26 Сәуір, 2011

Мықтылардың қатарына қосылдық

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Украинаның Киев қаласында шайбалы хоккейден ерлер арасындағы әлем чемпионатының бірінші диви­зио­нын­да өнер көрсеткен командалардың ойындары аяқталды. Соңғы ойындары сенбі күні өткен жарыста Қазақстан құрама­сы бірінші орынды жеңіп алды. Осы күні Қазақстан хоккейшілері Киевтің мұз айдынында Украина құрамасымен кездесіп, жалғыз жол­даманың мәселесін шешті. Сөй­тіп, 3:2 есебімен біздің пайда­мызға шешілген матчта Андрей Хомутовтың жігіттері 2012 жылы Швеция мен Финляндияда өтетін әлем чемпионатының топ-диви­зионына берілетін жалқы жолда­ма­ға ие болды. Жалпы, биылғы чемпионатта командамыз тек мүмкін болған барлық ұпайды жинап, жалғыз жолдаманы жеңіп алу үшін ғана өнер көрсеткенін атап өткен жөн. Ұлттық құрама Киевке келмес бұрын әуелі Словакияда дайын­далып, сол жерде осы елдің қо­ман­дасымен жолдастық кездесу өткізді. Осы кездесуде Хомутов­тың жігіттері алаң иелеріне ба­сымдық танытып, әлем чемпио­натына зор құлшыныспен аттан­ды. Украинаға келгенде ұлттық құраманың қатары тағы бірнеше ойыншылармен толықты. Коман­дамызға Ресейде ойнайтын Виталий Колесник, Дмитрий Уппер мен Максим Семенов қосылды. Біздің құрама алғашқы кездесуін Эстония құрамасына қарсы өт­кізді. Бұл матчтағы есеп 5:1 болып біздің пайдамызға шешілгенімен, мұз айдынындағы тар­тыс өте шиеленісті жағдайда өтті. Келесі кездесуін Қазақстан хоккейшілері Ұлыбритания құра­масымен өткізіп, оны да 2:1 есебімен жеңді. Бірақ бұл жолғы жеңіс ұлттық құрамаға оңайлықпен келмеді. Осы ойынның алдында бри­т­андықтар алаң иелерін жеңіп, біршама сенсация туғызған еді. Кейін білсек, Ұлыбритания са­пында Канаданың хоккейшілері ойнайтын болып шықты. Дегенмен, Құрлықтық хоккей лига­сын­да шыңдалып, тәжірибе жи­нақ­таған біздің ойыншылар Ұлыбри­таниямен өткен кездесуде жеңіске жете білді. Британдықтар мұз ай­дынында оңай шағылатын жаңғақ болмаса да матчтан кейін өткен баспасөз мәслихатында қарсылас­тардың бас бапкері Қазақстан құрамасының мықтылық таныт­қанын мойындады. Қазақстан құрамасы өзінің үшінші ойынын тағы бір Балтық жағалауы еліне қарсы өткізді. Литва командасы біздің жігіттермен кездесу алдында Польшадан 5:1 есебімен ұтылған болатын. Сондықтан Қазақстан құрама­сына литвандарды ірі есеппен жеңу қиынға соқпады. Осы кездесуде Андрей Хомутовтың шәкірт­тері барын салып, «ерінбеген» ойыншылардың бәрі бір-бір шай­баның авторы атанды десе болады. Бұл ойында Талғат Жайлауов пен Евгений Бумагин екі рет, Константин Романов, Роман Старченко және Максим Худяков бір-бірден шайба соқты. Одан кейін біздің құраманың Польша мен Украина команда­ларына қарсы өткізген ойындары қызықты және тартысты өтті. Польшамен ойында ұлттық құра­ма бас бапкеріне қарсыластарын 4:2 есебімен жеңіп, 50 жылдық мерейтойына сый жасады. Матчта Максим Беляев, Роман Савченко, Константин Пушкарев пен Максим Семенов қарсыластар қақпасында шайба тулатты. Қазақстан құрамасының Украи­наға қарсы өткізген соңғы кездесуінде келесі жылы өтетін әлем чемпионатының топ-диви­зионына берілетін жалғыз жолда­маның тағ­дыры шешілгенін жо­ғарыда айт­тық. Барлық кезеңдері шиеленісті жағ­дайда өткен матч­тың негізгі уа­қыты тең болып аяқталды. Қазақстан құрамасы үшін осы тең ойын да жеткілікті еді. Бірақ овертаймда Федор По­лищуктің соққан шайбасы Қазақ­стан құрамасына жеңіс әкелді – 14 ұпай. Ұлы­бри­тания 12 ұпа­йымен 2-ші, Украина 10 ұпайы­мен үшінші орынды қана­ғат тұтты. Әлем чемпионатының со­ңын­­да ұлттық құраманың осын­дай жеңіске деген жігерлігін, жалғыз жолдаманы иеленуге деген зор құлшынысын ескерген жарыстың директораты коман­да­ның ойын­шысы Роман Сав­ченконы чем­пионаттың үздік қорғаушысы атағына лайық деп шешті. Сол сияқты украиналық Олександр Матерухин үздік шабуылшы атанса, британдық Стефан Мерфи үздік қақпашы болып танылды. Дастан КЕНЖАЛИН. Суретте: Қазақстан ұлттық құрамасы.