Белгілі сыншы, әдебиеттануды терең мазмұнды кеңінен таратып, көптің игілігіне айналдыруда ұлан-ғасырлық еңбегін сарп етті. Өзінің 60 жыл шамасындағы жемісті, көпсалалы терең, теория мен практиканы ұштастыру жолында 1948 жылдан баспа бетінен белгілі болған Серік Смайылұлы 40-тан астам монография, 700 ғылыми-әдеби сын еңбектерін жарыққа шығарды. Біраз кітаптары Одақ және республика баспаларында орыс тілінде басылып шықты. Осы ұшан-теңіз ақыл-ой, жасампаздық ізденістің 40 кітабы, бірнеше жүз мақалалар баспадан шыққанын, оларға күні-түні сарп болған сараптау, талдау, тың пікір айту құралдары қазіргі замандағы компьютер, интернет мүмкіндігімен теңдеу қайда, маңына да жанаса алмайды ғой. Қандай қажырлы еңбекқорлық, өзін-өзі қамшылай алға тарту, халық қазынасын, оның қыршын жастарын, жанынан азаппен айырылған арыстарды архив астынан, шаң-тозаңда жатқан тамаша туындыларын суырып алып, көпшіліктің рухани баю құралына айналдырды. Шығармашылық еңбектері тек бес саусақтың дамылсыз қимылдауы арқылы қаламсаптың сиясын тек қағаз бетіне түсіру қазіргі компьютермен жұмыс істейтіндерге өрескел көрінетіндігі белгілі ғой. Баяғы сүйкімді, жанға жақын, аса қарапайым, ұлылығын ұлықтаудың мүлдем елесі білінбеген ер-азамат.
Ұлы Отан соғысының ат төбеліндей азайған ардагерлері Сұлтан Жиенбаев, Шәңгерей Жәнібек, Аманжол Қалықов Серік Қирабаевты «Сері-аға» деп еркелетеді, құрметтейді. Өзінің биязы мінезі, бірқалпы, ұшан-теңіз еңбегі ақсақал майдангерлердің пейілін өзіне еріксіз аударады.
Мен Серік Смайылұлы Қирабаевты 1952 жылдан бері білемін, істес болдық. Ол сол кезде «Пионер» журналының редакторы еді. Редакцияда өзін қосқанда үш адам істеді. Олар көпшілікке белгілі қаламгерлер Мұқан Иманжанов, Темірғали Нұртазин еді. Жұқа ғана журналдың жұмысын сәтті бастады. Жанашыр оқушыларды өзіне тарта білді. Келетін кісілерді жылы қабақпен кәсіби түрде қарсы алды. Көзге ілінер-ілінбес, бірақ мазасыз ұйымдастыру жұмысына көңіл бөлуге, қолға алуға тура келеді. Редакторға жауапкершілік жабысып қалатыны айдан анық. Журналистік кәсіп кесе-көлденеңдеп жас дарынды баурап әкетті, творчестволық қарқынына шеберлігі қосылды. Балдырғандарға арналған әдеби-қоғамдық журналға жас қаламгерлер жиі келетін еді. Редактор, оның екі әріптесі жас қалам ұстағандардың басын біріктірді. Ұлы Отан соғысы аяқталар кезде сайланып, 1953 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметов қазақтың жас дарындарын қойын кітапшасына жазып алатынын айтушы еді. Сол тізімнің бірінші қатарында Серік Қирабаев тұрды. Өйткені, Серік ылғи Орталық Комитеттің Бюро мәжілістеріне Орталық Комсомол Комитетінің хатшыларымен бірге шақырылатын. Бірде Жұмекеңнің маған «Кенжебаев, сен ана Қирабаевты қолдай жүр, дарынды жас. Біз оны келешекте жауапты жұмыстарға тартамыз», деп айтқан тапсырмасы әлі есімде. Сондықтан мен Серікке осы кішігірім мақаланы жазуға ұсыныс жасадым. Ол қабыл алды. Әрине, мен әдебиетте оқушы, философиялық ой елегінен өткізуші ғана ғалыммын. Менен көш ілгері терең, жан-жақты толағай теңіздей толқыған ойларымен жазатын атақты ғалымдар, айталық, Сейіт Қасқабасов, Жұмағали Ысмағұлов, тағы басқалар да дайын ғой.
Серік Смайылұлының отбасы – асыл жары Әлия Сәрсенқызы Бейсенова, екі балапаны Нұр және Әлім, басқа да туыстары, әсіресе, Дәмеш апаймен аралас-құралас болғанымызға, міне, 66 жылдан асты. Алға ғана зымыраған, қайта айналмас уақыт көңілге медеу әрі көңіл қалдыратын өкініш.
Осы ұзақ мерзімді қатынаста зәредей көңіл қалдыратын мінезі болған емес. Мен шын қияда жайыла мардымсымай, қарапайым, кішіпейіл қалпындағы баяғы биязы Серік бауырымды ғана басыма көтеремін, зор мақтаныш етемін.
Бір ғана зерттеу қызметімен айналысып жүрмейтін. Ғылымға байланысты алыс-жақын сапарларға шығып Мәскеу, Баку, Ленинград, Киев, Ташкентте болып, атақты ғалымдармен пікір алмасып, аса сүйікті жұбайы Әлиямен бірге географияның атақты орыс ғалымдарымен кездесіп, сөйлесіп, тіпті Әлия Сәрсенқызының ұстазы Ақжан Машанимен Сирияға барып, Шам шаһарындағы Кіші қақпа алдындағы қорымда әл-Фарабидің жерленген бейітіне белгі де қойып қайтқан.
Сыншы-әдебиетші С.Қирабаев әдебиет алыптарының творчествосын зерттеуді әсте бәсеңдеткен емес. Спандияр Көбеевтің шығармашылығы, 1937 жылдардағы қазақтың тарихи тұлғаларын, ешбір жазықсыз оққа ұшқан қазақ-кеңес әдебиетінің классиктері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров ақталған соң, олардың сөз жетпес бағалы мұраларын, есімдерін қадірлеген халқына қайтаруда айтарлықтай еңбек жасады.
Жер мен көктің қасиетін қос қанатын жайып тастайтын аққулардың айдын көлі сияқты, Сері-ағаң мен Әлия Сәрсенқызының отбасы, жалпы қоғамдық жайтқа тән міндеттер мен мәңгіліктер заңынан бөлек тұрған жоқ. Отбасы – ұлттық, мемлекеттік ұя. Осы ұядан талай дарынды түлектер қанаттанады. Азаматтықтың шыңында қалықтайды. Туған халқының мән-жайын өз өмірінің өзегіне, мақсаты мен мәніне айналдырады. Солардың бірі – елге, жерге, тарихқа белгілі Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованың аттары, олардың отбасы. Әлия Сәрсенқызының «Өмір өткелдері» еңбегінде «Мен ерте тұрмыс құрып, үлкен апамның қолында өмір сүрдім» деп жазды. Одан соң ол кездегі тұрмыстың қиындығы, оқу қажеттілігі, балапандардың көзін ашып, дүниеге келуі, әсіресе, тұңғыш балбөбек Нұр, одан соң Гүлнәр, Әділдің дүниеге келуі әке-шешелерін, туыстарын шынайы қуанышқа бөледі. Немерелерін бастарына көтерді. Жандарынан қалдырмады, еркелетті, жылы қойындарынан шығармады. Немерелер иісі ата-ана мерейі бір-біріне ұласып, жұпар аңқыған жайға жетеледі. Қандай ырыс, жетістікке кенелді.
Сері-ағаң Нұрды көзінен бір де бір таса қылмады. Әкесіне тәрбиелеуге бермеді, туыстар үйіне қондырмады. Сері-ағаң Нұрды Н.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына жіберуді еске салуға келгенде одақтық жоғарғы министрліктің кадрлар басқармасының бастығы Васильевке және министрдің орынбасары Станикке хат жолдадым. Рахмет! Олар дереу бір орын берді. Нұр МГУ-дің аспиранты болды. Ол кездегі МГУ дүние жүзіндегі жоғары оқу орындарының бірі болатын. Қазір мен Нұрмен әріптеспін, философиямен шұғылданамыз. Нұр ағылшын және басқа да тілдерде жазып, сөйлейді. Мен болсам 90-нан аса жаңа ғылым, жалпы философия теориясынан бөлініп шыққан ғылым тарихымен, философиясымен шұғылданудамын. Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы халықаралық университеттің бірінші проректоры Нұр Серікұлы Қирабаев Алматыда сол кездегі Философия, политология және дінтану институтының директоры, Қазақстан Ұлттық академиясының корреспондент мүшесі Зарема Кәукенқызы Шәукенованың тікелей басшылығымен жемісті өткен І философиялық конгресте терең, осы уақыттағы проблема – жаһандану өзгерісі жөнінде көлемді ғылыми зерттеуін ортаға салды.
Аталарымыздың «алып – анадан» деген қағидасы ескірмейтін өсиет.
Нұр, Гүлнәр, Әділ дипломаттың ардақты анасы – Әлия Сәрсенқызы Бейсенова 1932 жылы 25 наурызда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының докторы (1984), профессор (1985). Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі (2005). Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері (2013). Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география және экология ғылыми-әдістемелік орталығының ғылыми жетекшісі Ә.Бейсенова – Қазақстан физикалық географиясы мен экологиясы саласындағы көрнекті ғалымдардың бірі. 600-ге жуық ғылыми еңбек жазған, оның ішінде монографиялары, оқулықтары жиырмадан асады. 50 жылдан астам уақыттан бері Ә.Бейсенова Қазақстан табиғатын зерттеу тарихымен шұғылданып келеді. Осы тақырыпта кандидаттық (Мәскеу, 1967 ж.), докторлық (Баку, 1984 ж.) диссертациялар қорғады.
Серік пен Әлияның отбасы, ғылыми болмыстары оңай бола қойған жоқ. Еңбек, ізденіс, құштарлық қасиеттері халқына елеулі еңбектер сыйлап, өз аттарын, қазақ атын шығаруды көздеді. Айтуға оңай, істе қиямет қиын, екеуінің жазғанын қосқанда 60 зерттеу ғылыми кітаптары, 1400 ғылыми көлемді мақалалар халық игілігіне жұмсалуда. Нұр Серікұлының ғылыми еңбектері қаншама десеңізші. Сонда бұл ғылым бұлағы тасып жатқан отбасынан бір кітапхананы толтыратын еңбектер жарыққа шықты.
Осы қажырлы еңбек, уақытты тиімді, үнемдей, бағалай пайдалану дәрежесінде жеке-дара ғылыми атақтарға, сыйлықтарға, мемлекет марапаттарына ие болды. Қазақ мәдениеті мен өркениетінің шыңына ерлі-зайыпты ғалымдар шынайы жетістіктерімен шыққаны зор мақтаныш. Серік Қирабаев, Әлия Бейсенова Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланды. Ерлі-зайыпты екеуінің бірдей академик болуы Қазақ Республикасы тарихындағы үшінші ғана жай. Академик атанған бірінші ерлі-зайыптылар семейлік Ләйлә Базанова мен оралдық Фазыл Мұқаметқалиев, екінші академиктер атыраулық Салық Зиманов пен қарағандылық Шәрбани Баталова болды. Фазылмен де, Салықпен де тығыз араластық. Серағаң да менің жұбайым Нағимаға және маған жезде болып келеді. Бұдан артық мақтаныш болмас.
Ал Серағаң мен Әлишаға шалқыған шаңырақтарың сүйініші сайрап, қуанышы қайнап, тек жақсылыққа, айтулы табысқа жете беріңдер демекпін.
Сағындық КЕНЖЕБАЕВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері,
Ұлттық Ғылым академиясының құрметті академигі, профессор, философия ғылымдарының докторы
АЛМАТЫ