ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ
Өр Алтайдың төріндегі Катонқарағай ауданының тұрғындары көктем келе қарбалас шаруаларға ден қойып, тайлы-тұяғымен аулаларды тазалау, тасқын судың алдын алу, басқа да істерге назар аударады. Бұл өңірге көктем кеш келеді, ауа райы жылы қабақ танытып, биік тау беткейлеріндегі қалың қар төмен қарай бұлақ болып, бұлақты қойып сарқырап өзен болып аққанда асау Бұқтырма бұлқынып, арнасынан асып кей жылдары бірнеше ауылдарды су басып қалған шақ болған. Телегей теңіз Бұқтырманың мол суын көргенде еріксіз тітіркендік.
Катонқарағай ауданының әкімі Арман Бекбосынов бізді жылы қарсы алды.
– Жыл сайын Бұқтырма тасып, мінез танытқан кезде аудан халқы әбігерге түсе бастайды. Сенное ауылын екі жыл бұрын су басқан кезде облыс басшысы Б.Сапарбаев келіп, нақты көмек көрсеткен. Жағалауды бекіту үшін миллиондаған теңге қаржы бөлінді. Енді, міне соның нәтижесін көріп отырмыз. Сол кездегі аудан әкімі Серік Зайнулдин тасқын судың алдын алуда көп еңбек сіңірді. Ал биыл да көктемгі су тасқынының салдарынан көлік жолдарының жекелеген учаскелері бүлінді. Жолды қалпына келтіру үшін сметалық есептеулер жүргіздік. Аудандық бюджеттің есебінен Новополяковка-Ульяновка, Новохайрузовка-Құндызды, Жаңаүлгі-Жамбыл-Берел, Ақмарал, Шұбарағаш, Коробиха ауылдарының кіреберісі қалпына келтірілді. Облыстық «Парыз» қорынан бөлінген қаражат есебінен «Согорное-Барлық-Ақсу» бойындағы 27-39 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді, – деп аудан әкімі біраз жайлардан мағұлмат бере кетті.
Бұдан кейін аудан әкімі жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды жаңалықты хабардар етті. – Жаңа ғана біз республикалық аса маңызды «Өскемен-Зырян-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары» тас жолының жобасын жасайтын мамандармен жолығып, пікір алмастық. Олар 110 миллион теңгеге жобаны жасап беретін болды. Ар жағында Өрелден әрі қарай атақты шипажайға дейін асфальт төселетін мәселе шешімін табатын шығар. Егер Өрелден Рахман қайнарына дейін тақтайдай тегіс жол салынса, халықтың алғысын алар едік. Еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелдерден туристер Мұзтауға, Рахман қайнарына ағылар еді. Сосын Үлкен Нарын-Свинчатка Күршімге 23 шақырым асфальт төсеу басталды, – деп аудан басшысы ағынан жарылды.
Аудан әкімінің айтуынша, Елбасының Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдерге берген тапсырмасына сәйкес ауданда экономиканы тұрақтандыру аясында айтарлықтай істер тындырылуда. Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен негізгі капиталға жалпы сомасы 1 миллиард 783,9 миллион теңге инвестиция тартылған. Өндірістік өнім өндіру көлемі былтыр 1799,3 миллион теңгені құраған. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 8 миллиард 794 миллион теңге болып, есептік мерзімде ауданда 12564 тонна ет, 42257 тонна сүт, 188,9 тонна жүн және 8635,5 мың дана жұмыртқа өндірілген. Ауданда 12 мал бордақылау алаңы бар, оларда 167 тонна ет өндіріліп, 13,4 милион теңге жәрдемақы игерілді. Мал басы жыл сайын көбейіп келеді, бесінші түлік марал мен теңбіл бұғы бір кездері күрт азайып кетсе, енді санын көбейту амалдары қарастырылуда. 9 марал шаруашылығында 6280 бұғы мен марал бар. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев марал мен бұғыға былтыр – 25, биыл 40 миллион теңге субсидия бөлді. «Ақсу-Дэен» серіктестігі шөптен жасалған отыздан астам дәрі-дәрмек, панты мен бал өндіреді. Табиғаты тамылжыған ғажайып өңірде туризмді дамыту мәселесіне өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы ерекше көңіл бөліп отыр. Ол жайлы өздеріңіз хабардар боласыздар, – деген Арман Бекбосынов бізді жаңа Хайрузовка ауылына қарай бастады.
«CАМАЙ-ТРАНСТЫҢ» БАСТАМАСЫ ҚУАНТАДЫ
Тоғыз жылдың торабына тұрған Новохайрузовка ауылына кіре сала тазалықты байқадық. Ағаштар енді ғана бүр жара бастаған, аулаларын тазалап, қүл-қоқыс шығарып өртеп жатқан тұрғындарда тыным жоқ.
– Ауыл әкімі Ержан Бегімханов қазір іссапарда жүр. Тындырымды, іскер азамат. Өзіне де, жұртқа да маза бермейді. Көріп тұрсыздар, мына бірнеше дүкен сырланды, іші де, сырты да әдемі. Өзі ізденгіш, жаңадан бой көтерген мәдениет үйінде қазір күн сайын кино көрсетіліп, түрлі ойындар, дискотекалар өтіп жатады. Ал жаңа мәдениет үйін салып, оны өздері қаржыландырып, жұмысшыларына жалақы төлеп отырған «Самай-транс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, – деді аудан әкімі Арман Бекбосынов.
Ауылдың ажарын ашып тұрған мәдениет үйіне кірдік. Екі қабатты ғимарат іші жаңа жиһазға толы. Бұл жерде душ, массаж бөлмесі, бильярд, кино көрсететін үлкен зал бар екен. Балаларға арналған кино – 50, ал ересектерге 70 теңгеден көрсетіледі. Жаңа жыл, Наурыз мерекесінде ауыл тұрғындарының қатысуымен бал өткізіліпті. Шахмат, дойбы жарыстары тұрақты өтіп тұрады, ән, би үйірмелерінің жетекшілері Қадыш Рамазанова, Полина Брух, Мария Минор, меңгеруші Елена Юрьева ауыл жастарының бос уақыттарын мәнді де сәнді өтулеріне көңіл бөледі, – дейді «Самай-транстың» атқарушы директоры Мәлік Садуев. Айта кету керек, «Самай-транс» серіктестігінің өкілеттігі Алматыда. Оның жетекшісі Мұрат Зиядаұлы жетекшілік ететін холдингте екі мыңнан астам адам еңбек етеді. Садуевтердің үлкені Бауыржан Зиядаұлының осында шаруа қожалығы бар. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ел мен жерге қызмет істеп жатқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
– Мәдениет үйінің құны 36 миллион теңге. Оның 14 миллионын ғана аудандық бюджет көтеріп алды. Ал қалғанын Садуевтер отбасы бөлді. Мәдениет үйіндегі қызметкерлерге жалақы төлейді, өздері қаржы тауып, халық игілігіне жаратып жатыр. Аталмыш акция бойынша кіндік қаны тамған жеріне адалдық танытып, қаржыларын құйып, игілікті іс атқарып жатқан басқа азаматтарға да алғысымыз шексіз, – дейді аудан әкімі Арман Бекбосынов.
Олар кімдер дегенге келсек, Үшбұлақ ауылының тумасы Қайрат Ахметов өз қаражаты есебінен (35 миллион теңгеге) ауылдық клубты салып берді. Жылу құбыры мен қазандықты да іске қосты. Облыстық мәслихаттың депутаты Темірбек Исабаев Катонқарағай ауылында «Баян» шипажайын салды, қазір онда жыл көлемінде жүздеген адам демалып, денсаулықтарын түзейді, пантымен емделеді. Осы өңірдің тумасы, соңғы бес-алты жылда облыста жеті мектепті сапалы етіп салып берген «Құрмет» орденді Ержан Сқақов деген азамат Күршімде тұрып жатса да ауылына қарай бет түзеп, кіндік қаны тамған Еңбек ауылына 40 миллион теңгеге үлкен спорт кешенін салып беруді қолға алды.
– Алматы, Астана мен Өскеменде тұратын «Қызыл жұлдыз» ауылының бір топ іскер азаматтары Астана қаласының туған күніне орай үлкен мешіт құрылысын аяқтауда межелеп отыр. Ал Солоновка ауылының тумасы Арғын Исабаев деген азамат мешіт пен спорт кешенін тұрғызбақ. Ұлықбек Тумашев деген жерлесіміз Үлкен Нарында бір шақырым 200 метр жолды асфальттап, көшеге жарық орнатқызды. Оған 15 миллион теңге қаржысын салды, – дейді бізбен бірге жүрген аудандық әкімдіктің мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қайыржан Садуев.
ЖАСТАРДЫҢ ҚОНЫС ТОЙЫ
Жаңа Хайрузовка ауылдық округінің бас маманы Ләззат Мамырханова ауылда май цехының жұмыс істеп тұрғанын айтты. Орта мектеп, балабақша жұмыс істеп тұр. Қазір әкімдік қарамағында екі мыңнан астам ірі қара, он мыңдай қой, жылқы бар. Жақында аудандық, ауылдық әкімдік және шаруа қожалықтары төрағалары үш жақты келісімге отырып, азық-түлік, мал өнімдерін арзан бағамен өткізу жөнінде үшжақты шартқа отырған. Атап айтқанда, Н. Гутман 365 мың теңге, Бауыржан Садуев 7 миллион 464 мың, ал Қасымбай Мұхаметқайыровтың қожалығы 540 мың теңгеге қайырымдылық шараларын жасамақ. Тамаша дәстүр!
Үлкен Нарын ауылына келдік. Мұнда да көшелер жөнделіп, ағаш көшеттері отырғызылуда. Апта сайын сенбілік өткізіледі екен. Аудан әкімі А.Бекбосынов аудан орталығында салынған 16 пәтерлік екі қабатты тұрғын үйге бастады. Пәтерлер көшіп келген ағайындарға, жас мамандарға бөлініпті.
Үлкен Нарын ауылындағы орталық мешітті осыдан бірнеше жыл бұрын осы өңірдің тумасы Марат Татаев өз қаржысына салып берген. Мараттың әкесі Қабдығали қария туған жеріне еңбегі сіңген, Ұлы Отан соғысының ардагері. Бұдан төрт жыл бұрын дүниеден озған қария атындағы мешіттен ауыл тұрғындары үзілмейді, қайырымдылық шаралары өтіп тұрады.
Бұдан кейін Солоновка ауылдық округіне атбасын тіредік. Ауыл әкімі Бердібек Ережепов «Туған жерге тағзым» акциясы аясында атқарылып жатқан шаралармен таныстыра кетті. «Құрмет» орденді «Жас қанат» және «Кіші Нарын» серіктестігінің иесі Анатолий Матасов азаматтық жасап, бұрынғы балабақша мен мәдениет үйінің ғимараттарын тегін қайтарып беріпті. Балабақшада елуге тарта бүлдіршін тәрбиеленіп жатса, мәдениет үйі тұрғындардың жиі бас қосатын орнына айналған. Осы акция бойынша Дархан Біткімбаев та бір ғимаратты ауылдастарына сыйға тартыпты.
– Бізде 68 шаруа қожалығы бар. Үш серіктестік, бір өндірістік кооператив те егін егіп, мал өсіреді. А. Матасов, Қ. Мырзашев, Н. Қараталов деген қожалық иелері жүздеген адамға жұмыс тауып беріп отыр. Күнбағыс майын шығаратын шағын цех, наубайхана жұмыс істеп тұр. А. Матасов өз жұмысшыларына нанды 25 теңгеден береді. Жемшөп, көмірді де екі есе арзан бағамен түсіріп береді. Мал басы өсіп келеді, өткен жылы егіннен жақсы өнім алдық, – деді ауыл әкімі Бердібек Ережепов.
Мәдениет үйінің директоры Бекнияз Серікбаев осында түрлі мәдени шаралардың өтіп тұратынын айтты. Бұдан кейін ауылдағы фельдшерлік-акушерлік қосынға кірдік. Оның меңгерушісі Нұрғайни Қырқымбасова дәрігер болып 40 жыл бойы жемісті қызмет атқарып келеді. Акушерка Гүлжан Көкенова, медбике Люба Тұрдыбаева үшеуі 1200 адамға дәрігерлік қызмет көрсетеді.
Алтайдың аясында көп ауыл бар. Өрел, Шыңғыстай, басқа да ауылдарда да көп игілікті істер атқарылып жатыр. Иә, одан әрі де атқарыла бермек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.