26 Сәуір, 2011

Ұжымдасу–үлкен іске ұйымдасу

457 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
«Жаңа Әйет» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативін құрып жатқан Мінайдар Боранбаевтың тұжырымы осындай 1.АУЫЛДЫҢ АНЫҚ СУРЕТІ Қостанай өңірі қысты артқа тастады, қазір көкөзек шақ. Қыс артта қалды, бірақ үйі жы­лы, қорасындағы малы күйлі, соғымын уақ­тылы сойып, қазы мен қартаны кертіп жегенге қыстың қызығы мол болды. Ал азынаған суық үйде пешіне отынының әр талын санап жағып, малына шөбін айырдың ұшымен сал­ған сайын жүрегін суырып бергендей қинала­тын қоң­торғай ағайын қыстың қаһарынан шағылып қалғандай. Таран ауданындағы Белинский елді мекеніне наурыз айында жолы­мыз түскен еді. Ауылдың жү­деулігін даланы басқан қар да жасыра алмап­ты. Көшкен жұрт­тан қалған үйлердің қаң­қасы, жапырайған ағашына қау­ғасы ілінген ескі құдық ауылдың кейпін ұшырып-ақ тұр. Үріп жауған қар ауыл ішіндегі жолды көміп тастаған, осында бұ­рыл­ған жо­лаушы көлігін қозыкөш жерге тастап, жаяу келеді. Біз де осы ауылдағы Нұрбек Мусиннің үйіне солай жеттік. Мұздай үйдегі баладан 82 жастағы қарияға дейін күр­кіл­деп жөтеледі. – Осы үйде жұмыс істейтін жалғыз келін ғана. Кен басқарма­сын­да үй сыпырушы бо­лып істейді, соның азғантай жалақысы ба­ла­лары­ның нәпа­қа­сы­на айна­лып отыр. Мен мы­на жасыма қарамай таң­ер­тең­нен кешке дейін от жағудан қолым тимейді. Сонда да тұм­сы­ғы­мыз­дың жы­лын­­ғаны шама­лы. Бала­лардың қыс­тың ба­сын­да алған он тонна кө­мі­рі жетпей тұр. Бая­ғыда осы ауылға көшіп келгенімізде ешнәр­се­ден мұқ­таж­дық көрмеп едік. Ауыл­дың орта­сын­да ау­рухана, клу­бы, кең­­сесі, бала бақ­шасы, жақсы мектебі – барлы­ғы бар еді. Ауыз суы қандай еді! Содан қа­зір ештеңе жоқ қой. Енді, міне, қимыл­дауға шама жоқ, отыр­ғаны­мыз. Бізді қойшы, мы­на немерелерімді ой­лай­мын-дағы, – дейді Жәмила әжей. Үш бөлмелі аласа үйде Нұрбек Мусин бала-шағасымен, ана­сы­мен тұрады. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана бірнеше жылқы, сегіз ірі қара, уақ мал ұста­ған. Қазір қолында бір-екі тай-тулағы мен бір сиыры ғана қалды. – Ауылда отырған соң малсыз күнің жоқ. Бірақ сол малды ұстай алмай қор болып отырмыз. Малдың жем-шөбі өзінің құнынан асып кетеді. Сусыған кебектің бір қабы қазір 900 теңге болды. Ал қаптың салмағы 30 килодан аспайды. Шөптің тоннасын былтыр ауылдастар 12 мың теңгеден алды. Көліктің үстіне қауқитып әкелген шөбі де бағасына тұрмайды, –дейді Нұрбек күйініп. Cүт өңдейтін кәсіпорындар бір Белинский ауылы емес, барлық елді мекендерден бағалы шикізатты арзанға алады. Оның литрі жаз айларында 12 теңгеге дейін құлдырайды, ал қыстыгүні 20-25 теңгеге көтеріледі. Ол ақша жеке сектордағы малдың шөбін, жемін өтей алмайды. Ал әлгі сүт зауыттарының дүкен­дерге шығарған сүт өнімдері удай қымбат. Мысалы, дүкендерде сүттің бір литрі майлы­лығына қарай 150 теңгеден төмен емес. Сонау алыстағы Торғай өңірінен басқа ауданның кез келгенінде малдың жайылымы туралы мәселе өткірленіп келеді. Бидай алқаптары үйдің іргесінен басталады. Ал жердің қожасы оған түскен малды иесімен қосып аямайды. Жайылым тар. Ал өзінің жалға алған жеріндегі шөпті жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры немесе шаруа қожалығының жетек­шілері орып алып, ауылдастарына қым­бат бағамен сатады. Ауылшаруашылық кәсіп­орындарының басшыларымен болған басқо­суларда облыс әкімі шөптің бағасын арзанда­тыңдар деп талай айтты. Бірақ шыққан қоры­тынды аз. Шөп демекші, жайылымдар азып барады. Шабындықтағы екпе шөптер де көп жылдан бері күтім көрмегендіктен, жаңар­тыл­мағандықтан ауылдағылар бұрынғыдай иісі бұрқыраған пішен ормайды, әсіресе, қуаңшылық жылдары оны қылтанақтап жинайды. – Бұрын шаруашылықтар екпе шөпті кү­тетін еді ғой, қазір шабындық та азған. Тарақ бидайық ораққа ілінбейді. Қып-қызыл ақшаға сатып алған шөптің арасында қауы көп, оны сүйсініп жемеген мал да көктемге теңселіп зорға шығады, – дейді Нұрбек. Тек Нұрбек Мусин ғана емес, ауылда отырған барлық ағайынның көрген күні осы. Облыс әкімі Сергей Кулагин жыл басында берген есебінде «ауыл шаруашылығының осынау маңызды саласы – мал шаруа­шы­лығын одан әрі интенсивті дамытуға тежеу болатын маңызды фактор өндірістің ұсақ тауарлы­лығы болып қалып отыр. Ірі қараның жалпы басының 83 пайызы жеке шаруа аулаларында ұсталуда» деді. Міне, көрдіңіз бе, өндірілетін еттің негізгі бөлігін беретін ірі қараның басым көпшілігі жеке секторда. Қыс аяғында шөптің тапшы болғаны да ешкімге жасырын емес. «Малды қыстан ойдағыдай шығару үшін 794 мың тонна шөп, 127 мың тонна пішендеме мен сүрлем дайындалды. Бірқатар аудандарда және шаруашылықтарда жем-шөп жөнінен тапшы­лық­тың сезілетіндігіне сөз жоқ» деген сол есебінде облыс басшысы. Әкімнің айтқаны айдай келді, қазір көк­тем­нің көкөзек шағында қысылғандар шөптің тоннасын 30 мың теңгеге сатып алды. Қос­танай өңірінде мал мамырдың ортасын­сыз то­йын­байды. Сонда шаруа қорадағы малдан не пайда көрмек? Қостанай қаласының іргесіндегі «Алтын дала» ауылында тұратын Әділ­хан Оташев қара күзден бастап бір-екі жылқы байлап семіртіп, соғым сатып, пайдасын көретін. – Биыл соғымға байлаған жылқының екеуі де өзінің құнын жеді. Жемі де, шөбі де қымбатқа түсті. Мал ұстамасаң күнің тағы өт­пейді, ауылда жұмыс жоқ. Бірақ жайылым тарылып, жем-шөп қымбаттай берсе мен де көпшілік ауылдастарым сияқты мал ұстауды қоятын шығармын, – дейді ол. Қостанай қала­сы­нан жиырма шақырымдай жердегі бұл ауыл тұрғындарының басым көпшілігі мал ұста­майды. Есесіне жарлының жалғыз сиырын жымын білдірмей сойып әкететін ұры-қары жаудай. Қорасында малы барлардың түнгі ұйқы­сы тыныш болған емес. Күнкөрісін қора­дағы малынан ғана айырып отырған тұрғын­дардың көрген күні осы. Бизнес әлеуметтік әріптес болуы керек. Алайда, әр ауылдағы бірді-екілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің барлық әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге қауқары жете бермейді. Ал ауыз суға байланысты мемлекеттік бағдарламаның құрығы көп ауылға жеткен жоқ. Соның бірі біз айтып отырған Белинский ауылы десе болады. Мұндағы жұрт құрттаған құдықтың суын лайымен қосып алып, тұн­дырып, сүзіп ішіп отыр. Көп жылдардан бері аршылмаған құдықтардың көзі бітеліп қалған, тозған. Ауылдардың бүгінгі анық суреті осындай. 2. КООПЕРАТИВ АУЫЛҒА ЖАҢА СИПАТ БЕРЕДІ – Ауылды жерлерде тұтынушылар кооперативі құрылғанда ғана жеке сектордағы мал шаруаның өлмес күніне ғана жарамай, пайда көзіне де айналады. Өйткені, шаруаның еңбегі жеңілдейді, – дейді «Жаңа Әйет» ауылшаруа­шылық тұтынушылар кооперативінің төрағасы Мінайдар Боранбаев. Таран ауданында ауыл­ша­руашылық тұтынушылар кооперативін құр­ған кәсіпкер ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл­дарды сақтап қалу үшін алдына көптеген мақсат қойыпты. Соның ішінде ауыл адам­да­рының еңбегін жеңілдетуді, тұрмысын жақсар­туды көздейді. Ол ауылдағы ағайынның қолын­да техникасы мен жері бар бір адамға ғана қарап отырмай, ұжымдасып, тізе қосып тірлік етсе, тұрмыстың да оң жамбасқа келіп, үйірі­ліп жүре береріне кәміл екенін айтады. – Ауылда отырғандардың әрқайсысы өз бетінше тіршілік еткенімен шаруа шатқаяқтап, шашырай береді. Экономикалық түсінікпен айт­қанда, ұсақ тауарлылықтан шыға алмаймыз. Ал кооператив құрып, тізе қосып еңбек етсек, бірігіп, ұжымдассақ ұтарымызға дау жоқ. Мұ­ны мен көктен алып айтып отырғаным жоқ. 1999 жылы жарық көрген «Қазақстан Респуб­лика­сындағы ауыл шаруашылығы тұтынушы­лар коопера­циясы туралы» заң бар емес пе? Бізге Елбасы мүмкіндіктің барлығын да жаса­ды. Яғни заңдық негіз бар, несиелік қаржы алам десең ешкім қолыңды қақпайды, тек соны жүзеге асыруымыз керек, – дейді Мінайдар Болатұлы. Қостанай облысы республикадағы астықты өңір болып саналғанымен, барлық аймақта то­пы­рақ құнары бірдей емес. Астық жақсы шы­ғатын қара топырақты аудандары да егіннен гөрі мал шаруашылығын дамытуға қолайлы, шөлейт болғанымен шөбі шүйгін аймақтары да бар. Егін шаруашылығымен айналысатын аудандарда әлеуметтік жағдай да жаман емес. Себебі, егін егетін кәсіпкерлер мемлекет тара­пынан жасалған жеңілдіктерді пайдалана­ды, астығын уақтылы сатқан соң, табысы да бар. Сондықтан олар ауылдың бүкіл инфрақұрылы­мын тікесінен тік қоймағанымен, оны көркей­туге атсалысып отыр. Бірақ бұл олардың ауыл тұрғындарының барлығын жұмыспен қамтып, қажетін толық өтейді деген сөз емес. Ауыл­дағы ағайын өзінің күн-көрісіне жарап отырған малының жем-шөбін дайындау, оның өнімін сату сияқты қиындықтармен, кейбір жерлерде бүкіл әлеуметтік проблемалармен бетпе-бет қалған. Мектеп мұғалімдері мен медицина қыз­меткерлері және зейнеткерлердің үйіне ай сайын үзіліссіз кіріс кіреді. Олардың айлық жала­қысы, зейнетақысы бар. Ал қалған жұрт­тың бар сүйенері қорасындағы малы ғана. Жұ­мыстың тайын-тұрағы жоқ. Егін егілген кез­де бір, жиналған кезде бір жұмыс болып қалады, ал қалған уақытта ауылда тыныштық орнайды. Айлық жалақысы бар мұғалімдер және кемпір-шалдың зейнетақысын нәпақа көр­гендер ғана малдың шөбін қымбатына кө­ніп сатып алады. Қалған жұрттыкі митың тірлік. – Кооперативке бірігу бүгінгі ауылды тұ­тастай өзгертер еді. Өйткені, ауылдағы бар қиын­дық жеке ауладағы малдың жем-шөбін дайындау мен оның өнімін лайық бағасына өткізе алмауда болып отыр. Кооператив ауыл­дың инфрақұрылымын да өз мойнына алады. Демек, ауыз су, отын, жол сияқ­ты негізгі әлеуметтік проблемалар оңтайлы шешілер еді, – дейді Мінайдар. Оның айтуынша, кооператив пайда табатын коммерциялық құры­лым емес, оның басты мақсаты толағай табыстан бұрын біріккен тауар өндірушілердің, яғни жеке ауладағы шаруашылықтың тиімді экономи­ка­лық мүддесіне қызмет ету. Ауылшаруа­шы­лық тұтыну­шылар кооперативі аяғын нық басып кетсе оның мүшелерінің ешқайсысы жұмыс­сыз қалмайды. 3.«Жаңа Әйет» жаңалық жасай ала ма? Өткен жылы Мінайдар Боранбаевтың бас­шылығымен құрылған «Жаңа Әйет» ауыл­шаруашылық тұтынушылар кооперативі бұл күнде облыстағы инвестициялық жобалар­дың біріне айналды. «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамына ұсыныл­ған бизнес жобада оның ауылда мал мен құс санының азаймауын және жеке ауладағы шаруашылықтарды дамытуды, ауылшаруа­шы­лық тауарларын өндірушілерді біріктіру, сүт-ет өнімдерін өндіріп, сатуды жүзеге асыруды көздейтіндігі баса айтылған. Тұты­нушылар кооперативі ауылдағы ұсақ тауар­лылықты, өндірушілердің бытыраңқы, ша­шы­раңқылығын жояды. Осы кезге дейін ауылдарда болмаған немесе азық-түлік да­йын­дау инфрақұрылымының стандарттарына және техникалық жағ­дайына жауап бере ал­маған сүт, ет қабылдау, сұрыптау, ыдысқа құю пункттері, қысқа және ұзақ мерзімге сақтау қой­малары салынады, ауыл­ша­руашылық өні­мін тасу жүзеге асы­рылады. Машина-трактор паркі, көкөніс қой­масы салы­нады. Об­лыс өңірінде көкөніс­тің және мал ша­руа­шы­лығы сала­сын да­мыту үшін жем-азық­тың жетімсіздігіне жол бер­меудің жолдары қа­рас­тырылады. Әзірге «Жаңа Әй­ет» ауыл­шаруашылық тұ­тынушылар коо­пе­ра­­тивінің құрамына осы өңірдегі жеке аула ша­руашылығын да­мы­туға барлық өзекті деген мәселелердің шешімін табуға белсене кірісуге тиісті 13 ірі ау­ыл­ша­руа­шылық жә­не өнер­кәсіп кәсіпорындары, жеке кәсіп­керлер, тұр­ғындар енді. Олардың бар­лы­ғынан жарна жиналып, кооператив қоры құ­рылады. «Жаңа Аят» ауылшаруа­шылық тұ­тынушылар кооперативіндегі өнді­рістік жұ­мыстар негізінен алты учаскеде атқарылатын болады. – Бордақылау алаңындағы бағылатын малды кооператив құрамындағы «Агробизнес+» ЖШС сою пунктіне қабылдап, Рудный қаласы жанындағы шұжық жасау цехында ұқсатып, саудаға жібереді. Ал тұрғындардың ауласындағы сауылған сүтті кооператив ұй­ымдастырған қабылдау пункттеріне жинап, Рудный қаласындағы сүт зауытында өңделіп, ұқсатылады. Ол Рудный, Лисаков қалалары мен Таран ауданы орталығындағы дүкендерді сүт өнімдерімен толық қамтамасыз ететін болады, – дейді Мінайдар Боранбаев. Оның айтуынша, кооператив тұрғындардан сүтті қазіргідей тиын-тебенге емес, олардың әжетін шығаратындай бағаға сатып алады. Шартты түрде литрі 100 теңге деп бағаланған сүттің 20 теңгесі оны ұқсатуға, 10-15 теңгесі кооперативті дамытуға ұсталады, сонда қалған соманың барлығы да шаруаның адал еңбегі болып саналады. Еттің де, сүттің де пай­дасынан ортақ қорға пайызды сома ұсталады да, ол техника, басқа керек-жараққа жұм­салады. Соның арқасында кооператив осы кезге дейін күтімсіз, қараусыз қалған жайы­лымдардың, шабындықтардың сапасын жақ­сар­тады, екпешөптер егіп, оны күтіп отыруды қолға алады. Ауладағы мал үшін ветери­нарлық қызмет көрсетіледі. Ең бастысы, жем-шөп кооперативінің мүшелеріне арзан баға­мен сатылып, үйіне түсіріліп беріледі. – Кооператив мүшелерінің кеңесімен тұрғындарға қолайлы жаңдайдың барлығы да жасалатын болады. Мысалы, тұрғындар са­уын сиырды қолда ұстайды, ал бойдақ мал­дың барлығын бордақылау алаңында бағатын боламыз. Оның сыртында кооператив асыл тұқымды мал өсіретін болады, – дейді Мінайдар Боранбаев. «Жаңа Әйет» ауылшаруашылық тұтыну­шылар кооперативі Таран ауданындағы Қай­ранкөл, Белинский, Смайылов, Абай, Красногор, Октябрь, Бозбек, Набережный сияқты бір­­неше елді мекендер тұрғындарын құра­мына алатын болады. Осы істі ұйым­дас­тырушылардың бірі, Серікбай Бисетаев та осы кооперативке мүше болып кірді. – Кооператив не үшін құрылуы керек? Ол қорасында мал ұстап отырған ауыл тұрғын­дарының қажетін өтейтін құрылым болуы керек. Ал ол, ең алдымен, арзан жем-шөп, ве­теринарлық қызмет, мал басын көбейту, өн­дірген өнімін өткізе алу болмақ. Мұның бар­лығына мемлекет тарапынан қолдау бар. Оны қолға алу үшін Үкімет бекіткен барлық институттармен белсенді жұмыс істеу керек. Кооперативке байланысты жұмыстардың жол­ға қойылуы, жүзеге асуы үшін арзан кредиттер, қаржы керек екені белгілі. Сонда ғана ауылда тұрған ағайынның қорасындағы мал оның күнкөрісіне еркін жетіп, табысты пайда келтіреді. Сонда жұрт қалаға қаша бермей, ауылға тұруға ұмтылады, – деді Серікбай Бисетаев. «Жаңа Әйет» АТК «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамына өзінің бизнес жоспарын ұсынып, жеңілдікпен қар­жы алудың қамында жүр. Мінайдардың көздегені болып, Таран ауданындағы елді мекендер тұрғындары, Лисаков пен Рудный қала­сындағы сүт зауыты, шұжық цехы тұты­нушылар кооперативіне біріксе, олар өндір­ген өнімді де алысқа апарамыз, өткіземіз деп көп әуреге түспейді. Тұтынушылар кооперативі өндірген сүт пен етті, шұжықты алдымен Рудный, Лисаков қалалары, Таран ауданы орта­лығының тұрғындары тұтынатын бола­ды. «Жаңа Әйет» осы күнді армандайды. Оған жергілікті билік тарапынан сәл қолдау көрсетіліп жіберілсе, жағымды жаңалықтың лебі ескендей болып тұр. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Таран ауданы.