
Айталық, әйгілі "Тас бол" киносында. Дегенмен, мына жалғанда мүмкін емес нәрсе жоқ екен. Ағаштың тасқа айналуы да сондай ғажайып құбылыстардың қаиарынан болса керек.
АҚШ-тың Аризона штатында тұтастай тас ағаштардың орманы бар дейді. Табиғаттың тылсымы тұтастай орманды бір күнде ағашқа айналдырып жібермеген шығар. Бірақ уақыт өтіп, заман озып, климаттың өзгеруі салдарынан бір кездері сыңсып өсіп тұрған тал-дарақ тасқа айналған-мыс. Мұндай мысалды көрші Қытай елінен де көруге болады. «Шыңжаң – Шонжы кремиленген ағаш-динозавр» мемлекеттік геобауында мұндай дүниенің талайын кездестіруге болады екен. Мұнда шамамен біздің заманымызға дейінгі 140 миллион жыл бұрынғы гинко, қызыл шырша секілді ағаштардың діңі мен тамырын көре аласыз. Оның кейбірінде ағаштың қабығы осы уақытқа дейін сақталған. Бұл аймақта динозаврлардың да тасқа айналған қаңқалары бар. Дегенмен оның нақты қанша екенін әлі ешкім толық білмейді. Десек те, соңғы жылдары Қытай-Канада ғалымдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде мұнда динозавр қаңқаларының жүзден асатыны белгілі болып отыр. Қолда бар техниканың әлсіздігіне байланысты оның барлығын аршып, толықтай зерттеуге ғалымдардың шамасы келмей жатқанға ұқсайды. Өмірімізге жаңа технология дендеп еніп, техника көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр ғой. Алдағы уақытта ғалымдар соңғы технологиялардың көмегімен динозавр дәуірінің нақты келбетін жасайды деген де болжам бар.
Ал енді осындай тасқа айналған ағаштар Қазақстанда бар ма? Біздің елде де мұндай құбылыстар кездескен екен. Соның жұрнағын Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінен көрдік. Минералды ресурстарды сіңіру барысында тасқа айналған ағаштың кішкене бөлшегі осында тұр. Ғалымдар бұл ағашты біздің заманымызға дейін 80 миллион жыл бұрын өскен деп сипаттап отыр. Ал тасқа айналған ағаштың діңі Шиелі ауданының Қызылжар шатқалынан табылған. Музейге 1980 жылы тапсырылған. Қарт Қаратаудың бөктері талай сырды ішіне бүгіп жатыр ғой. Іздестірсе, мұндай тасқа айналған ағашты әлі де табуға болатын шығар.
Ержан Байтілес,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы