Батыс Қазақстан облысына министрліктер мен ведомстволардың үлкен жұмыс тобын бастап келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев алдымен тасқын су астында қалған Зеленов, Тасқала, Ақжайық, Казталов және Орал қаласы төңірегін барлай қарап, қазіргі қалыптасқан күрделі жағдаймен танысты.
Түс ауа Ө.Шөкеевтің төрағалығымен облыстық әкімдікте үкіметтік жұмыс тобының көшпелі мәжілісі өтті. Онда тасқынның әкелген жойқын лаңы мен әлегі жөнінде бейнесюжеттер көрсетілді. Оған көз салсаңыз, Ақжайықтағы су басқан аймақтардың шеті мен шегі көрінбейді. Мұржалары ғана қылтиып тұрған тұрғын үйлер, жермен-жексен болған ауыл шаруашылығы нысандары... Қай жағыңызға қарасаңыз да телегей-теңіз топан су. Сарқырай ағып, жолындағының бәрін жайпап барады. Көлік құралы – резеңке және ағаш қайықтар. Белуардан су кешіп жасы ұлғайған адамдар мен сәбилерді қауіпсіз аймаққа көшіріп жүрген құтқарушылар...
Бейнесюжеттер аяқталысымен Өмірзақ Естайұлы осы залда жұмыс тобының мәжілісі басталғанын мәлімдеді.
– Тұрғындарды тасқын судан аман алып қалу үшін барлық іс-шаралар атқарылды. 5 сәуірден бастап Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Соған сай су тұтқынында қалғандарды құтқаруға сегіз жүзге тарта құтқарушылар батальондары, үш жүзден астам арнайы техника мен қайықтар, тікұшақтар тасқын аймағына қысқа уақыт ішінде жеткізілді. Бүгін олардың бәрінің жоғары кәсіби шеберлік үлгілерін көрсете білгендерін айтуға тиіспіз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірде орын алған төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап мұндағы күрделі ахуалды тікелей өзі бақылауға алды. Елбасы бастамасымен шұғыл республикалық штаб құрылып, оған басшылық ету маған жүктелді. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко шұғыл ұшып келіп, жағдаймен танысты, – деді Ө.Шөкеев. – Топан су басқан аймақтардан тоғыз мыңға тарта адам көшірілген. Мұндай эвакуациялық жағдай егемен ел тарихында тұңғыш рет орын алып отыр. Ендігі міндет – тасқын су зардабынан бүлінген ғимараттар мен нысандарды қалпына келтіру, жаңа құрылыстар салу. Бұл ретте республиканың әр ведомствосы мен министрліктері өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқаруға тиіс.
Көшпелі мәжіліс үстінде Ө.Шөкеев батысқазақстандықтарға қолдау көрсету үшін Үкіметтің үш бірдей қаулысы шыққанын жария етті. Атап айтқанда, алғашқы қаулыға сәйкес, тасқын сумен күресте бірінші кезекте атқарылатын іс-шаралар үшін 870 миллион теңге бөлінді. Ал екінші қаулы республиканың әр облысынан 100 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінуін қарастырады. Үшінші қаулы материалдық резервтер есебінен зардап шегушілерге киім-кешектер мен азық-түлік түрінде гуманитарлық көмектер беруге жол ашады.
Осы көмек қаражаттары мен материалдық игіліктерді бөлу мен тарату тетіктері мүлтіксіз жасалуға тиіс. Бұл іске ашықтық пен жариялылық, тазалық пен айқындық тән болған жағдайда ғана әр түрлі түсінбестіктерге жол берілмейді. Ө.Шөкеев атап көрсеткендей, тасқын су кезінде алдын-ала жасалған есептерге қарағанда 1 500 үй, 7 146 саяжай, облыс орталығында 7 денсаулық сақтау нысаны, қосалқы электр стансалары, мектептер мен балабақшалар су астында қалды. 150 шақырымға жуық республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды су шайып кетті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Үкіметтің көшпелі мәжілісінде Орал өңірінде бой көтеретін жаңа құрылыстар мен қалпына келтіру жұмыстары үшін 19 миллиард 264 миллион теңге есептеліп отырғанын айтты. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко аумақтарды дамыту бағдарламаларын бекіткен кезде су тасқынынан қорғайтын инженерлік құрылыстарды қоса жобалау қажеттігі жөнінде ой қозғады.
Бұдан соң Ө.Шөкеев әр сала бойынша жұмыс тобы мүшелерінің есептерін тыңдап, алда атқарылатын істер кешенін белгіледі. Мұнда көңілге түйген кейбір жәйттер төмендегідей. Орал қаласының іргесіндегі «Жас дәурен» балалар кешені үлкен қамқорлыққа зәру. Біріншіден, қамқоршысынан айырылып, көп жағдайда ата-анасының тірі жағдайында тағдыр теперішіне тап болған балалар жығылғанға жұдырық дегендей енді тасқын су зардабына тап болып отыр. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Б.Әбдірәсілов айтып берді.
Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің де қырағылық пен кәсіби шеберлік көрсететін кезеңі бұл. Тасқын судың орын алуына байланысты қандай да бір инфекциялық аурулар орын алмауға тиіс. Мұның алдын алудың басты жолы – профилактикалық шаралар. Бұл ретте ешқандай қауіп жоқ деп арқаны кеңге салуға болмайды. Облыс орталығына таяу орналасқан, су астында қалған «Орал» ауданаралық туберкулездің асқынған түріндегі ауруларды емдеу ауруханасы мен «Ивушка» өкпе ауруларымен ауыратын балаларды емдеу санаториясы емделушілері айналасына туберкулез таяқшаларын таратуға бейім тұратынын жасырып қалуға болмайды. Оның алдын алудың басты жолы – олар ем алатын ғимараттарды тезірек іске қосу, – деді жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов.
Құрылыс, жол, энергетика, су ресурастары, ауыл шаруашылығы, темір жол, газбен қамту салалары бойынша да елордадан келген жұмыс тобы мүшелері өз ой-пікірлері мен байламдарын ортаға салды. Осы салалардың ең ауқымдысы жаңа құрылыстар – мектептер мен балабақшалар, тұрғын үйлер салу. Бұл құрылыстар Орал қаласында және Зеленов, Тасқала аудандарында бой көтермек. Осыған байланысты жергілікті өкілетті органдар өте қысқа уақыт аралығында тұрғызылатын білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен тұрғын үйлердің жобалау-сметалық құжаттарын Үкіметке тапсыруға тиіс.
Тек сонда ғана осыған байланысты Үкіметтің кезекті қаулысы жарық көрмек. Құжат болмаса – қаулы да болмайды, деп кесіп айтты бұл жөнінде үкімет басшысының бірінші орынбасары Ө.Шөкеев. Толық жобалау-сметалық құжаттарды қашан әзір етесіңдер, деген сауалды жергілікті атқарушы органдар басшыларының алдына қойды. Оған тасқын су зардаптарын жою жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің құрылыс мәселелері жөніндегі орынбасары Т.Шәкімов бір аптаның ішінде деген жауап қайтарды. Бүгінгі күні облыста тасқын келтірген шығындар орнын толық айқындау да кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Жоғарыда айтылғандай, алдын-ала жасалған есептер оның мөлшері жиырма миллиард теңгеге жуықтайтынын көрсетеді. Бұл сан әлі де өсе түстетіні кәміл.
Үкіметтің көшпелі мәжілісін қорытындылай келе Премьер-Министрдің бірінші орынбасары тұп-тура бір айда біз бәріміз жаңа басталған құрылыстарды көретін болайық деген тұжырым жасады.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
–––––––––––––
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.