Медицина • 03 Сәуір, 2017

Арқаның әншілік дәстүрі: асыл өнердің арқауы үзілмесін

884 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

...Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің... ...Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен, Өмір сәуле көрсетер судай тұнық... ...Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп, Жабырқаған көңілің көтерілер. АБАЙ

Арқаның әншілік дәстүрі: асыл өнердің арқауы үзілмесін

Жазғы ғұмыры келтелеу демесең, Бурабайдың іші-тысы осы бір тұста тотықұстай түрленіп, құлпырып сала береді. Қатқылдығы жоқ самал қанаты мамық алақанымен күлтелі қарағай, сырғалы қайың, терек, тал атаулыны еркелете сипап, еркін желпінеді. Көкшетау, Жекебатыр, Бөлектау табандарынан тепсініп шыққан мөлдір бұлақ сулары табиғи арналарына түсіп алып, шолпыдай сыңғырлай құлдыраңдап, Шортанды, Шабақты, Әулие көлдерге бағыт түзейді.

Осындай бір сәруәрлі сәтте салт атты Біржан сал қасында екі серіктесімен Бүркіттіні артқа тастап, Жөкей көлді жағалай жеңіл жортпақпен келе жатқан. Күлтелі шашақтары төгіліп кеткен ақ шарқатты мойнына орай тастап, төрт сайдың тоғысқан тұсына үкі қадаған құндыз бөркін қамшысының сабымен әнтек көтеріп, шекелете қондырған салдың бүйрек бет, қыран қабақты жүзінде мына табиғатпен астасып кеткен ғажап жарасымдылық бар еді.

Біржанның сергек құлағы Қотыркөл тұстан салған тосын әнді қасындағылардан ілкім ерте шалса керек.

– Ал, тоқтай қалыңдар, – деп ат басын тежеп, ән көтерілген тұсқа ер үстінде ентелей еңкейіп қалған сал аз-кем аялдаған.

– Мынау менің «Қаудірлеттімім» ғой. Қап, әттегене... Қайырма тұсын бұзып айтты-ау. Әлде дауысы жетпеді ме, – деген Біржекең атын тебіне берген.

Сөйткенше болмай бұлар қарсы беттен қос қараны шалған. Ол он екі ата Атығайдың Бағыс табынан шыққан Айбас әнші мен оның немере ағасы Саймасай болатын.

Біржан сал бастаған топ жанасалай бере ат басын іріккен. Сал амандық-саулықтан бұрын:

– Ән айтқан қайсың? – деді.

– Мынау Айбас інімнің ебі бар еді, – деді Саймасай қарсы алдында нақ Біржанның өзі тұрғанын жаңа аңғарып, абдыраған қалыпта.

– Апырмай, Айбас-жан-ай, әнді осыншама қорлармысың. «Қаудірлеттім» сен салғандай емес, былай айтылмас па? – деді де, ала қоржыннан бүктемелі домбырасын суырып алып ретке келтіріп, қойын қалтасынан түйіншекті шешіп, бір тиекті алып, шанақ бетіне қондырған. Сөйткен де тым сирек орындалатын сұлу әнді әуелете шырқап қоя берген. Ән сағаққа сырғып барған саусақ астынан төгілген ащы әуенмен ілесіп, бірден шаншып шырқау биікке көтеріліп алып, төменге сорғалай құйылмай құйқылжыған қалпы тұрып алады екен. Тап осындай сипатта әнді орындау үшін Біржанға ғана тән көмекей керек болар-ау, сірә. Айбастың орта жолда малтығып, ән әуенін бұзып алғаны да содан ғой.

Әннің қайырма тұсы тіпті де ғаламат әуен ырғағымен толқындай тепсініп, буырқана бұлқынып, алуан ажармен шырай шашып, жабыққан жаныңды ерекше бір жігерге жетелеп кетеді екен.

«Е, менікі бекершілік екен, бейшаралық екен» деп ойлады Айбас әнші. Ат үстінде аңырып тұрып қалған атығайдың қос жігіті ән тынып, Біржекеңдер қозғалып кеткенше арбалған қалыптарынан жазбаған.

Саймасай інісіне қараса оның қос жанарынан сорғалаған жас қызыл күрең жүзін жуып кетіпті.

Сөйтіп, ұлы Біржанның «Қаудірлеттімі» салмен бірге кетті, ал Айбас бұл әнді орындай алмайтындығын, оған өресінің жетпейтіндігін сезген. Сезген де неше рет оқталғанымен «Қаудірлеттімге» қайта аяқ басып, қол созбаған.

Міне, бізге мәлім, беймәлім Біржан сал әнінің бір тарихы осылайша тәмам болып еді.

Ал мұндай өкінішті жағдаят Ақан серіде де, Үкілі Ыбырайда да көп кездес­кен. Талай тайпалма ән табиғат қойнауына сіңіп, келмеске кетпеді дейсің. Мұның мұң шалған өкініші де осы ғой. «Барға қанағат, жоққа салауат» дейтін қазақи мінезге салсақ қолдағы бар асыл ән мұрамызды мансұқтамай, барынша қастерлеп, шашау шығармай жиыстырып, дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе беруде зор жанашырлық, ықтияттылық, қамқорлық, кәсіби білгірлік керек-ақ.

Ән Меккесі атанған Көкшетау өңірі Біржан мен Ақан, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ әндерін қаз-қалпында сақтап, сыр-сипаты мен болмыс-бітіміне сызат түсірмей құндауда құнсыздыққа душар болып отырғандығын ащы да болса ашық айтуға тиіспіз. Ең алдымен бұл өңірде белгілі әншілердің орындау шеберліктерін бағалап, үйрету, үйренер талаптары кезінде ескерілмеді. Самарқау бойкүйездіктің салдарынан Жаналы Қалиев, Кәрім Тақауин, Мұса Асайынов, Кәрім Ілиясов, Шектібай Еңсебаев тәрізді он сан әншілердің ән орындау шебеліктерін шашау шығармай жиыстыру, жастарға үйрету қолға алынбады. Дәстүрлі ән өнерін насихаттайтын арнайы мектеп жұмыс істемеді, әлі де істемейді. Келе-келе Арқа әнінің әрлі де әсерлі, сәнді де салтанатты, айбынды да ажарлы кескіні көмескі тартып, бұл күнде кезінде Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақпен даңқы асқан өңірде дақпырттың ғана қалғандығын мойындау керек.

Көкшетаудың көк күмбезінен көте­рілген ән Арқа алабын еркін аралап, әр тұстан «көктей гүлдеп көтерілген» таланттар дәстүрлі Арқа ән өнерінің өрісін кеңейтіп, сымбатына сұлулық қосып, ғажап бір болмыс-бітімін сомдады.

Жарылғап ескі әншінің маңғазы еді,

Күйді ерттеп, әнді мінген ардагері.

Осы әнді Көкшетаудан үйрендім деп,

Баянға алып келіп жайған еді, – деген ән жолдарынан сол тұстағы әннің бастау көзі Көкшетау екендігін аңғару еш қиындыққа түспейді. Сол әнді іліп әкетіп, сан тарау соқпақ-сүрлеуге салып, елден елге, өнерпаздан өнерпазға тарата беру дәстүрі ол тұста әсте кемшіндік танытпаған. Керісінше, сұлу әндер еш жерді, қалың елді жатсынбай бауырбас­ты өз рухани қазынасына айналып жүре бергені даусыз. Арқаның кез келген алабында Біржан сал, Ақан сері әндері жиын-тойлардың сәні, жәрмеңкелердің салтанаты ретінде айтылып, жылы қабылданып жүрді. Оларды өз жүрегін жарып шыққан төл туындыларымен қатар насихаттауда Жарылғапберді, Әсет, Естай, Ғазиз, Шашубай, Иса, Жаяу Мұса, Майра, Мәди, Иманжүсіп тәрізді тұлғалар зор қызмет атқарды. Бұлардың қайсысы болса да бір-бірінің әндік шығармаларын шырайлы қалпымен қалың елге таратудың алтын көпіріне айналды.

Есімдері аталған ұлы тұлғалардың ән, әншілік өнерінде дүниеге келген небір әндердің сыр-сымбаты мен ішкі иірім қалтарыстарына үңілсеңіз тек Арқа алабына тән, қазақтың басқа өлкесіндегі әндермен еш шатастыруға келмейтін кесек те кемелді кескін, мінезін бағамдар едіңіз. Мұнда аса алапат кеңдік пен шыңырау тереңдік, шырқау биіктік пен сарабдал сабырлық сипаттары алға шығады. Қайырма иірімдеріне еркелік пен еркіндік, тепсінген тегеуірінділік пен қайтпас қажырлылық өріс ашып, өрмек өріп түсіреді. Мәселен, ұлы Біржанның «Жанботасының» саз, сарынындағы кекке суырылған ызалы ашу, шағымданудан гөрі шағып жіберер ұлы жігер жатқандығын аңдаймыз, тіпті сөзден ада қайырма ырғағындағы топан судай қаптай төгілген екпіннен дүлей күш, темір топшылы тегеуірін бой биіктетіп отырады.

Ал Ақан серінің «Сырымбеті» ән өнерінің еуропалық классикаға жуықтап барар терең сырға бойлай түскен сабырлылық салтанаты бек қатты сүйсінтеді.

Үкілі Ыбырай жаңағы екеуіне мүлдем ұқсамайтын (ұстаздары болса да) ерекше бір екпін, екпін болғанда да еркелік, еркіндік сипаттағы шалқып, толқып кететін, сөйтіп отырып бұйда үзер қуатты мінезге бай қалпымен қуантары бар. Оның «Қызыл асық», «Толқын», «Он саусақ» әндерінде осы жарқын мінездер бой байқастатарын сезбеу мүмкін емес. Ал даңқты «Гәкку» (он сан нұсқасы бола тұра) өзінің алтын жамбыдай жарқ еткен асыл қалпымен ән өнерінің өлшеусіз биігіне өрлеп кеткендігін кім де болса мойындаса керек.

Осынау ұлы тұлғалардың ақ жамбыдай мінсіз сомдап беріп кеткен әндік құндылықтары Арқаның талай әншілеріне үлгіліктің өтеуіне айналғандығын айтпай отыра алмасақ керек. Мәдидің «Қаракесегі», Исаның «Желдірмесі» немесе Жаяу Мұсаның «Көгершіні», Әсеттің әндерінде Біржан салдың диапазоны тым биік кең құлашты әндерінің немесе Ақан серінің терең тынысты, Үкілі Ыбырайдың ерке қылықты екпінді ән ырғақтарының менмұндалап тұруы тегін емес. Бұл әндер бірін-бірі қайталаудан аулақ, әйтсе де бір топырақ, бір алаптың аясында туғандығын айқындай түсер ортақ мінезге бай екендігі тегіннен-тегін еместігін басты ерекшелік есебінде алға тартамыз. Сондықтан да Арқа өңірінің ән мектебі дегенде осы ерекшеліктерді ескеру, елеу, еске алу қажеттігін мойындатады.

Көкшетауда арагідік болса да Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай есімдерін еске алуға қатысты облыстық, республикалық деңгейде ән байқаулары өтіп келді. Осы орайда Жаңаарқа, Семей, Талдықорған өңірінен келген әншілер болмаса, байқау иесі Көкшетау, Қызылжар, Кереку, Ақмола, Қостанай маңынан мойны озық шыққан әншілердің бой көрсете қоймайтындығы көңілге реніш ұялататындығы жасырын емес. Бұл, жобасы, аталмыш аймақтарда таланттар сарқылып бітті дегенді әсте білдірмейді, дәстүрлі әншілік өнердің сөніп, кеміп бара жатқандығын аңдатса керек деген пікірді мойындауға мәжбүрлейді. Бұл өңірлерді де Көкшетаудың кебін киген кемшіліктер иектеп алса керек деген жағымсыз ойға тірелеміз.

Ол ол ма, жалпы республикалық деңгейде есімдері әспеттеуге, мақтан тұтуға әбден лайық тұлғалар шығармашылығын насихаттау, осы бағытта тұрақты әрі тындырымды шаралар белгілеп, жұмыс жүргізу жетімсіреп отыр.

Сөзінде мағына, әуенінде жатық жарасымдылық жоқ әндер басымдық сипатқа ие болғандығы сондай, қазіргі күнде сондай сапасыз ән-сымақтар сахна төрін бермейтін болды. Халық әндерінің інжу жауһарларынан жастарымыз кіндік үзіп кетті. Ұлттық құндылығымыз саналатын халықтық туындыларды тап бүгінгідей мансұқтау ұрпақтың руханият бағытындағы жетімдігін, мүсәпір хал-күйін одан әрі тереңдете түсер жат құбылысқа ұрындырып отыр. Ал есімдері ескі күннен ел жадында сақталғанымен, ұлы туындылары ұстараның жүзінде тұрған Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Мұхит, Әсет, Естай, Жаяу Мұса, Иманжүсіп, Мәди, Майра, Ғазиз, Иса, Шашубай, Кенен мұраларын насихаттаудың бүгінгі халі жауапты басшылық тарапынан жіберіліп отырған күні ертең сан соқтырып, қатты опындырар кемшілік деп бағалануға тиіс.

Қазақ қолдағы барын құнттамайтын аңғал-саңғал жұрт. Сонау үнтаспа шыға бастаған алғашқы жылдарда-ақ ерте қамшылап, ерте қолға алатын шаралар молынан еді. Әйтсе де көп дүниелеріміз осындай орашолақ олақтығымыздан ұмыт қалды. Мәселен, Әміре Қашаубаевтың үнін іздеп қанша жыл сабылдық. Жарқын Шәкәрім тапты, тапты да ұмыт қалды. Оның айтуынша, бірсыпыра қазақ әншілерінің әндері түсірілген білік (валик) Мәскеуде қозғалыссыз жатқан көрінеді. Содан бері зерттейін, тыңдап, көрейін, елге әкеліп жұртқа ұсынайын деген бір маман шыққан жоқ. Бұл не? Салғырттық па, салақтық па?

Анау бір жылдары көрнекті ғалым Ақселеу Сейдімбеков пен тамаша әнші Жәнібек Кәрменов теледидарда аса бір қажетті әдеби-сазды танымдық хабарлар жүргізді. Қалың жұрттың мейірін сүйсінтіп, сусынын қандырғандай болды бұл шара. Өйткені, ғұлама Ақселеу үш жүздің әні мен күйін барынша терең зерттеп, зерделегендіктен кез келген әншінің өмірі, өскен ортасы, ұстазы, әннің шығу тарихы қақында мол деректерді әңгіме үстінде әдемілеп жеткізсе, Жәнібек сол әңгімені үстемелей отырып ғажап орындаушылығымен таңдай қақтырып еді. Халықтың көзайымына айналған сол хабар соңғы кезде экранға шықпайтын болды. Сөйтсек, әлдекімдер үнтаспадан өшіріп тастапты деп естідім. Естіген құлақта жазық жоқ. Бұл шын мәнісінде рас болса сұмдық қылмыс қой. Өмірден өткен қос арысқа ендігі жерде үнтаспаның көк тиынға қажеті жоқ. Ол қазақ жұртының іздесе таптырмас ұлы мұрасы, баға жетпес жәдігері емес пе еді.

Біле білсек, халықтың әні мен күйін Қырым мен Қытайдан іздестіріп таптырып алып, фонотека қорына қоспас па, арагідік болсын ел есіне салып беріп тұрмас па?

Ұлы Абай «әнді сүйсең, менше сүй» дегенде бәрің Абайдай бол демеген. Кез келген қазақ баласы ән мен күйден ләззаттанып қана қоймай, соның қадірін білсін, сүйсін, сүйсінсін, жанына серік етсін деген. «Жақсы әнді ой көзімен тыңдауға» насихаттағандығы да содан.

Ән мен күй халықтың әуен мен әуезге, сиқырлы сарынға толы жанды мінезі, үн тіліндегі тарихы. Олай болса, сайын далада самғап ұшқан қыранның қос қанатындай ән мен күйден көз жазып, кіндік үзу, дәлірек айтсақ, көз жаздырып, кіндік үздіру халыққа жасалған қиянат, орны толмас өкініш болмақ.

Заманымыздың заңғар композиторы Еркеғали Рахмадиевтің: «Егер осы­лай ойсыз, қамсыз жылжып жүре бере­тін болсақ құдай біледі, 15-20 жылдан кейін бе, жарты ғасырдан кейін бе, сол Сегіз Серіміздің, Мұхитымыздың, Біржанымыздың, Ақанымыздың, Үкілі Ыбырайымыздың, Жаяу Мұсамыздың әндерін айтатын адамдардың қалмауы мүмкін» деп қапалануы негізсіз емес. Ерағаң­ның елден бұрын елеңдеуін ұлы жүрек­ті азаматтың дәстүрлі ән өнеріне деген бүгінгі ұрпаққа, биліктегі азаматтарға жүк­теген аманаты деп те қабылданғаны жөн.

Жалпы, бабаларымыздың рухани мол мұрасы, соның ішінде Арқаның ән мектебі, оның ұлылы-кішілі жәдігерлерін сақтап қалу, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жүгі алдағы ғасырларға апарамыз десек жеңіл жүк емес. Тек хан-қараға ортақ жауапкершілік, қамқорлық, білікті де білімді басшылық қажет. Бәріміз ортақ қажеттілік үдесінен шығу үшін сарыла ізденіп, сарсыла еңбектеніп, жұмыла қызмет етуіміз керек. Сонда ғана бабадан қалған ұлы мұра алдында ар тазалығын ақтап алатын боламыз.

Төлеген Қажыбай,

Қазақстан Жазушылар одағы

Ақмола облыстық филиалының төрағасы