Аймақтар • 03 Сәуір, 2017

Баспана мәселесі оң шешім таппақ

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Баспана мәселесін шешудің бір жолы – үй саламын дегендерді жеке тұрғын үй құрылысын жүргізетін жер телімдерімен қамтамасыз ету. Биыл Жезқазғанда 670 адамға осындай мақсаттағы жер телімдерін беру жоспарланып отыр.

Баспана мәселесі оң шешім таппақ

Ол үшін қаланың батыс аймағында арнайы белгіленген жер телім­деріне қажетті инженерлік-ком­муни­ка­циялық инфра­құры­лым тартуды аяқтау үшін инфрақұрылымды дамыту бағ­дарламасы аясында қазынадан 476,7 миллион теңге бөлініп отыр. Атал­ған қаражатқа ұзындығы 14,2 ша­қырым кәріз желілерін, 29,4 ша­қырым электр желілерін салу жоспар­лануда.

Құрылыс жұмыстарының бас мердігері – «Қазбайлық Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінгі таңда 18,5 шақырым су құбыры және 10 кВт электр желілері құрылысы толығымен аяқталды. Қазіргі уақытта жұмыс кестесі бекі­тіліп, 0,4 кВт желі­лерінің тіреулерін орнату бойынша жұмыстар атқа­рылып жатыр.

Бүгінге дейін Жезқазған қаласы бойын­ша жеке тұрғын үй құры­лысына жер телімдерін алуға 2415 азамат өтініш берген. Осы орайда, барлығы 144 пәтерлі төрт көп қабатты тұрғын үйдің құрылысына қажет жобалық-сметалық құжат дайын­дауға 47,7 миллион теңге бөлініп, мердігер іске кіріскенін айта кеткен жөн. Атал­ған жоба жүзеге асқан жағ­дайда, мемлекеттік тұрғын үй қоры­нан баспана алу кезегінде тұрған 2002 аза­маттың тізімі 1878 адамға қысқармақ.

Дархан Мұқан

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы