Театр • 07 Сәуір, 2017

Арманшыл бойжеткеннің үзік сыры

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше якутиялық танымал режиссер Сергей Потаповтың режис­серлігімен «Ассоль» романтикалық спектаклі елордалық көрер­мен­дерге жол тартты. М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театры труппасының қатысуымен сахналанған қойылым бір апта ішінде әзірленген. Қойылым режиссерінің айтуынша, бұл Қазақстан театр тарихында алғаш рет қолға алынып отырған жұмыс.

Арманшыл  бойжеткеннің үзік сыры

А.Гриннің «Алқызыл желкен» повесін заманға лайықтап, жаңашыл кейіпкерлер әлемімен тоғыстырған драматург – Павел Морозов. Бүгінде пьеса шешен, балқар, қазақ, украин тілдеріне аударылған. 

«Ассоль»  – жүрегін қолына ұстап жүгіріп жүрген арманшыл бой­жеткен туралы бір үзік сыр. Ассоль жүрген жерде дала ән са­­лады, жал-жал теңіз толқын­да­­ры қанатын сермей билей жө­неледі, айнала шуаққа бөленеді.  Өзгелерге ұқсамайтындығы үшін-ақ жазықты болған жас қыз­ды теңіз жағасындағы Каперн ауылын­дағылар жындыға балап, шет­қақпайлап, қит етсе «бақыт сенің не теңің» деп күлетін еді. Күндердің бір күнінде теңіздің арғы бетінен алқызыл желкені желбіреп жеткен капитан Грэй  сыпсың сөз жайлаған ауылдағы сол бір аруды іздеп келгенде, тұрғындардың көзі тас төбесіне шық­ты.  Бақытсыздар  ентелеген қоғамда бақытты болу мүмк­ін бе? Сүйіс­пен­шілік­тен жұр­дай от­басында сүй­кімді ба­ла өсе ме? Спек­такль мі­не осындай сұ­рақ­тарға жауап іздейді. Қойы­лым – романтикалық, лири­калық сипатымен және кейіп­керлер ара­сындағы қарама-қай­шылыққа толы көріністермен ерекшеленеді.

Спектакль декорациясы бас­тан-аяқ өзгеріссіз қалып, оқиға өте­тін орын ауысарда аз-маз бу­та­­фориялық детальдармен толық­тырылады. Көрермен назарына ұсынылған лирикалық диалогтар мен музыкалық трактовкасы қойылымнан алатын эстетикалық жағымды әсерді еселей түскендей. Ұтымды мизансценалар кеш бойы үш-ақ орындық пен жарық құрал­дарының көмегі арқылы әсерлі әрі көрнекі жасалған.

«Мұндай тәжірибелік спектакль Қазақстанда алғаш рет болып отыр. Театр ұжымымен бірлесіп жұмыс істеу қиынға соққан жоқ.  Бұған дейін мұндай тәжірибелік қойылымдарды Ре­сейде 3-4 күнде жасап шық­қан­быз»,  дейді режиссер С. По­тапов.

Бас партия Ассольді Мария Бан­­дышева сомдаса, Ассольдің әкесі Лон­грен рөлін талантты актер Де­нис Анников алып шықты. Си­қыр­шы Эгль рө­лінде Иван Анопченко, жас капи­тан Грей­­дің рө­лінде Да­нила Хом­ко ой­нады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»



Соңғы жаңалықтар