26 Сәуір, 2011

Тәуелсіздік құрдастарымен кездесті

525 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шаһарға жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келді. Алдымен аймақ басшысы қала әкімі Айбек Кәрімовпен бірге шаһардың орталығында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қосалқы ғимаратын көрді. 1988 жылы құрылысы басталып, аяқсыз қалған бұл нысанды «Туған жерге тағзым» акциясы аясында қайта тұрғызуға бекінген жергілікті кәсіпкерлер екен. Құрылыс жоба­сы­мен танысқан соң өңір басшысы бұл жұ­мыстарға «Бизнестің жол картасы» ая­сында қолдау көрсету мүмкіндігін қарас­тыратынын айтты. Бұдан соң аталмыш ғимаратпен іргелес тұрған бұрынғы зооветеринария институты ғимаратын қал­пына келтірмек болған азаматтардың жобасымен танысты. Кезінде өртеніп кетіп, берік қабырғалары ғана қалған ны­сан сауда, әкімшілік, ойын-сауық кешені болып қайта салынбақшы. Құрылысты 2014 жылы аяқтау көзделуде. Сондай-ақ, әкім мемлекеттік жеке-мен­шік әріптестік аясында жаңадан ашыл­ған 75 орындық «Ақбұлақ» бала­бақшасының тыныс-тіршілігімен де та­нысты. Қазір мектепке дейінгі бұл мекемеде 60 бала тәрбие алып жатыр. Олардың 50-і мемлекеттік топтарға, ал 10-ы жекеменшік топқа барады. Осылайша, 3 пен 5 жас аралығындағы балаларға рухани, адамгершілік тәрбие беруге жаңашыл сипатта ерекше ден қойылып отыр. Осыдан соң Б.Сапарбаев Семейдегі 343 кварталда орын тепкен жаңадан салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бас ғимаратында болып, оның ішкі құрылы­сын, спорттық жабдықтар мен жаттығу залдарын, жүзу бассейнін тамашалап шықты. Тіпті, үлкен теннис алаңында өзі де қалақпен доп ұрып байқап көрді. Жа­ңа­дан бой көтерген бұл кешенді салуға мемлекеттен 1 миллиард 120 млн. теңге бө­лін­ген болатын. Аумағы 10 мың шаршы метрді алып жатқан алып ғимаратта бір мезетте 700 адам спорттың әр түрімен айна­лы­суына барлық мүмкіндік жасалған. 3 спорт залы, жүзу бассейні бар. Мемлекет жастар саясатына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді және алдағы уақытта да солай бола береді, дейді бұл жайында түсінік берген жергілікті билік өкілдері. Таныстырулардан соң меймандар Семей жастары ұйымдастырған «Біз – тәуелсіздіктің құрдастарымыз» атты форумға қатысты. Бұл шараны өткізуге 1991 жылы туған 3 мыңнан астам бозбала мен бойжеткен атсалысты. Мұнан кейін облыстың әр түкпірінен келген жас өрендер жалынды жырлары мен әуезді әндерін көпшілік назарына ұсын­ды. Олар өз сөздерінде қоғамдағы ұлт­аралық келісім мен татулық қана та­быстарға бастайтынын айтып, әрбір қазақ­стандықты тәуелсіздігіміздің 20 жыл­ды­ғын осылай бірлікпен атап өтуге шақырды. Сондай-ақ, студенттер қауымы мен спортшылар мемлекеттің қамқорлығына риза екенін жеткізіп, ыстық ықылас­тарын білдірді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарса­ңын­да Шығыс Қазақстан облысында бірнеше мектеп, балабақша, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар жөн­делмек. Ел тарихындағы айтулы мерекеге әрбір тұрғын өз үлесін қосуға дайын. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Қуаныш ҚОЖАЕВ, журналист. Семей.