Ат спорты • 02 Сәуір, 2017

Шөгеннің шеберлері анықталды

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы маңындағы «Almaty Horse&Polo Club» ат спорты кешенінде аренадағы шөгеннен Республикалық турнир өтті. Үш күнге созылған бәсекеде нағыз мықты командалар өнер көрсетті.

Шөгеннің шеберлері анықталды

Аталған турнирде Ақмола облыстық шөген федерациясы, сондай-ақ «Әулиеата» шөген клубы, Astana Polo Club және Almaty Polo Club командалары өзара бақ сынап мықтыларды анықтады. Әр команда айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен 3 чакерден ойнап шықты. Almaty Polo Club 8 : 5 есебімен «Әулиета» шөген клубының спортшыларын озып өтті. Сондай-ақ, Astana Polo Club Ақмола облыстық шөген федерациясының командасымен сайысқа түсіп, 11 : 3 есебімен айқын басым түсті. 

Жарыстың екінші күні Almaty Polo Club командасы Ақмола облыстық шөген федерациясы командасын 10 : 2 есебімен жеңіп, көш басынан көрінуін жалғастырды. Ал Astana Polo Club13 : 14 есебімен «Әулиета» шөген клубына жол беріп қойды. Жарыстың қорытынды күні қызу тартысқа толы болды. Нағыз мықтыларды анықтау оңайға соққан жоқ. «Әулиеата» шөген клубы Ақмола облыстық шөген федерациясының командасын 8 : 3 есебімен артта қалдырса, қызу тартыста Astana Polo Club қарсыласы Almaty Polo Club командасын 6:3 есебімен қапы қалдырда. 

Осылайша, Қазақстан шөген федерациясы ұйымдастырған бәсекеде Astana Polo Club 1 орыннан көрініп 500 мың теңге, Almaty Polo Club 2 орынды еншілеп 300 мың теңге, «Әулиеата» шөген клубы 3 орынды қанағат тұтып 200мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ мен «Samruk-Kazyna Trast» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының серіктестігімен өткен сайыстың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады. Әлемге кеңінен танымал осындай қызықты спорт түрін елімізде одан әрі дамыту мақсатында, алдағы уақытта әлі талай жарыстар жалауын көтереді – дейді шараны ұйымдастырушылар.