Көпшілік қауымның пікірінше, жасампаздықтың ең басты бейнесі тазалық пен реттілікте анағұрлым шынайы, анағұрлым жарасымды көрінеді. Көзге сүйкімді көрінетін сол бір жасампаздық Астанаға лайықтап айтылғандай десек, ешкімнің де таласы бола қоймас. Сол үшін де елордалық тұрғындар қашанда болмасын бас қаламыздың тазалығына айрықша көңіл бөледі. Өткен аптаның соңында болған жалпықалалық сенбілік те бұл айтқандарымызға толық дәлел бола алады.
Сенбілікке елордалық тұрғындардың бәрі белсенді қатысты. Президент Әкімшілігі, «Нұр Отан» ХДП, Премьер-Министр Кеңсесі, Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары, Астана қаласының әкімдігі бастаған барлық мемлекеттік органдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, барлық сауда-орындарының қызметкерлері қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын бір кісідей атқарып шықты. Сенбі күні елорда бұрынғысынан да өзгеше бейнеге еніп, қаланың белсенді қозғалыс ырғағы әлдеқайда жылдам жүре бастады.
Сенбіліктің ұйымдастырылуы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бекіткен Бүкіләлемдік жер күніне тікелей байланысты. «Жасыл жапырақ – Зелёный лист» акциясының аясында өткен сенбіліктің республиканың барлық аймақтарында өткізілуінің де өзіндік мәні бар.
Астананың тазалығын ғана емес, оның көгалдандыру жұмысының да орны өзгеше. Сол үшін де жылдағыдай биыл да ағаш отырғызу дәстүрі өз жалғасын тапты. Мәселен, қаланың Сарайшық көшесінде Президент Әкімшілігі, «Нұр Отан» ХДП, Премьер-Министр Кеңсесі, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілдері, Күйші Дина және №39 көшелерде шетел мемлекеттері елшіліктерінің дипломаттары, «Арай» саябағында – Жоғарғы Сот мүшелері, «Бәйтерек» монументінің алдында – Бас прокуратураның қызметкерлері көшеттер отырғызып, әр аумақтың тазалығына өздерінше үлес қосты.
Ал Астана қаласының әкімдігі болса биылғы тазалау мен абаттандыру жұмыстарын қаланың шет аудандарындағы аймақтардан бастады. Сенбілік пен айлық шеңберінде отырғызуға дайындалған 4307 ағаш пен 25 мың бұталардың басым бөлігін Көктал-1, Көктал-2 саябақтары мен аллеяларында және басқа да қала орталығынан тысқары жатқан аудандарда егу жоспарланып отыр. Қаланы абаттандыруға шағын және орта бизнес субъектілері қызметкерлері белсенді қатысып, Астана қаласы әкімдігінің 30 сәуір күні жасыл желек егу жөніндегі үндеуіне қолдау көрсетуі биылғы жылдың басты жаңалығы болды. Осы мақсатта «Астана-Көгалдандыру» АҚ 2240 көшет дайындап қойды.
Биылғы елордадағы сенбілікке 80 мыңнан астам адам шықса, 300-ден аса көлік пен өзге де арнайы техникалар жұмылдырылды. Биылғы тазалық айлығында 190 лас орын мен 1285 текше метр қоқыс шығарылып, жиылған үйінді толығымен жойылуы тиіс.
«Алдағы 3-4 жыл ішінде елорда халқы 1 миллиондық межеге жетіп қалуы ықтимал. Біздің елде ішкі миграция өте белсенді жүруде. Жыл сайын қаламызда 50 мыңға жуық адам тұрақты тіркеледі. Бүгінгі таңда елордада 800 мыңнан астам тұрғын бар. Бұл мәселе біздің көңілімізді қаладағы, бірінші кезекте, әлеуметтік нысан құрылыстарына үлкен мән беру қажеттігіне аудартады. Былтырғы жылдың өзінде Астанаға 3 мыңнан астам мектеп жасындағы балалар келген. Сол үшін де мектеп пен балабақшалардың мәселелері бәрінен де бұрын тұруы тиіс. Ал 2020 жылға дейін қалада 38 мектеп салынуы тиіс. Осы бағдарлама шеңберінде біз жұмыс жасап келеміз. Елордада үш аусыммен оқитын мектепер әлі де болса бар. Екі-үш жыл ішінде бұл мәселенің де басы ашылуға тиіс», – деді И. Тасмағамбетов журналистерге берген сұхбатында.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
-----------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.