бажасы екеуінің тірлікті қозғаған әңгімелерінің шетін естіп, «Әп бәрекелді!» деп ши сындырдым. Барған моншалары да тәуірлеу, онда басталып, үйде жалғасын тауып жатқан әңгімелері де көңілге қонады, – деді жылы жүзбен.
Тағы бір жексенбіде қарашаңыраққа бара қалып едім, жеңгем:
– Ағаң моншада емес, орталықтағы оңаша саунада. Өткенде соған жетеқабыл біреуіне барыпты. Ондағылар осалдар емес, таныса келе, білісе келе көп нәрседен көзі ашылып, көсемсіп келді. Тіпті сұраса келе, білісе келе біреуі ағаңды ақшасы тәп-тәуір қызметке де кіргізіп жіберді, – деп желпінгені бар.
Келесіде ағама есік алдында амандасып қалдым. Асығыс, қолдорбасынан «терлеп-тепшуге» кетіп бара жатқанын түсіндім.
Үйге кіріп едім, жеңгем:
– Кім білген, монша жарықтықтың неше түрі болатынынан мақұрым екенбіз. Бүгін оның ең мықтысына бірақ тартты. Өткендегі оңаша саунаға барған сайын бағы жанып... Негізі, тәп-тәуір жұртпен таныс-біліс болып, өресі өрге озып, өрісі кеңіді десем болады. Әріден айтқан әңгімесіне, сондағылардың демеуімен бел буып кіріскен ісіне ризамын. Саулығын тілеп, бұрындары айына бір баратын «базарына» жеті сайын желпіндіріп отыратын болдым, – деді көз жанары жайнап.
Бірде жеңгеме дүкен маңында жолыға қалып едім: – Ертең жексенбі емес пе, ағаңның анда апаратындарын алып жүрмін. Ағаң ерледі, құдай қаласа қалауы болып, дегенімізге жетерміз! – деп жөнеле берді.
Бармағалы біраз болған, үлкен үйге келіп едім, жеңгемнің қабағы қату, өңі өрт сөндіргендей: – Келдің бе! – деп кіржиді де: – Бүк-шік монша түбіне жетті! Бір крутойдың кругында болатын. Солармен шомылып жатып, олардың бір керіс-ұрысына тап келіп, қарсыласы ұр да жық ит екен, бұларды бу бөлмесінде бас көз демей, сабап өлімші етіп... Қан-жоса қалпы ауруханаға түсіп, әрең-пәрең айыққан болып, қолтықтап көтеріп кеше үйге әкелгенбіз. Қайтейік, омыртқадан опырылып жүріп-тұрудан қалды. Жуынып-шайынсын деп қоларбамен арғы беттегі көршінің мүк басқан моншасына апарғанмын... Сирағы шыққан көкезу көршімен ішіп тілі күрмеліп, көзі қылиланбай тұрғанында барып алып кел! – деді тыжырынып.
Ерсұлтан МАҒЖАН.
Алматы.
* * *
СҰРАҚ-ЖАУАП
– Сіздің жақтың адамдары қызық сөйлейді екен: «Нан» деудің орнына «нан-пан» дей салады, «алма» деудің орнына «алма-палма» дейді, «шырын» деудің орнына «шырын-пырын» дейді. Неге?
– Мәдениет-пәдениеттің жетіспеушілігінен шығар...
* * *
Химик достарына мақтанып жатыр:
– Кеше баламның тілі шықты, алғашқы сөзін айтты!
– Қызық екен, әке деді ме, шеше деді ме?
– Жоға! Изопропилофторметилфосфонат деді!
* * *
– Осы данышпандық – дерт деседі ғой.
– Ол рас. Алаңдамаңыз, сіз ол «дерттен» сап-саусыз.
* * *
Әйелі күйеуіне:
– Тотықұсқа боғауыз сөздерді үйреткен сенбісің?
Е, жоқ-а! Тек оған айтуға болмайтын сөздерді ежіктеп ұқтырғанмын...
* * *
– Үремкені қолыма қайтсем ұстамауға болады?
– Арақты түтікшемен ішуді үйрен...
* * *
– Әйел мен шараптың қайсысын тәуір көресің?
– Қай жылғы екеніне байланысты...
* * *
– Дүйсенбіде өзімді Робинзон Крузомын деп сендіремін.
– Неғып?
– Өйткені, жұма күнін сағынамын, тезірек болса екен деп елегзимін.
______________________________
Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.