Әлем • 05 Сәуір, 2017

Шетел баспасөзіне шолу. ​Трамп пен Цзиньпин алғаш рет кездеспек

117 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ баспасөз құралдары қазірдің өзінде бұл кездесуді тарихи оқиға ретінде бағалауда

Шетел баспасөзіне шолу. ​Трамп пен Цзиньпин алғаш рет кездеспек

Ресей мен Беларусь арасындағы газ дауы шешілді

Владимир Путин Ресей мен Беларусьтің мұнай-газ секторындағы даулы мәселеде ортақ келісімге келгенін айтты, деп жазады BBC. "Қос тараптың да мүддесі ескерілуі үшін біз мұнай-газ саласында екі жаққа да тиімді бағаны бекіттік», - деді Ресей Президенті Владимир Путин Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен кездесуден кейін. 

«Беларусьтің Ресей алдындағы қарызын қайта қаржыландыру мүмкіндігі бірер күнде шешімін тауып қалады», - деді Александр Лукашенко. 

Президенттердің кездесуі Санкт-Петербургте өтті. 2016 жылы Ресей мен Беларусь арасында газ тасымалына қатысты түсініспеушіліктер туған болатын. Өткен жылдың мамыр айында Беларусь тарабы өз беттерімен есептеу жүргізіп, Ресейден алып отырған газдың екі есе қымбатқа сатылып отырғаны туралы мәлімдеген еді. Нәтижесінде, Беларусь өз есебі бойынша бекітілген тарифпен төлем жасай бастаған. Ал өз кезегінде Ресей қалған қаражатты қарыз есебінде жазып қойған болатын. 

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин алғаш рет кездеседі

Осы апта АҚШ-тың Флорида штатында АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет кездескелі отыр, деп хабарлайды CNN.

АҚШ баспасөз құралдары қазірдің өзінде бұл кездесуді тарихи оқиға ретінде бағалауда. Ақ үй табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап АҚШ-Қытай қатынасын нашарлатып алғандай болған Трамп кейінірек Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, сарапшылар екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасы бұрынғыша сақталатынын айтқан. 

Саясаттанушылар екі жақтың мүдделері бір арнаға тоғыспай қалатын жерлерін айтады. АҚШ пен Қытайдың валюта саясатындағы қайшылығы – соның дәлелі. «Бұл тұрғыда Трамптың ұмтылысын Мао Цзэдунмен салыстыруға болады. Ішкі экономиканы күшейте отырып, халықаралық аренадағы позицияны күшейту – Трамп саясатының басты ерекшеліктерінің бірі» деп жазады CNN. «Дональд Трамп пен Мао Цзэдунға ортақ тағы бір сипат бар. Екеуінің де саясатын көпшілік тым жылы қабылдамады, алайда іс жүзінде лидерлік қабілетіне сенгендіктен халық олардың соңынан ерді» деп түйеді басылым.

Түркияда туризм қайта жандана бастады

Алдын ала зерттеулер бойынша, 2017 жылы Түркияға 38 млн турист келуі тиіс деп хабарлайды «Анадолы» агенттігі Түркия туристік агенттіктер қауымдастығы (TÜRSAB) президенті Башаран Ұлысойдың сөзіне сілтеме жасап. Оның айтуынша, Түркияның туризм секторы өткен жылғы құлдыраудан кейін қайта бас көтеріп, 2017 жылғы туристік маусымға қызу дайындалуда. 

«Түркия туризм нарығының Ресей және Украина сегменттерінде оң үрдістер байқалып отыр. Сонымен қатар Ұлыбритания мен Таяу Шығыс елдерінен келетін саяхатшылар саны да арта түспек. Ал Еуропаның кей елдерінен туристер азаюы ықтимал, бірақ бұл мәселені де алдағы уақытта реттейтін боламыз», - дейді Ұлысой.

Қауымдастық президентінің пікірінше, парсы шығанағынан келетін туристер негізінен Ыстанбұлда, Қара теңіздің шығыс жағалауында, Бурса мен Ялова аймақтарында дем алғанды жөн көреді. Ал ресейлік туристердің дені Ыстанбұл, Анталья, Измир мен Анкарада дем алса, израильдік туристер көбіне Ыстанбұл мен Антальяға барады екен. 

Ресейде жұмысшылардың оннан бірі табысын тамағына жеткізе алмайды

Росстат мәліметтері бойынша, кәсіпорындар мен ұйымдарда жалданып істейтіндердің 75%-ы кедейлік деңгейінде тұр деп хабарлайды «Ведомости» басылымы. Кедейлік деңгейі жұмысқа қабілетті адамдардың күнкөріс минимумы, яғни күнелтуге ең қажет өнімдер мен қызметтер жиынтығының құны бойынша анықталады. 2016 жылы ол 10 722 рубльге тең болды.

Жалақысы күнкөріс минимумы шамасындағы жұмысшы кедейлік пен қайыршылық арасында тұр болып саналады. Екі минимумға тең жалақы алатын жұмысшы өзін қосқанда отбасыдағы екі адамды ғана асырай алады. Табысы бұдан төмендер қайыршылар категориясына түседі. Өйткені, жалақысы оның еңбекке жұмсаған күшін толтыруға жетпейді. 

Бұл критерий бойынша, жұмысшылардың 10,7%-ы қайыршылық деңгейінде, 27,5%-ы – кедейлер, 37%-дың табысы кедейлік деңгейінен жоғары болса, тек 12,7%-ының табысы орта таптың тұтыну стандартына сәйкес келеді.  

Дайындаған Бауыржан Мұқанов