Фото: Oqu-agartu ministrligi
Өңірлер арасындағы алшақтық
Күн тәртібінде аймақтардағы білім сапасының деңгейі сарапталып, өңірлер арасындағы айырмашылық ашық айтылды. Кейбір облыстардың көрсеткіштері төмен екені сынға алынды. Басқарма басшылары жаңа жобалар мен педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары туралы есеп бергенімен, министр сандық межеге ғана сүйенуді доғару керектігін баса айтты.
«Өкінішке қарай, арамызда білім сапасын оқушының терең білімімен емес, атқарылған жобалардың санымен өлшейтін менеджерлер әлі де бар. Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, шәкірттің шынайы жетістігі мен білім деңгейінің өсуі қажет. Сол себепті, өңірлерде қалыптасқан жағдайды бүкпесіз айтып, оны шешудің жолдарын бірге іздестіруден ғана нәтиже болады», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оқу-ағарту министрі мұғалімдерге арналған жобаның тоқтайтынын мәлімдеді
Кадр тапшылығы – күрделі мәселе
Жиында мектептердегі басқарушылық кадрлардың жетіспеушілігі ерекше атап өтілді. Қазір ел бойынша 490 мектеп директорының орны бос. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында тапшылық айқын сезіледі. 2025 жылы директорлыққа үміткерлердің небәрі 21%-ы ғана тестілеуден өткен.
Басқарушылық дағдының әлсіздігі мектеп ішіндегі ахуалға да әсер етіп келеді. Корпоративтік мәдениеттің төмендеуі, педагогтердің тұрақсыздығы, орталық органдарға шағымның көбеюі – соның салдары. Осыған байланысты кадр жетіспейтін өңірлерге өзге аймақтардан білікті мамандар тарту мүмкіндігі қарастырылмақ.
Нақты ғылымдар бойынша педагогтер тапшылығы да өзекті. Мұғалімдердің 52-62%-ы кәсіби бағалау кезінде шекті деңгейден өте алмаған. Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе, Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш төмен.
Оқу-ағарту министрі: Буллинг үшін директорды жұмыстан босату орынсыз
Деректерді біріздендіру және цифрландыру
Ақпараттық жүйелердің әртүрлілігі мен деректердің шашыраңқылығы да саланың әлсіз тұсы ретінде аталды. Министрлік бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Өңірлік платформалар кезең-кезеңімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Esep.kz жүйесіне біріктіріледі. Бұл деректердің ашықтығын қамтамасыз етіп, есептілікті қысқартуға және ақпаратты біріздендіруге мүмкіндік береді.
Министр инклюзивті білім беру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, инклюзия кабинет ашумен ғана шектелмеуі тиіс, ең бастысы – ерекше білім қажеттілігі бар баланың қоғамға толық бейімделуіне жағдай жасау.
Алдағы уақытта өңірлердегі инклюзия кабинеттерінің тиімділігі зерделеніп, нақты нәтижесіне қарай бағаланады.
Жиын қорытындысында Жұлдыз Сүлейменова өңірлік білім басқармаларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалу мерзімін белгіледі. Өңірлердің шынайы қажеттілігін ескеру, сала менеджерлерімен бірлесе әрекет ету алдағы стратегиялық және инфрақұрылымдық шешімдердің негізі болмақ.