Осы маман 2015 жылғы 28 желтоқсанда «Қайратпен» үш жылдық келісімшартқа отырып, команда Қазақстанның Суперкубогын жеңіп алғанда басы-қасында болған. Құрамы мықты Алматы клубы бұл кубокқа онсыз да иелік етуі мүмкін еді. Ал жаңа маусымдағы «Қайраттың» сүреңсіз ойындары (4 матчта 2 ұтылыс, 2 тең ойын) Ресей маманының кетуіне түрткі болды.
Біз Қазақстан футбол федерациясының басшылары секілді Бородюктің керемет жағын білмейтін шығармыз. Мамандар оны бекер шақырып отырмаған да болар, бірақ өз елінде көптен бері санатта жоқ маман өзге елдің намысын жанып, ірі жеңістерге жетелейді дегенге күдігім бар. Әлем чемпионатының іріктеу сынында ол баптайтын Қазақстан құрамасының Армениядан 2:0 есебімен жеңілуі осының дәлелі іспетті.
Қазақтың намысын шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасында қорғап жүрген «Барыс» деген жалғыз команда бар. Өзіндік ойын өрнегі қалыптасқан мінезді команда. Дәл қазір бұл ұжымның басына кім келсе де аталған лиганың бел ортасынан төмен түсе қоймайтындай мүмкіндікке ие. Елорда командасы қазір ҚХЛ-дің Шығыс конференциясында өнер көрсетіп жүр. Кеше ғана Гагарин кубогы жолындағы жарыстың екінші сатысында Магнитогорскінің «Металлургіне» қауқар көрсете алмай, төрт кездесуде қатарынан ұтылып, плей-офф жарысынан шығып қалды.
«Барысты» әр кезде А-П.Селин, В.Крикунов, А.Назаров сынды мамандар басқарды. Финн маманы басқарған тұста астаналық хоккейшілер гол соғу, жеңіс саны бойынша лигадағы барлық рекорд атаулыға өзгеріс енгізіп үлгерсе, В.Крикуновтың басшылығымен турнир кестесінде 11-орынға шығып, «ең үздік шетелдік команда» аталды.
Назаровтың үлкен ерлігі сол – командада Жайлауовпен қатар басқа қазақ жастарының да аттары атала бастады. Ыбырайбеков, Рыспаев... Қайыров та командаға шақырылды. Орыстар «қазақ батыры» деп атап, әр ойында сескеніп жүретін Дамир Рыспаев – Назаровтың төл өнімі. Орыс хоккейінде қазақтан қорқу сезімін ұялатқан Назаров мырзаға осы үшін де алғыс айтуға болады. Сәл еркелетіп алған шығармыз Дамирді, бірақ оның қазақтық мінезіне, намысқа толы жігеріне бүкіл ҚХЛ тәнті болды.
Өткен жылы командаға беларусь маманы Эдуард Занковец келді. Неге келді, қандай жетістікке жеткізем деп келді, ол жағы Қазақстан Хоккей федерациясының басшылығына ғана мәлім. «Барыстың» құрамында легионер көп. Ұлттық құраманың базалық командасы саналатын «Барыста» ойнатып алып, халықаралық сындарға салатын қазақтың сойлары қайда? Ұтса да, ұтылса да жергілікті хоккейшілерді неге ойнатпаймыз? Плей-офф кезінде жерсіндірілген америкалық саңлақтарды ойнаттық үздіксіз. Біз сүйеніп отырған осы азаматтар ертеңгі әлем чемпионатында үздігіп қалмай ма? Өз қақпашыларымызды (В.Колесник, П.Полуэктов) демалдырып қойып, бүгінде теңдессіз шетелдік мықты Карлссонды қойдық қақпаға. Қазақ хоккейінің болашағы деп жүрген Әлихан Әсетов, Нұрсұлтан Белгібаев, Мәдияр Ыбрайбеков секілді арыстандарымызды «Барыстың» құрамында ширатып алмағанда, шеберлігін қайда толыстырамыз? Мұны ойлау үшін бапкер тактик болуы керек, алдағы 5-6 жылды көріп тұруы тиіс.
Занковецтің соңғы бапкерлік қызметі – Ресей біріншілігінде өнер көрсететін «Авангард» ХК бас бапкерінің көмекшісі. Өткен жылдың наурызында бұл лауазымнан босап қалған «маманды» «аттай қалап» шақырып алдық.
Жалпы, біз маман таңдауда қандай өлшемдерге сүйенеміз? Ойыншы ретінде көрсеткен шеберлігіне ме, әлде бапкер ретінде қол жеткізген нәтижелеріне ме? Бұл екі көрсеткіште де Занковец атап айтатындай деңгейде емес.
Бәлкім, Бородюк пен Занковецтің бағын Қазақстан ашатын шығар, бірақ олардың бағын біздің ашуымыз емес, біздің бағымызды таңдап алған талантты бапкерлердің ашқаны әлдеқайда дұрыс.
Ертең ғайыптан тайып, екеуі де кетіп жатса сырттан тағы кімді шақырар екенбіз?..
Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ,
журналист