26 Сәуір, 2011

Заңдар заманына сай болсын

350 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Еліміз Тәуелсіздігінің биылғы 20 жылдық мерейтойына орай қос палаталы Парламент құрылғаннан бері Сенат­тың ауыстырылмайтын депутаты, «Парасат», «ІІ дәре­желі «Барыс» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, ауыл шаруашылығы саласының майталман білгірі Нүсіпжан НҰРМАНБЕТОВТІ әңгімеге тартқанбыз. – Нүсіпжан Нұрманбет­ұлы, биыл еліміздің Тәуел­сіз­дік алғанына 20 жыл толғалы отыр. Сіз заң шығару орга­ны­ның жоғары палатасын­дағы ең байырғы, ең тәжіри­белі сенаторлардың бірісіз. Сіз­діңше, біздің еліміздегі пар­ламентаризм ннституты толығымен қалыптасып бол­ды ма? – Мен 1995 жылы қабыл­данған Конституцияға сәйкес енгізілген қос палаталы кәсіби Парламенттің жоғары палата­сын­да алғашқы күннен бері келе жатқан депутаттардың бірімін. Сіз бен біздің әңгімеміз еліміз тағы бір асудан асып, Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беру құқы бар Қазақстан халқы түгелге жуық қатысқан кезектен тыс президенттік сайлауда 95 пайыздан артық дауыс беріп, қайта сайлаған сәттен көп уақыт өтпей болып отыр. Сондықтан, алдымен мен Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың еңбегіне тоқтала кетсем деймін. Өйткені, Қазақстанның Тәуелсіздігі және оның іргесі­нің нығаюы Елбасының есімімен тікелей байланысты ғой. – Құлағымыз сізде... – Екі мәрте – 1993 жылдың жел­тоқсанынан 1994 жылдың наурызына дейін және 1995 жыл­дың наурызынан 1996 жыл­дың қаңтарына дейін ұзақ уа­қытқа Қазақстан Республи­ка­сындағы заң шығарушы және атқарушы билік тұтасымен Пре­зиденттің қолына шоғыр­лан­дырылды. Н.Назарбаев оны мемлекеттік мүдде тұрғысынан демократиялық институттарды реформалау мен нығайту үшін ақылмен тиімді пайдаланды. Осы құқығын пайдаланып, Елбасы заң күші бар 147 заң­намалық актілер қабылдады. Осы актілердің бәрі де елімізде экономикалық реформаларды бө­гетсіз жүргізуге жағдай жаса­ды. Соның арқасында Қазақ­стан инвестициялық жеңілдік­тер бере алатын тартымды ел қатарына қосылды. Сырттан кірген инвестицияның арқасын­да тұралап қалған экономика­мыз­ға қайтадан жан бітті. Өмір­дің барлық саласында қайнаған тіршіліктің қазаны қайнады. Соның ішінде халықтың әлеу­мет­тік жағдайы жақсара бас­тады. Ал мұндай ерлікке екінің бірі бара бермейді. Өйткені, КСРО-ның шекпенінен шыққан бізде сырттан келетін инвести­цияға қарсы консервативтік көз­қарас әбден шегіне жетіп, шетелдің бәрін жау көріп, олар­дың капиталы енсе болды, олар­дың құлақкесті құлы бола­мыз деген түсінік бекем қалып­тасып қалған болатын. Сондай қалыпты бұзып-жарып шығу – тек болашақты тура болжай алатын аса ірі қайраткердің ға­на қолынан келетін іс. Біздің Президентіміз нақ сондай тұлға болды. Ал посткеңестік кеңістік­тегі көптеген басқа елдер әлі де нарықтық реформаларға бел шешіп кірісе алмай, жартыкеш шаралармен шектеліп, экономика­сын дамыта алмай отырғаны белгілі. Міне, мен Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың осы ерлігін айрықша бағалаймын. Ол халық­тың жарқын болашағы үшін керекті реформаларды батыл жүргі­зе отырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Егер сол жылдар­дағы батыл реформалар болмаса, Қазақстан бүгінгі табысына әлі де қол жеткізе алмаған болар еді. Халық Нұрекеңнің осындай жұ­мыс­тарын жақсы білген соң, оған сенім көрсете береді деп ой­лаймын. – Сіз қатарына енген жаңа сайланған Парламент те сол кездерде Президент бастаған на­рықтық реформаларды да­мы­­туға мүмкіншілік беретін жаңа заңдар қабылдай бастады ғой... – Әрине... Сол кездерді есіме алсам, 1996 жылы біз инвестиция және шетел инвестициясы туралы заң жобасына өзгерістер енгіздік. Осы заңға дейін үкіметтің қау­лы­сымен бекітілген бір реттік рұқ­сат арқылы көптеген тауарлар кедендік баж салығын төлемей өт­кізіле берген екен. Кәсіпкерлер кедендік декларациясында құрал-жабдықтар деп көрсетеді де, шын мәнінде өздері халық тұтынатын тауарлар әкеліп, ішкі рынокта сатқан. Осы заңның арқасында осындай келеңсіз істер тоқтаты­лып, бір реттік рұқсат беру мүлде болмай, бір жылда ғана бюджетке 16 млрд. теңге баж салығы түсті. Ал келесі, 1997 жылы 9 млрд. теңге түскені белгілі болды. Бұл еліміздің экономикалық дағда­рыс­тың қиыншылығын бастан кешіріп, қатты қиналыста жүрген жылдар екенін білесіздер. Осы жылдарда бюджеттен төленетін еңбекақы, зейнетақы, өтемақы тө­леу қиындап тұрған еді. Сол кезде мына заңның пайдасы орасан зор болды. Ол бюджеттің толығуына жағдай жасады. – Қиын кездерді ауызға ал­ғанда тағы да қандай заңдар қабылданып, соның нәтиже­сінде қандай оң шаралар жа­сал­ғанын еске ала аласыз? – Елімізде нарықтық құбы­лыс­тарға жақсы жағдайлар туғы­зылып, қабылданған заңдары­мыз оларға құқықтық жағынан кепілдік берген соң бізге ха­лық­аралық қаржылық институттар да сенім көрсете бас­тады. Со­ның ішінде Ха­лық­аралық валюта қорынан (ХВҚ) 1998 жылы 300 млн. дол­лар несие алған едік. Бұл да ха­лықтың алдын­дағы қарызды жеңілдетуге мүм­кіндік берді. Сонымен бірге, тиімді, жаңа әлеуметтік бағдар­ламаларды іске асыруға септігін тигізді. Жалпы айтқанда, бізде 2001 жылдан бастап зей­нет­ақы төлеу дұрыс жолға қо­йылды. Осы жылдарда біздің Экономика, қаржы және бюджет комите­тінің ықпалымен зейнетақы төлеу туралы заң қабылданды. Елбасының тікелей тапсыр­ма­сымен дайындал­ған Ұлттық қор құру туралы заң жобасы да біздің комитеттен өткен еді. Аталған қордың пайдасын кейін халық көрді. Сондай-ақ, біз халықтың банк­терге салған депозиттік са­лымдарының 2012 жылға дейін сақталуына кепілдік беретін заң қабылдадық, бұл да халықтың салымдарын банктерден жапа-тармағай алуын тоқтатты. – Ал енді бастапқы сұра­ғымызға келейік. Сонымен, елімізде парламентаризм инс­ти­туты қалыптасып болды ма? – Парламентаризм инсти­ту­ты­ның қалыптасу жолы оңай болған жоқ, оны өздеріңіз жақ­сы білесіздер. Тәуелсіздік ал­ған­нан бері еліміздің Ата Заңы да екі рет өзгерді. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес еліміздің заң шығарушы жоғары билігі екі палатадан тұратын болды. Бұл көптеген елдердің тәжіри­бесіне сүйеніп қабылданған шешім еді. Уақыт өте келе өмір талабы, елді демократиялан­дыра түсудің қадамдары соның өзін жетілдіруді қажет етті. Өздеріңіз білесіздер, осы мақ­сат­пен 2007 жылдың мамыр айында конституциялық реформалар жасалды. Жаңа өзгеріс­терге сәйкес сенаторлардың са­ны 39-дан 47 адамға дейін арт­тырылды. Бұл жұмыс ауқымы­ның көбейіп, заңдарды шығару көлемінің ұлғаюына байланыс­ты жасалды. Сенат төменгі палата мақұлдаған заң жобаларын тағы бір қарап, оның Ата Заңы­мызға, қолданыстағы бас­қа заң­дар­ға, еліміздің саяси, қоғам­дық және экономикалық мүд­десіне сәйкестігін мұқият қа­рай­ды. Кейбір заңнамалар жө­нін­де келіспеушілік білдіріліп, ол қайта қарауға жіберіледі. Сонымен бірге, Сенатқа жүктелетін айрықша міндеттер де бар. Мәселен, Сенат Жоғар­ғы Соттың төрағасы мен судья­ларын сайлайды және орнынан босатады. Сондай-ақ Прези­дент­тің Ұлттық Банк төраға­сын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын тағайындауына келісім береді. Мен Сенаттың байырғы депу­тат­тарының бірі ретінде Қазақ­стан Парламенті әбден қалып­тасып, өзінің қызметін мүлтік­сіз орындап келе жатыр деп айта аламын. Әрине, заман тала­бына сай жетілдіру мақсатымен кейбір өзгерістердің болып тұруы заңды. Бірақ, олар қа­лып­тасқан парламентаризм инс­­ти­тутының негізін бұзбай, тек дамыта түседі. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.