Спорт • 04 Мамыр, 2024

Елдос Сметов: Командаластарымды өзіме қарсылас көрмеймін

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

10-12 мамыр күндері Астанада дзюдодан Париж олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынатын соңғы рейтингтік турнир өтеді. Жауапты бәсәке алдында дзюдодан ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов дайындық жаттығулары қалай өтіп жатқанын баяндап берді, деп жазады Egemen.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.

Елдос Сметов: Командаластарымды өзіме қарсылас көрмеймін

Фото: ҰОК

Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Елдос Сметов елордада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі алдында қобалжу сезімі бар екенін жасырмады.

«Дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл олимпиадалық маусым болғандықтан, еш аялдаған емеспіз. Қазір ұлттық құрамада жүргеніме 15 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында кішкене жарақаттар да болды. Соның салдарынан біраз уақыт жоғалтқанымды да жасырмаймын. Қазір қалпыма келіп қалдым. Өз елімізде өтетіндіктен, қобалжу да бар. Дайынмын деп ойлаймын. Осы Астанадағы ірі жарыста осыдан тоғыз жыл бұрын күрескен екенмін. 2015 жылы өткен әлем чемпионатында топ жардым. Енді, міне, араға 9 жыл салып, олимпиадалық рейтингілік турнирде ел намысын қорғамақпын», деді Елдос Сметов.

лл

Елдос Сметов өнер көрсететін 60 кг салмақ дәрежесінде ел құрамасынан тағы 3 дзюдошы жолдама жолында татамиге шығады. Алайда тәжірибелі спортшы Сметов командаластарын қарсылас санамайтынын айтты. 

«Өз салмағымдағы командаластарымды өзіме қарсылас көрмеймін. Себебі, олар менің інілерім. Оларға үнемі жол көрсетіп жүремін. Мұны өз міндетім деп ойлаймын. Ізімнен ерген спортшылар әлемдік жарыстарда көзге түссе, қатты қуанамын. Спортшы ретіндегі пікірім осындай. Міне, бүгін Мағжан Шамшадин бауырым Душанбедегі турнирде күміс медаль алды. Нұрқанат Серікбаев Тбилисидегі турнирде топ жарды. Осы Астанадағы жарыстан соң, әлем чемпионатына баратын құрам жасақталады. Шыны керек, менің оларға пайдам тимесе, зияным тимейді. Мен оларға шеберлігіммен бөлісіп, ағалық ақылымды айтамын. Өзара спорттық бәсекелестік болғанымен, өмірде бауырмыз. Әлеуметті желіде алып-қашпа әңгіме көп. Бұл жерде бәрін рейтинг шешеді. Ешкімді атақ-абыройына қарап апармайды жарысқа. Бәсекелестік - өте жақсы дүние. Соның арқасында спортшылар өседі», деді Елдос Сметов.