Кеше Сыртқы істер министрлігінде Премьер-министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің төрағалығымен және Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың қатысуымен Қазақстанға инвестиция тарту және инвестициялық жағдайды жақсарту мәселесі бойынша отырыс болып өтті.
Аталған кездесуді өткізу туралы бастама Президент Н.Назарбаевтың жақында Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, «Нұр Отан» ХДП және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қатысуымен өткен кеңейтілген отырыс барысында берген тапсырмасын орындау хақында көтерілген болатын. Осы кеңейтілген отырыста Елбасы шетел инвестициясы мен инновациясын елімізге тартуды ұлттық экономикамыздың дамуын қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі ретінде айқындап берді.
Кездесу шеңберінде қатысушылар еліміздің инвестициялық саясатын дамыту жөнінде барлық мүдделі тараптардың тиімді ынтымақтасуын қамтамасыз етуге бағытталған ведомствоаралық жұмыс тобын құру мәселесін талқыға салды.