23 Сәуір, 2011

Қазақстан үлесі жоғары бағаланды

337 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы жаңадан тағайындалған Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов бірқатар халықаралық құрылымдар басшыларына сенім грамоталарын тапсырды. 14 сәуір күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орын­басары, БҰҰ-ның Вена бөлім­шесі­нің Бас директоры, БҰҰ-ның Есірткімен қылмыс жөніндегі бас­қар­ма­сының (БҰҰ ЕҚБ) Ат­қарушы ди­ректоры Юрий Фе­дотов­қа сенім грамотасын тап­сы­ру рәсімі болды. Әңгіме бары­сын­да тараптар ұйым­дас­қан қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы, жем­қорлық және терроризммен күрес жөніндегі өзара ынты­мақтастық мәселелерінің кең ауқымын тал­қылады. Заңсыз апиын мен канна­бис­тің әлемдегі ең ірі өндірісі жолға қойылған Ауғанстан аума­ғының жақындығын еске сала отырып, елші Қазақстан Үкі­метінің есірткі трафигіне қарсы мақсат­тылық әрекеттеріне назар аудартты. Ю.Федотов БҰҰ ЕҚБ-ның Қа­зақ­станмен арадағы ынтымақтас­тық­тың маңыздылығын атап өтті. Есірткі құралдары мен пси­хотроп­­тық заттар және олардың прекур­сор­ларының заңсыз айна­лы­мымен күрес жөніндегі Орталық Азия ай­мақтық ақпараттық және үйлестіру орталығын құруға еліміз­дің қосқан ерікті үлесі мен Қыр­ғызстанның есірт­кіге бақылау ұлт­тық жүйесін күшейту жөніндегі бағдарламаны қол­­дағанын алғыс­пен атап өтті. Қа­зақ­станның жоба­ларға бұдан былай да қатыса­тын­дығына сенім білдірді. Ю.Федотов, сондай-ақ, біздің елімізді Қасым-Жомарт Тоқаев­тың БҰҰ-ның Женевадағы бөлім­шесі­нің басшысы болып тағайын­далуы­мен құттықтады. Бұл – Қазақ­стан­ның көпжақты ынты­мақтастық саласындағы зор еңбе­гінің көрінісі, деп бағалады ол. Есірткімен қылмыс жөніндегі басқарма БҰҰ-ның мамандан­дырыл­ған құрылымдық бөлімшесі болып та­былады. Ол есірткінің заңсыз айналы­мы­мен, халықаралық қылмыс және жемқорлықпен күрес саласындағы ха­л­ықаралық стратегия мәселелерімен айналысады, сондай-ақ, терроризммен күрес саласындағы БҰҰ-ның жетекші бағдарламасы болып табылады. Қ.Әбдірахманов, сондай-ақ, сенім грамотасын Халықаралық атом энер­гиясы жөніндегі агенттіктің (МАГАТЭ) Бас директоры Юкия Ама­но­ға тапсыр­ды. МАГАТЭ бас­шысы Қазақстанның жаһандық яд­ро­­лық таратпау және қарусыздану үде­рі­сіндегі орасан рөлін жоғары баға­лады. Қазақ­станмен ара­дағы ын­ты­мақтастық МАГАТЭ үшін ерек­ше маңызға ие екенін және қа­зіргі кезде өзара іс-қи­мылды кеңей­ту­ге жақсы мүмкін­діктер бар екенін атап көрсетті. Ю.Амано біздің елге өз аума­ғын­да ядролық отынның халықара­лық банкін орналастыруға ұсыныс жа­са­ғаны үшін алғыс білдірді және ядро­лық отынның кепілді тапсы­рысы бойынша жобаларды алға жылжыту жөніндегі агенттіктің келешек іс-әрекеттері туралы түсінік­теме берді. Кездесу кезінде Жапо­ниядағы сұра­пыл апаттан зардап шеккен атом электр станса­ларын­дағы оқиғалар ая­сын­дағы жаһан­дық ядролық қауіпсіз­дік жүйесін күшейту жөнінде пікір алмасу болды. 19 сәуір күні Қазақстанның Тұ­рақты өкілі сенім грамотасын Яд­ролық сынақтарға жаппай ты­йым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Тибор Тотқа тапсырды. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЯСЖТШҰ үшін өзекті мәселелерді тал­қылады. Қ.Әбдірахманов біздің елдің шарт­тың күшіне ену үдерісін жыл­дамдату ісінде белсенді рөл атқара беретінін айрықша атап өтті. Шарт­қа сай Қазақстан аумағында орна­лас­қан барлық мониторинг станса­лары (төр­теуі сейсмикалық, біреуі инфрады­быс­тық) ЯСЖТШҰ серти­фика­ция­сынан өтті және Ұйымның Венадағы Халықаралық мәлімет орталығына тиісті ақпаратты жіберіп отырады. Өз кезегінде Т.Тот Қазақстан­ның жаһандық қауіпсіздікке қосқан тарихи үлесін, сондай-ақ, біздің елдің Ұйым қызметінде және оның әлеуе­тін арттыруға қатысуын атап өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың бастамалары жаһан­дық ядролық қауіпсіздік пен ядролық энергияны бейбіт қолда­нуға елеулі үлес қосады, делінді. Ислам Конфе­ренциясы Ұйымының төрағасы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жө­нін­дегі кеңес үдерісінің негізін қалау­шы ретінде Қазақстан ЯСЖТШ-ға қол қоймаған Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне үлгі көрсете алады, деді ол. 2011 жылы Қазақстанда болатын Семей сынақ полигоны жабы­луының 20 жылдығына арналған ірі халық­аралық іс-шаралар мен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қар­сы әрекет­тер­дің халықаралық күні ретінде атап өту ұйымдар басшы­лары тара­пынан ай­рық­ша қызығу­шылық тудырды. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.