Бұл үздік әлеуметтік фотосуреттер көрмесін «Бауыржан» қайырымдылық қоры «Make It Clear!» әлеуметтік фотосуреттер байқауы аясында ұйымдастырып отыр.
Онда әлемдік фотографтардың жұмыстарын кез келген қала тұрғыны 19 сәуірге дейін тамашалай алады. Көрмеде әлеуметтік тақырыптағы түрлі мәселелерді қозғайтын фотосуреттер қойылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш көрменің мақсаты − әлеуметтік фотосуреттер арқылы адамдардың назарын қоғамдағы түйткілді мәселелерге аудару. «Фотосуреттер түрлі тағдырлар мен қиындықтардың сырын шертіп, олардың шешілу жолдарын іздеуге ой салады. Себебі, осы күні халық визуалды түрде баса назар аударатындықтан, айналасындағы мәселелерге көзқарасы өзгеруі мүмкін», – дейді қайырымдылық қорының өкілдері.
Көрмеде жалпы әлемдік және қазақстандық фотографтардың 50 фотосуреті ұсынылыпты. Метро көпшілік шоғырланатын орта болғандықтан, әлеуметті фотосуреттер жұрт назарынан тыс қалмайды деп санайды.
Еске салсақ, жеңімпаздарды өз кәсібінің шеберлері – танымал фотографтар анықтайтын болады. Олардың қатарында Дамир Өтеген, Любовь Харламова, Павел Михеев, Никита Басов және тағы басқалар бар. Байқау мына бес аталым бойынша анықталады: «Отбасына және Отанға деген махаббат», «Жақыныңа деген махаббат», «Жануарларға деген махаббат», «Балаларға деген махаббат», «Екі жарты – бір бүтін». Сондай-ақ, желі қолданушыларының дауыс беру нәтижесі бойынша «Көрермендер көзайымы» атты да арнаулы марапат тағайындалмақ. Жүлде қорында Canon/Nikon фотоаппараты, Leica оптикасымен Huawei смартфоны, Samsung 360 бейнекамерасы, фототүсірілімге арналған квадрокоптер, фотографқа арналған рюгзак, (GoPro, Sony) Экшн-камерасы бар.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ