Қазақстан • 05 Сәуір, 2017

Дайындық деңгейі жоғары

373 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгін еліміздің Қарулы Күштерінің біртұтас жүйесін құрайтын заманауи, саны жағынан жинақы, жақсы жабдықталған және ұрысқа қабілетті Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері құрылды» деп айтқанындай, ел әскері қазір саны мен сапасы жағынан барлық дайындық бойынша озық тұр.

Дайындық деңгейі жоғары

Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізі әскердің оқу-жаттығу дайынды­ғы­нан бастау алатындығы анық. Ал қазіргі күні Қарулы Күштерімізде дайындықтың не­бір түрі жоғары деңгейде өтіп жатыр. Мәсе­лен, жаңа оқу жылында қазақстандық десант­шылар парашютпен 1 500-ден аса секіруді жүзеге асырды. Үстіміздегі оқу жылының үш айы ішінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері парашют­пен құлдилауды С-295 әскери-көліктік ұшақтарынан Д-6 парашюттік жүйесімен және Ми-17 тікұшақтарымен орындаған. 

Мұндай маңызды да күрделі секірулердің алдында байыпты дайындық жасалғаны анық. Оның барысында десантшылар парашютті жинау мәселелерін пысықтап, оқу полигонының базасында ұшақтар мен тікұшақтардың нобайларынан секірулерді орындады. Парашюттік дайындықта әрбір әскери қызметші парашюттік жүйе­нің жұмыс жасау қағидатын жетік түсін­гені маңызды болып табылады. Дайын­дық­қа психологиялық әзірлік те кіреді. Парашют­тік секірулер алдында жеке құрам психологиялық тестілеуден өтеді. Парашют­пен секіру Десанттық-шабуылдау әскер­лері әскери қызметшілерінің жауын­гер­лік даярлығының негізі болып табылатын­дықтан, ол жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес ұйымдастырылып, өткізіледі.

Иә, қуатты әскеріміздің дайындығына қашанда аса мән беріледі. Соның тағы бір дәлелі, 2017 жылға арналған дайындық жоспарына сәйкес, Құрлық әскерлері бригада сержанттарының командирлік даярлық жиындары да өтті. Онда сержанттар әскери қызметті өткерудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мамандықтар бойынша жеке құрамды дайындау жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде ұсыныстарды пысықтап, жауынгерлік даярлық сабақтары бойынша оқытылды әрі дене даярлығы бойын­ша норма­тивтер тапсырды. Командирлік жиын­ның соңында өткізілген кешенді тексеру бригада сержанттарының дайындық деңгейі мен оқу бағдарламасын игеру мүмкіндіктерін айқындап берді. Оқыту курсын сәтті аяқтаған әскери қызметшілер бағдарламаны меңгеру дәрежесі көрсетілген сертификаттарға ие болды.

Сол сияқты «Шығыс» өңірлік қолбасшы­лығында да байланыс бойынша кешенді жаттықтырулар өткізілді. Практикалық сабақ­тар барысында жоғары тиімділігін көрсеткен су жаңа техника, яғни әмбебап мобильді байланыс кешенінің мүмкіндіктері кеңінен қолданылған. Кешенді жаттықтыру жоспары бойынша командалық пунктінің байланыс торабы өрістетілді. Жауынгерлік бекеттерде дәл уақытымен ашық және қорғалған режімдерде баламалы және сандық байланыс арналары ашылған және қамтамасыз етілген. Осылайша байланысшылар қолбасшылық жүктеген барлық тапсырмаларды ойдағыдай орындап шыққан. Мұндай жаттығулардың деңгейі мен сапасы тексерістен де кенде қалып жатқан жоқ. Мәселен, Құрлық әскерлері Әскери институтының базасында Қорғаныс министрі рота командирлерінің «Тактик» біліктілікті арттыру курсының өткізілу барысын тексерді. Ведомство басшысы Құрлық әскерлері мен Құрлық әскерлері Әскери институтының командалық құрамымен жұмыс кеңесін өткізді. Отырыста рота командирлерімен курс жұмыстарын әрі қарай сапалы ұйымдастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар жүкте­ді.

Қазақстанның Қарулы Күштерінде взводтардың жауынгерлік атысына үлкен мән беріледі. Далалық машықтанған дағдылардың тиімді нысаны ретінде командирлердің, штабтардың және бөлімшелердің даярлығы бойынша қазіргі заманғы жалпыәскери атысты жүргізу барынша әскери жағдайға келтіріліп өткізіледі. Күрделі ауа райында взводтардың жауынгерлік атысын қамтамасыз ету үшін жердегі және әуедегі нысаналар бойынша ату, жеке қорғаныс заттарынан дербес мақсаттар бойынша ату, теңіз жаяу әскерлерінің әскери машинасының атыс саңылауы арқылы ату, БТР-ге орнатылған зеңбіректен, сауытты транспортерлерден ату, түнгі нысаналарды пайдалану арқылы түнде ату, сондай-ақ, түрлі статистикалық және ди­намикалық нысаналарды пайдалану ар­қылы қол гранатасын лақтыру сияқты бар­лық қару түрінен ату қарастырылып, шы­найы жауынгерлік жағдай жасалады. Взвод­тардың жауынгерлік атысын орын­дау кезінде тактикалық іс-қимылдың дұрыс­тығына, қаруды ұрыста епті және тиімді қолдана білуіне және бөлімшелердің атысты басқаруына, сондай-ақ, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауына ерекше назар аударылады.

Мұндай кезде әскери қызметшілер таныс емес жерлерде жауынгерлік іс-қимыл жүргізу, өзара іс-қимылды ұйымдастыру, бөлімшелердің атысты басқаруы мен ор­нын­дағы және қозғалыстағы әскери ма­шинадан ату шеберлігін арттыру мәселе­лерін пысықтайды. Мәселен, еліміз­дің қарлы аймақтарында, атап айтқанда, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлім­дерінің жеке құрамымен міндеттерді пысықтау барысында жауынгерлік атысты шаңғыда орындауды жүзеге асырды. Жауын­герлік атысты бастар алдында взводтар­дың әскери қызметшілерімен экипаж және бөлімше құрамында қауіпсіздік шара­лары­ның талаптары, сондай-ақ, жеке даярлық бойынша сабақтар өткізілген еді. Бір ай бойы оқуда жүргендер тактикалық және арнайы даярлық бойынша нормативтер мен атыс қаруынан, гранатометтен және әскери машинадан оқ атуды пысықтады.

Қарулы Күштеріміз шын мәнінде әлеуетті болуы үшін бесаспап техникалармен де жаб­дықталуы тиіс. Бұл орайда, біздің әскер­лері­міз тек шетелдік қана емес, отандық әскери тех­ни­калармен қамтамасыз етілуде. Соның бірі ретінде өткенде ғана қазақстандық «Арлан» броньды машинасын жауынгерлік тұрғыда пайдалану тәжірибесі жүргізілді.  Мәселен, «Шығыс» полигонында қазақстандық сауыт­ты көліктің әскери мүмкіндіктері қыс­қы ауа райы жағдайында тексерілді. Тест-драйв аясында қарлы қиылыстардан әскери қыз­метшілер сауытты машинамен марш жасап, «Арланмен» жабдықталған «САРП» әскери модулін іс-қимыл барысында сынап көрді. Сондай-ақ, Калашников автоматынан, Драгунов мылтығынан және ОСВ-96 ірі калибрлі мылтықтан атып, броньды көліктің беріктігін тексерді. Нәтижесінде отандық өнім жеке құрамның қауіпсіздігін қамтама­сыз ететін жоғары өтімді, маневрлі және қорғанысы мықты екенін көрсетті. «Арлан» – бұл минаға қарсы қорғанысы күшейтілген көп мақсатты броньды дөңгелекті машина. Бұл түрдегі машиналар сынақтарға қарсы тұра алатын және жарылғыш заттың қуатын сейілту мүмкіндігі бар амалға ие. Салмағы 16 тонналық сауытты көлік жылдамдығын 100 км/с жеткізе алады және күрделі ауа райы кезінде -50⁰С-тан +50⁰С-қа дейінгі температураға толық бейімделген.

«Арланның» жан-жақты электронды-оптикалық жүйесінің әскери модулі жылу беретін камерасымен, күндізгі көру каме­расымен, лазерлік алысты өлшеуші құрал­мен кез келген климаттық жағдайда түнгі және күндізгі уақытта бақылауға, бар­лауға және көздеп атуға мүмкіндік бере­ді. Қазақ­стан Қарулы Күштерінің та­ла­п­тары мен ұсы­ныс­тарын ескере оты­рып, «Арлан» бронь­ды машинасы «Қазақ­стан Пара­маунт Ин­жиниринг» ЖШС құрас­тырушы бюросының қазақстандық мамандарының көмегімен жасалған және отандық қуатпен өндірілген. 2016 жылы броньды көліктердің бірінші легі еліміздің Қарулы Күштеріне беріл­ді, оған балама болатын техника бүгінде елімізде жоқ. Аталған машинаның тиімділігін сынау үшін жеке құрам оқытудан да өткен көрінеді. Осылайша ел әскерінің дайындығы әрқашанда назарда тұр деп сеніммен айта аламыз.

Дерек пен дәйек


 1992 жылы 7 мамырда Президент Н.Назарбаевтың «Қазақ­стан Республика­сының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды.

 1993 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақ­стан Республикасының қор­ғанысы және Қарулы Күш­тері туралы» Заңға қол қойды.

1996 жылдың 18 шіл­де­сінде Қазақстан Республикасы Прези­дентінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери ны­шандары туралы» Жар­лы­ғы шықты.  

1997 жылдың 18 нау­ры­зында ел Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскері жанынан Жоғары әскери училище құрылды.

2003 жылы Құр­лық күштерінің өңірлік қолбасшылықтары құ­рыл­ды. Олар: «Астана» өңірлік қолбасшылы­ғы, «Шығыс» өңірлік қол­бас­шылығы, «Батыс» өңір­лік қолбасшылығы, «Оң­түстік» өңірлік қолбас­шылығы деп аталды.

2007 жылғы 21 нау­рызда Президент Жар­лығымен мемлекет­тің әскери қауіпсізді­гін қам­тамасыз етуге, соғыстар мен қару­лы жанжалдар­ды бол­дыр­мауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскер­лер мен әскери құралым­дарды дамыту мен қол­дануға негіз қалаушы көз­қа­растар жүйесін біл­ді­ретін Қазақстан Рес­пуб­ликасының жаңа Әскери доктринасы бекітілді.

Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»



Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»