31 Наурыз, 2017

​Бапкердің біліктісін шақырған жөн

137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Александр Бородюк деген ре­сейлік маман футболдан Қазақ­стан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Оның өткен жы­лы Алматының «Қайрат» ко­ман­­дасын қалай «баптағаны» есі­мізде.

​Бапкердің біліктісін шақырған жөн

Осы маман 2015 жылғы 28 жел­тоқсанда «Қайратпен» үш жылдық келісімшартқа отырып, команда Қазақстанның Суперкубогын жеңіп алғанда басы-қасында болған. Құрамы мықты Алматы клубы бұл кубокқа онсыз да иелік етуі мүмкін еді. Ал жаңа маусымдағы «Қайраттың» сүреңсіз ойындары (4 матчта 2 ұтылыс, 2 тең ойын) Ресей маманының кетуіне түрткі болды.

Біз Қазақстан футбол федера­ция­сының басшылары секілді Бородюктің керемет жағын білмейтін шығармыз. Мамандар оны бекер шақырып отырмаған да болар, бірақ өз елінде көптен бері санатта жоқ маман өзге елдің намысын жанып, ірі жеңістерге жетелейді дегенге күдігім бар. Әлем чемпионатының іріктеу сынында  ол баптайтын Қазақстан құрамасының Арме­ниядан 2:0 есебімен жеңілуі осының дәлелі іспетті.

Қазақтың намысын шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасында қорғап жүрген «Барыс» деген жалғыз команда бар. Өзіндік ойын өрнегі қалыптасқан мінезді команда. Дәл қазір бұл ұжымның басына кім келсе де аталған лиганың бел ортасынан төмен түсе қоймайтындай мүмкіндікке ие. Елорда командасы қазір ҚХЛ-дің Шығыс конференциясында өнер көрсетіп жүр. Кеше ғана Гагарин кубогы жолындағы жарыстың екінші сатысында Магнитогорскінің «Металлургіне» қауқар көрсете алмай, төрт кездесуде қатарынан ұтылып, плей-офф жарысынан шығып қалды.

«Барысты» әр кезде А-П.Селин, В.Крикунов, А.Назаров сынды мамандар басқарды. Финн маманы басқарған тұста астаналық хоккейшілер гол соғу, жеңіс саны бойынша лигадағы барлық рекорд атаулыға өзгеріс енгі­зіп үлгерсе, В.Крикуновтың басшы­лығымен турнир кестесінде 11-орынға шығып, «ең үздік шетелдік команда» аталды.

Назаровтың үлкен ерлігі сол – командада Жайлауовпен қатар басқа қазақ жастарының да аттары атала бастады. Ыбырайбеков, Рыспаев... Қайыров та командаға шақырылды. Орыстар «қазақ батыры» деп атап, әр ойында сескеніп жүретін Дамир Рыспаев – Назаровтың төл өнімі. Орыс хоккейінде қазақтан қорқу сезімін ұялатқан Назаров мырзаға осы үшін де алғыс айтуға болады. Сәл еркелетіп алған шығармыз Дамирді, бірақ оның қазақтық мінезіне, намысқа толы жігеріне бүкіл ҚХЛ тәнті болды.

Өткен жылы командаға беларусь маманы Эдуард Занковец келді. Неге келді, қандай жетістікке жеткізем деп келді, ол жағы Қазақстан Хоккей федерациясының басшылығына ғана мәлім. «Барыстың» құрамында легио­нер көп. Ұлттық құраманың базалық командасы саналатын «Барыста» ойнатып алып, халықаралық сындарға салатын қазақтың сойлары қайда? Ұтса да, ұтылса да жергілікті хок­кейшілерді неге ойнатпаймыз? Плей-офф кезінде жерсіндірілген амери­калық саңлақтарды ойнаттық үздіксіз. Біз сүйеніп отырған осы азаматтар ертеңгі әлем чемпионатында үздігіп қалмай ма? Өз қақпашыларымызды (В.Ко­лесник, П.Полуэктов) демалдырып қойып, бүгінде теңдессіз шетелдік мықты Карлссонды қойдық қақпаға. Қазақ хоккейінің болашағы деп жүрген Әлихан Әсетов, Нұрсұлтан Белгібаев, Мәдияр Ыбрайбеков секілді арыстандарымызды «Барыстың» құра­мында ширатып алмағанда, ше­берлігін қайда толыстырамыз? Мұны ойлау үшін бапкер тактик болуы керек, алдағы 5-6 жылды көріп тұруы тиіс.

Занковецтің соңғы бапкерлік қыз­меті – Ресей біріншілігінде өнер көр­сететін «Авангард» ХК бас бапкерінің көмек­шісі. Өткен жылдың наурызында бұл лауазымнан босап қалған «маманды» «аттай қалап» шақырып алдық.

Жалпы, біз маман таңдауда қандай өлшемдерге сүйенеміз? Ойыншы ре­тінде көрсеткен шеберлігіне ме, әл­де бап­­кер ретінде қол жеткізген нәти­­­же­­леріне ме? Бұл екі көрсеткіште де Зан­­­ковец атап айтатындай деңгейде емес.

Бәлкім, Бородюк пен Занковецтің бағын Қазақстан ашатын шығар, бірақ олардың бағын біздің ашуымыз емес, біздің бағымызды таңдап алған талантты бапкерлердің ашқаны әлдеқайда дұрыс.

Ертең ғайыптан тайып, екеуі де кетіп жатса сырттан тағы кімді шақы­рар екенбіз?..

Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ,

журналист