Білім • 03 Сәуір, 2017

Мұғалімдер мұңаюлы, шәкірттер шарасыз

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​Қарағандыдағы № 23 орта мектепте барлығы 1900-ге жуық бала үш ауысыммен оқиды. Таяуда өңір басшысы Ерлан Қошанов білім мекемелеріне тән проблемаларды анықтау үшін аталған мектептің жағдайымен танысты.

Мұғалімдер мұңаюлы, шәкірттер шарасыз

Аймақ басшысына педагогтардың бірінші сыныпқа арналған жаңа жүйедегі жұмысы көрсетілді. Ең басты проблема – қағаз жетіспеушілігі. Мұғалімдер бақылау мен өзіндік жұмыстарды оқушыларға өздері шығарып береді. Бір тоқсанда қағаз алуға орта есеппен 15 мың теңге қажет. Ал бюджетте оған тиісті қаржы қарастырылмаған. Педагогтар қағазды өз ақшасына алуға немесе ата-аналардан көмек сұрауға мәжбүр. Ата-аналардың «мұғалімдер қит етсе ақша жинайды» деуінің мәнісі осында жатқан сыңайлы.

– Білім басқармасының басшысы ретінде сіз осыны дұрыс деп санайсыз ба? – деді облыс әкімі Асхат Аймағамбетовке. – Бұл мемлекеттік мекеме емес пе, мұғалімдердің еңбекақысы төмен, оның үстіне жеке шығындалады. Бұл мәселені шешуді тапсырамын.

Еңбек кабинетінің станоктары мен оқу құралдары тозған. 2013 жылы бірнеше жаңа верстак пен бір станок алыныпты. Қалған жабдықтар жаңартылмаған. Жалпы, облыста 245 мектепте «Технология» пәні бойынша жабдықтарды жаңарту қажет екені анықталды. Өңір басшысы жаңа жабдықтарды сатып алу мәселесін шешуге уәде берді. Мектептің асханасындағы проблема – ескірген және жартылай жұмыс істемейтін жабдықтар жайы. Негізі мектеп жанындағы асханалардың бәрі жалға беріледі. Заң бойынша жалға алушылармен келісім бір жылға жасалады. Сондықтан жабдықтарды ауыстыруға қомақты қаржы жұмсау олар үшін тиімсіз.

– Біз заңнамаға асханаларды мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізіне ауыстыру және жалға алушылармен келісімді бес жылға дейін бекіту туралы өзгерістер енгізуді ұсынбақпыз, – деді Білім басқармасының басшысы А.Аймағамбетов.

Облыс басшысы бұл бастаманы қолдады. Бұдан басқа, спорт залы мен төбесінен су ағып тұрған кабинеттерді аралады. Мұғалімдер мен ата-аналар сыныптарды жөндеуге қажет ақшаны өз қалталарынан төлеуге мәжбүр екендіктерін айтты. Бюджет қаржысы ғимаратты күтіп-ұстауға ғана жұмсалады. Күрделі жөндеу жұмыстары 27 жылдан бері жүргізілмеген. Кейбір сыныптар жабық. Ширек ғасырда ширақ қимыл жасамаған мектеп кінәлі ме, әлде...

Облыс әкімі ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Бұл үшін 174 млн теңге қажет. Е.Қошанов проблемаларды бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, кезең-кезеңімен шешуге уәде берді.

Мирас Асан,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды