05 Сәуір, 2017

Ядролық қауіп ортақ тіл табуға итермелейді

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп­тың халықаралық саясаттағы дип­ло­ма­тиялық қарымын сынайтын сын сағаты туып тұр. Ол алдағы бей­сенбі күні Қытай Халық Рес­пуб­лика­сы­ның Төрағасы Си Цзинь­пин­мен Флорида штатындағы өзінің дербес үйі Мар-а-Лагода екі күндік саммит шеңберінде кездеседі. Осы саммитте Д.Трамп Қытай лидерін өзін алаңдатып отырған мәселені бірлесіп шешуге көндіре ала ма, жоқ па деген күдікті АҚШ баспасөзі жарыса жазуда.

Ядролық қауіп ортақ тіл табуға итермелейді

Сарапшылардың айтуына қараған­да талқыланатын мәселенің ішіндегі ең күрделісі – Солтүстік Кореяның проблемасына қатысты екені анық. Қазір АҚШ истеблишментін бұл мәселе қатты алаңдатып тұр. Пхеньянның ақпан айында баллистикалық зымыранын сынақтан өткізгенін көргеннен бастап бұл алаңдаушылық асқына түскен. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіз­дік жөніндегі кеңесшісінің орын­басары Кэтлин Макфарленд Лондон­ның «Файнэншл Таймс» газетіне бер­ген сұхбатында осы қарқынмен дамы­та бере­тін болса, Солтүстік Корея яд­ро­­лық зымырандарының қуаты АҚШ аумағына Дональд Трамптың прези­денттік мерзімі аяқталатын 2021 жылға дейін-ақ соққы бере алатынын ашық айтқан. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли АВС телеарнасына берген сұхбатында Қытайдың бұл мәселеге самарқаулықпен қарап отырғанына қынжылыс танытып, «алаңдаушылық білдіреміз» деген сипайсалды мәлім­демелерді доғарып, белсенді әре­кетке көшудің уақыты келгенін атап айтқан. «Олар бізге өздерінің қалай алаңдайтынын көрсетуі керек. Солтүстік Кореяға нақты қысым жасап, жосықсыз әрекеттен тоқтата алатын мемлекет Қытай ғана» деген еді ол.

Өзіне тән ашық мінез, айқын мәлім­демелерімен Дональд Трамп бұл мәселе төңірегіндегі өз пікірлерін де осы уақыт­қа дейін жиі білдіріп жүр. Соның ішін­де, жоғарыда аталған ағылшынның «Файнэншл Таймс» басылымына берген сұх­батында Қытай Солтүстік Кореяның проб­лемасын шешумен айналысуы керек. Егер айналыспаса одан ешкім де опа таппайды, ал қиын түйінді біз өзі­міз-ақ тарата аламыз деп мәлімдеген болатын.

Жасалған қоқан-лоқылар мен эконо­микалық санкцияларды Пхеньян елең қылып жатқан жоқ. Соның ішінде ҚХР-дың Солтүстік Кореяның көмірін алу­дан бас тартқанынан да айылын жи­ма­ды. Керісінше, алтыншы сынақ өт­кізуге дайындалып, өзінің ядролық дер­жава ретінде әлемді мойындатамын деген мақ­сатын орындатуға қолсозым жерде ғана тұр.

Америкалық сарапшылардың айтуы­на қарағанда, Ақ үй Солтүстік Корея тарапын әлемдік қатерлі әрекет­терге жібермеудің барлық амалдарын қарас­тыруда. Соның ішінде қару қолдану мүмкіндігі де назардан тыс қалмаған. Бұрынғы қорғаныс министрі, қазіргі қорғаныс мәселесі жөніндегі сарапшы Эштон Картер АВС теледидарына айт­қан сөзінде, АҚШ Солтүстік Кореяның Йон­бенедегі зерттеу кешеніне пре­вен­тивті соққы беру жоспарын 1994 жылы Билл Клинтонның кезінде-ақ жаса­ған екен. Қазір сол жоспарды қайта қарай­тын уақыт келіп тұрған сияқты деді ол. Алайда, ол мұндай соққының Сол­түс­тік Кореяны Сеулге басып кіруге аран­датуы мүмкін екенін атап өтті. Оның үстіне Сеул қаласының өзі шекар­аға барынша жақын орналасқан. Аме­ри­калық соққы Солтүстікті әрине жеңеді, бірақ ол мың­даған адамдардың қырылуына жол бере­ді. Оның үстіне Сол­түстік Кореяның күйреуімен ежелгі корей жері бірігіп, бір үлкен мемлекетке айналады. Ал Қытай тарапы болса өзінің іргесінде АҚШ-тың одақтасы болатын мұндай үлкен мем­лекеттің пайда болуын қаламайды, деді әскери сарапшы өзінің сөзінде.

Қытай баспасөзінің мәліметтеріне қара­ғанда болашақ келіссөздер туралы мұн­дай ашық пікірлер айтылмайды. Олар­­дың сарапшылары келіссөздердің тек сауда, халықаралық қауіпсіздік мә­се­­ле­­­лері төңірегінде өрбитінін ғана білдірген.

Айта кететін жайт, соңғы уақыттарда АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы салқындық бұрынғыдан да арта түсті. Алдымен Пхеньян АҚШ пен Оңтүстік Корея арасында өткізіліп жатқан әскери жаттығулардың тыйылуын талап етіп, егер АҚШ өзіне қарсы привентивтік соққылар жасайтын болса ядролық қару қолданатынын мәлімдеген. Ал 31 нау­рызда АҚШ билігі КХДР-дың 11 лауазымды тұлғасы мен бір компания­сына қарсы тағы санкция жариялаған... Міне, осындай салқындық жағдайында АҚШ президенті Қытай басшылығымен келіссөздерге отыратын болып тұр. ҚХР-дың да АҚШ-қа айтатын өз нала­сы бар. Ол Трамптың «біртұтас Қытай» саясатын кейде тәрк етіп, айтып қалатын мәлімдемелеріне сын көзбен қарайды. Алайда, барша әлемге қауіп төндіретін ядролық қаруды ауыздықтау үшін лидерлер ортақ тіл табар деген үмітті барлық саясаткерлер де айтуда.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»