Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Менің депутаттық сауал жолдауыма 2017 жылғы 5 сәуірдегі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған газет тілшісі Қарашаш Тоқсанбайдың «Шүй қазағының» тілі немесе атажұртқа айтар наз» деген Ресейдің Таулы Алтай Республикасында қазақ тілінде шығатын «Шүйдің нұры» газетінің редакторы Арқалық Солтановпен жүргізген сұхбаты себеп болып отыр.
Қандасымыз Арқалық Солтанов өз сұхбатында Ресейдің Таулы Алтай өңірінің Қосағаш ауданында 10 мың қазақ тұратынын, олар өңір халқымен береке-бірлікте, бауырласып өмір сүріп жатқанын айта келе, ата-бабалары бастарынан қанша қасіреттерді өткізсе де, ана тілі мен дінін сақтап өздеріне аманат етіп жеткізгенін, қанша қиыншылықтар болса да ана тілін сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсап жатқандарын айтады.
Алайда, өңірде арнайы қазақ мектебі жоқ болғандықтан қазақ тілінің сабағы пән ретінде өткізіледі. Осы орайда олар шалғайдағы, шетелдегі қандастарына қамқоршы болып қазақ тіліндегі оқулықтарды тегін жіберіп жатқаны үшін атажұрты Қазақстанға, Елбасыға шексіз ризашылығын білдіреді.
Сонымен бірге Қазақстаннан келіп жатқан қазақ тіліндегі оқулықтардың шаңға батып, пайдаланылмай қоймада жатқанына қынжылатындарын айтады. Оның негізгі себебі Ресей мемлекетінің заңы бойынша бұл оқулықтар сараптамадан өйтпейінше, қолданысқа тыйым салынған. Ресей территориясында қазақ тілінде оқулықтар шығарылмайды.
Қазақ тілі оқулығы туралы Ресейдегі қазақ мәдени орталықтарына, Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне, Алтай Республикасына арнайы Қазақстаннан келген өкілдерге де өтініштерін жеткізгенін, алайда еш нәтиже шықпағандарын айтады.
Ресей мемлекеті, бізге туған тілдерінде оқымайсыңдар деп қысым жасап отырған жоқ. Алайда Ресей заңында «Егер мектептерде оқылатын пәндердің оқулықтары жоқ болса, сол пән жабылуға ұшырайды» – деп жазылған. «Енді жаңа оқу жылына дейін қазақ тіліндегі оқулықтар мәселесі шешілмесе, қазақ тілі сабақтары факультативтік сабаққа айналуы мүмкін.
Сондықтан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ресейдің Білім министрлігімен бірлесіп, Қазақстаннан келген оқулықтарды емін-еркін пайдалануға жол ашып берсе бұл тек Ресейдің Алтай республикасында тұратын 12 мың қазақтың ғана емес, бүкіл Ресей Федерациясында тұратын миллионға жуық қазақтардың мәселесінің шешілетінін айтады.
Осы өтінішімді тарихи Отаныма жолдай отырып, Тіл тағдыры үшін көптен күресіп жүрген қандас ағаларымыздың қол ұшы тиер деп ойлаймын. Мен барда, сіз барда, тарихи Отаным – Қазақстаным барда, жүрегі қазақ деп соғатын таулы Алтайды мекендеген Шүй қазағы барда Ана тілім, сен өлмейсің», – деп аяқтайды өз сөзін қандасымыз Арқалық Солтанов.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Қандас бауырымыздың ана тілімізге деген жанайқайынан Ресей мемлекетінде қазақ тілінде оқылатын мектептердің жоқ екендігі, қазақ тілі тек пән ретінде оқылатындығы, бірақ ол да оқулықтардың болмауынан тоқтап тұрғаны, Қазақстаннан барған оқулықтардың шаң басып, пайдаланылмай жатқаны, Ресей мемлекетінің оқу бағдарламасына сай қазақ тілінде оқулықтарды шығаруға ешқандай құлығы жоқтығы, бұл мәселелерді тек үкіметаралық келісім-шарттар арқылы ғана шешуге болатынын түсінуге болады.
«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қарашаш Тоқсанбай сұхбат арқылы өте өзекті мәселені қозғап отыр. Мұндай жағдайлар басқа да біздің қандастарымыз тұратын елдерде орын алуы мүмкін.
Әрине, бұл мәселелер тиісті елдердің ішкі жұмыстары екені белгілі, дегенмен шетелдердегі қандастарымыздың өз ана тілін оқуларына жағдай жасауға қол ұшын беру және басқа рухани мұң-мұқтаждарын өтеуді екі елдің тиісті министрліктері бірлесіп шешуіне болады ғой деп ойлаймын.
Осыған байланысты, Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, шетелдерде тұратын қандастарымызды қазақ тілі оқулықтарымен қамтамасыз етуге назар аударып, отандық оқулықтардың кедергісіз оқытылуына немесе тиісті мемлекеттердің оқу бағдарламаларына сай қазақ тіліндегі оқулықтар шығаруға методикалық көмектер беру арқылы сол елдерде тұратын қандас бауырларымыздың ана тілінде оқуына, тағы басқа рухани мұң-мұқтаждарын өтеуге жағдай жасауға ықпал етуіңізді сұранамын.
Қосымша: 1 парақ – 2017 жылғы 5 сәуірдегі №65 «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Шүй қазағының» тілі немесе атажұртқа айтар наз» мақаласы.
Құрметпен, Қ. АЙТАХАНОВ