Байсалды іс-қимыл берекеге бастайды
Қазақстанның көрші мемлекеттермен және әлемнің өзге де аймақтарымен бейбіт қатар өмір сүруі, ынтымақтастығы елдің халықаралық қатынастар саласындағы стратегиялық шешімдерінің оң нәтижесі болып табылады. Мен осы орайда, ең алдымен, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өте зор екенін атап өткім келеді. Қазіргі таңда жүргізіліп отырған сындарлы саясаттың арқасында Қазақстан өсіп-өркендеген, бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде әлемге танылды.
Қазақстанда қолға алынған конституциялық реформалар қазіргі әлемдік сын-қатерлерге елдің лайықты жауабы болып табылады. Осыған байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әлемде мемлекеттік құрылыстың әмбебап моделі жоқ, бәрі де ізденіс үстінде екенін атап көрсетті.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Оны халық бір ай бойы жан-жақты талқылады. Бұл өте маңызды шара болды. Яғни, әрбір қазақстандыққа конституциялық реформа жөніндегі пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтуға мүмкіндік берілді. Менің ойымша, Қазақстан осылайша өзінің демократиялық тұрғыда дамудың даңғыл жолында екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Қазақстанда болып жатқан елеулі оқиғаларға біздің ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы ерекше қызығушылық білдіреді. Біз әрқашанда Қазақстанның таңдауына, халқының еркіне құрметпен қараймыз.
Түркі кеңесі – беделі биік ұйым
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі (Түркі кеңесі) – түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты қолдауды басты мақсаты санайтын мемлекетаралық ұйым болып табылады. Ұйым 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитіне қол қойылған Нахчыван келісімі негізінде құрылған.
Ұйымның құрылтайшылары әрі мүшелері Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттері болып табылады. Ал бүгінгі Түркі кеңесі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ұйымдастырылған Түркітілдес мемлекеттер басшылары саммиттерінің нәтижесінде дүниеге келген халықаралық ұйым десек, артық айтқандық емес.
Түркі кеңесі құрылғалы бері мүше елдер сыртқы істер министрлерінің 11 рет ресми және бейресми отырыстарын өткізіпті.
Қазіргі таңда Түркі кеңесінің Хатшылығы 14 бағыт бойынша мүше мемлекеттер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты жүзеге асыруда. Нақтылай айтқанда, Хатшылық ТүркСОЙ, ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры сынды мәдениет саласына қатысты басқа да еншілес ұйымдармен бірлесе отырып, саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларында қызмет етуде.
Мәселен, Түркі кеңесі түркі мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығына баса назар аударады. Жыл сайын түркітілдес елдердің Іскерлік кеңесі және бизнес-форум ұйымдастырылып отырады. Бұл өз кезегінде мүше мемлекеттер кәсіпкерлерін біріктіріп, олардың өзара ынтымақтасуына жол ашады. Мүше мемлекеттер экономикасын ынталандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру және жеке секторлар арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында бірлескен инвестициялық портал іске қосылған. Түркі кеңесі Транскаспий көлік бағытын құруға көп күш жұмсады. Бұл Батыс пен Шығыс арасындағы тиімді сауда жолы болып табылады.
Соңғы екі жыл көлемінде туризм саласы бойынша өзара ынтымақтастықты кеңейту жұмыстары қарқын алды. Бұл орайда туристік бағыттардың тартымдылығын арттыру үшін елдеріміз арқылы өтетін Ұлы Жібек жолын жаңғырту маңызды. Түркі кеңесінің «Заманауи Жібек жолы» атты бірлескен қанатқақты жобасын дайындауы аталған саладағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамы болып табылады.
Түркі кеңесі бұқаралық ақпарат құралдарына баса көңіл аударады. Мүше мемлекеттердің ресми ақпарат агенттіктері Түркі кеңесі аясында ынтымақтасуда. Сондай-ақ, Халықаралық Түркі телеарнасын құру жұмыстары жалғастырылуда. Жалпы, Түркі кеңесі үшін ақпараттық-коммуникациялық технология және энергетика салаларындағы ынтымақтастық жаңа бағыттар болып саналады.
Түркітілдес мемлекеттердің ортақ мәдениеті, тілі және тарихының арқасында Түркі кеңесі өңірлік ынтымақтастықтың бірегей үлгісін көрсетуде. Мәселен, білім беру саласындағы нақты нәтижелерінің бірі XV ғасырдағы түркі халықтарының тарихы туралы ортақ түркі тарихы оқулығын әзірлеу болып табылады. Бұл оқулықты мүше мемлекеттердің тиісті министрліктерінің мақұлдауымен Халықаралық Түркі академиясы дайындады. Қазіргі таңда академия география және әдебиет бойынша жалпы түркі оқулықтарын, сондай-ақ, түркі әлемі тарихының анықтамалығын әзірлеу үстінде.
Кеңес құзыретті халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу және үйлесімді жұмыс істеу мәселесін жолға қойды. Ол БҰҰ және оның институттарымен, сондай-ақ, 19 халықаралық ұйыммен мықты қатынас, сенімді әріптестік орната білді. Мүше мемлекеттер органдары мен халықаралық ұйымдар арасында 30-дан астам меморандум және хаттамаларға қол қойылды. Түркі кеңесі Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) байқаушысы мәртебесін алды. Бұдан бөлек БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) байқаушы мәртебесін иелену мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар, Түркі кеңесі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) секілді тағы басқа да беделді құрылымдармен жақсы қарым-қатынас орнатқан.
Қазақстанның рөлі айрықша
Түркі әлеміндегі Қазақстанның рөлі және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аса маңызды орны дау туғызбайды. 2015 жылғы 11 қыркүйекте Астанада өткен Түркі кеңесінің 5-Саммитінде мен Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қабылдауында болдым. Сол сәтте мен Қазақстан басшысының көшбасшы ретіндегі көрегендігіне анық көз жеткіздім.
Н.Назарбаевтың бастамасымен, біздің ұйымымыздан бөлек, штаб-пәтері Баку қаласында орналасқан Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), штаб-пәтері Астанада орналасқан Халықаралық Түркі академиясы сынды халықаралық ұйымдар құрылды.
Президент Н.Назарбаев 2006 жылы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық одағы деп аталатын (Түркі кеңесі) халықаралық ұйым құру туралы ұсыныс білдірді. 2009 жылы біздің Хатшылық құрылды. Түркі кеңесі құрылғанға дейінгі және кейінгі кеңестердің барлығын есепке алар болсақ, бас-аяғы 15 саммит өтті. Олардың барлығына Нұрсұлтан Назарбаев тікелей өзі қатысып отырды. Қазақстан Президенті Түркі кеңесінің көптеген жобаларының идеялық бастамашысы болып табылады. 2012 жылы Президент Н.Назарбаев Түркия президенті Абдолла Гүлмен бірге Түркі кеңесі туының көтерілуінің ресми салтанатына қатысқаны символдық мәнге ие.
Қазақстан екі жылдан бері біздің ұйымның төрағасы болып, бұл міндетті табысты атқарып келе жатқанын атап өту керек. Қазақстанның төрағалығы кезінде көптеген жобалар жүзеге асырылды. Бұл орайда Түркі кеңесінің БҰҰ және ИЫҰ байқаушысы мәртебесін иеленуі мәселесін ілгерілетуде Қазақстан маңызды рөл атқарғанын атап өткім келеді.
Астана – бітімгершілік бастауында
Сириядағы ахуалды реттеу жөнінде қосымша платформа ретінде Астананың таңдалуы Қазақстанның бітімгерлік қызметінің аса зор маңызға ие екендігінің айқын көрінісі.
Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ қуатты ядролық арсеналдан бас тартып, сол арқылы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуды, мемлекеттердің арасындағы бейбіт ынтымақтастықты және жаһандық проблемалар мен қақтығыстарды шешуде халықаралық ұйымдардың рөлін арттыруды қолдайтынын іс жүзінде дәлелдеді. Күні бүгінге дейін Қазақстан әлемге ядролық қарусыздану және оны таратпау бойынша көшбасшылардың бірі ретінде танымал.
Сонымен қатар, тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан мемлекетаралық деңгейдегі халықаралық шараларды жоғары дәрежеде өткізу ісінде үлкен тәжірибе жинады. Жыл сайын Қазақстанда түрлі деңгейдегі көптеген халықаралық шаралар өтеді. Қазақстанда ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, Түркі кеңесінің және басқа да халықаралық ұйымдардың саммиттері өтті. Менің ойымша, Қазақстан әлемдік деңгейдегі түрлі шаралар мен келіссөздер үшін тұрақты әрі сенімді алаң болып табылады.
Сонымен қатар, Қазақстанның Ресей мен Түркия қатынастарын жақсартудағы мәмілегер ретіндегі рөлін айрықша атап өткен жөн. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы барша дүние жүзінің елдің бітімгерлік қызметіне деген берік сенімінің дәлелі.
Сол себепті, Сириядағы ахуалды реттеу мәселелерін талқылау бойынша қосымша платформа ретінде Астананың таңдалғаны ешкімді таңғалдырған жоқ. Астанадағы келіссөздер Сириядағы ахуалды реттеу бойынша маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етеді.
Рамил Хасанов,
Түркі кеңесінің Бас хатшысы