...СЕНАТОРЛАР МАҚАТҚА КЕЛДІ
Ауылдағы тұрғынның бәрі бірдей елімізде қабылданып жатқан заңдармен жете таныс емес. Осы мәселе Мәжіліс не Сенат депутаттарының өңірлердегі кездесуінде кеңірек ескерілсе дейсің. Айтқандай, кеше Сенаттың Бюджет және қаржы комитетінің төрағасы Қайрат Ищанов пен сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Мақат ауданына арнайы атбасын бұрды. Аудан жұртшылығымен кездесуде сенаторлар еліміздегі заң шығару мәселесіне, әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен күрестің пәрменділігі артқанына тоқталды. Ал аудан әкімі Қилымғали Қайненов қолға алынған жұмыстардың барысына шолу жасады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүкіл қоғамды алаңдатса, аудан тұрғындарын осындағы автокөлік жолдарының жөнделмеуі, сондай-ақ, жұмыссыздық мәселесінің түпкілікті шешім таппағаны толғандырады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.
* * *
...ҚАРТТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТІЛДІ
Қызылорда қаласындағы «Зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» жанынан 10 орындық және «Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйі» жанынан 40 орындық күндізгі бөлім ашылды. Аталмыш шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің міндетін атқарушы Мадияр Алдоңғаров, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары С.Шаухаманов пен А.Әбілдаев қатысты.
«Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйі» осыған дейін 180 адамға қызмет көрсетіп келген. Енді бұл қатарға 40 адам қосылатын болды. Ол үшін арнайы 8,7 миллион теңге бөлініп, 4,5 штат қарастырылған. Ал қалалық осындай мекеме жанынан 10 адамға қосымша орын ашылды. Оған 1,9 миллион теңге бөлінді. Осыған сәйкес жұмысқа қосымша адам алынды.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.
* * *
...БІРЛЕСІП ЖҰМЫС ЖАСАУҒА БЕЙІЛ ТАНЫТТЫ
Оңтүстікке Польша Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы және өкілетті елшісі Веслав Осуховски бастаған делегация ресми сапармен келді. ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың қабылдауында болған елші Польшаның Оңтүстік Қазақстан облысымен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндіктері мол екендігін айтты.
Екі тараптың екі жаққа да пайдалы әңгімесінің бір түйінінде Берік Оспанов бұрынғы фосфор зауыты жанындағы өнеркәсіп аймағынан поляк кәсіпкерлеріне бизнес құрылымдарын ашуға кеңес берді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.